"Мұң сыйладың-ау, бір құшақ!.."

"Мұң сыйладың-ау, бір құшақ!.."

Наурызбек Сарша – 1992 жылы 21 наурыз күні Жамбыл облысы Жамбыл ауданының Шайдана ауылында дүниеге келген. Бүгінде Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде филология мамандығының білімгері. Облыстық, республикалық бірнеше жыр мүшәйрасының жеңімпазы. Бұқар жырау атындағы арнайы сыйлықтың иегері. Өлеңдері түрлі республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланып келеді.

Жыла, жаңбыр

Бәлкім, сірә, адасқан мына жаңбыр,
Бойжеткенге ұқсайды жылаған бір.
Жүрегімнің көз жасы секілденіп,
Жыла жаңбыр, тағы да жыла, жаңбыр.

Жыла, жаңбыр!
Төгілші тиылмастан,
Әрбір тамшың түзілген түйір жастан.
Гүр-гүр етіп күрсінер кей кездері,
Менің де сен секілді күйім қашқан.

Бүркеніп ішке тықпа өксігіңді,
Қарды емес, өзіңді жер көп сіңірді.
Мен де шертем мұңымды сен де маған,
Алдыма тамшылатып төк сырыңды.

Тамшысымен төгілген сор мұңдары,
Толқытып көңілімді қор қылғаны.
Адасқан сол жылауық жауындай боп,
Мен де таппай жүрмін-ау орнымды әлі.

Биылғы жыл шатасып дауланған жыл,
Қаңтарда қар көрмедім ауламнан бір.
Келер жылы тағы да келер ме екен,
Қыс кезінде адасып жауған жаңбыр…

Жыла, жаңбыр, тағы да жыла, жаңбыр…..

Жетім бақ

Сен кеткенсің
Дендеген дертім қалған,
Еліктей қыз, қайдасың еркімді алған?
Мен тұрған маң мұңыма масаңданып,
Салтанатын табатын сен тұрған маң.

Жеңілтек жел басылмас желігі ептеп.
Жаныңды жүруші еді төңіректеп.
Сағағынан үзілген жапырақ та,
Аяғыңа құлайтын еңіреп кеп.

Сығып алып көз жасын сыралғы бақ,
Біз жоқпыз ғой…
Булығып тұрар жылап.
Барар едім… бетім жоқ,
Сыртта жүрем
Жалғыздықты жаныма сыңар ғып ап.

Біз сондаймыз,
Сезімге сараң жанбыз,
Мен де кетем,
Жетім бақ қалар жалғыз.
Жолыңды қарамауға серт еткенмін,
Жанымды жаралауға жаралған қыз

Естимісің???

Сары гүл

Аласармайтын арманы,

Сағыну жалған заңы бұл,
Үйіңде сенің бар ма әлі,
Мен теріп берген сары гүл?

Шалынар көзге шалғайдан,
Нәзік ең, нәркес гүлге тең,
Сағынышымдай сарғайған,
Сары гүл солмай тұр ма екен?!

Өзіңе деген антым бұл,
Айналып кеткен түп гүлге.
Сезімі деп сары ақынның,
Су құйып баптап күттің бе?!

Болайын сенің кең далаң,
Кеудеме өссең гүл құсап.
Гүл сыйлап едім,
Сен маған,
Мұң сыйладың-ау, бір құшақ!

Соры ма бастың бағы ма,
Үлгердім саған гүл беріп.
Айта алмай қалдым тағы да,
Тілінгір тілім күрмеліп.

Білдірмесем де бәрібір,
Кеудемді менің кезді үміт.
Қолыңда тұрды сары гүл,
Сезімді тілсіз сездіріп.

Аласармайтын арманы,
Сағыну жалған заңы бұл.
Үйіңде сенің бар ма әлі,
Сары ақын берген сары гүл?!

Қоштасу

Тағдыр енді біздерді қоспасы анық,
Қайтеміз жанға қаяу босқа салып.
Үтірлі үміттерге нүкте қойып,
Енді біз де, қалқам-ау, қоштасалық.

Көктем соңы ұласты қара күзге,
Сенде менен жырақ бол хабар үз де.
Жазылмас жара салған жанымызға,
Жазмыштың жазуына шарамыз не?!

Келіп еді сертіңе айналғым-ақ,
Құрбан болды арманым айдан құлап.
Сен бақытты боларсың өзгеменен,
Мен бақытты болам ба?
…Қайдам, бірақ…

Бақытыңа, бағыңа тілекшің-ем,
Тілекшің боп дәл мендей кім өксіген.
Неліктен сенің сәби жүрегіңді,
Жүрегімнен жұлуға жүрексінем?!

Жапырақтай жүректі желдей жұлып,
Кетіп-ең, паң басымды жерге идіріп,
Сеңгір-сеңгір сезімі сеңдей жібіп,
Сені де сүйер ме екен мендей жігіт?!

Қош айтып сені сүйген сол жігітке,
Соңғы нүкте қоярсың сорлы үмітке.
Қош, ендеше, жазылған өзің жайлы
Жырыма да қойылды соңғы нүкте.

      Қош!!!                    

Жазғы таң

Алакеуім. Сейілді қараң аумақ,

Алтын нұрға алғандай далам аунап.

Алмадайын көрініп көкжиектен,

Алқызыл күн келеді шала лаулап.

 

Көрінді күн жамылып нұр шапанын,

Көркем деп ойлаппын ба мұнша таңым?!

Көрпесін серпіп жердің періштелер,

Көктен төмен шашып жүр күн шапағын.

 

Тамызғы шақ...  білінді таң шығыстан,

Тамған жасқа жердегі тамшы құштар.

Тамырымды иітіп бара жатыр,

Тамылжытып сайраған әнші құстар.

 

Мең-зең қылған күтемін уақыттан не?

Мен отырмын меңіреу батып халге.

Мекендеген мөлдір шық шөптің басын,

Меруерт пе, лағыл ма, жаһұт па әлде?!

 

Таңғы самал не деген тартымды еді,

Тандырды естен өпкен сол салқын лебі.

Таңдандырып таңымның табиғаты-ай,

Таңып койды сезімге бәлкім мені.

Қалаға нала

(немесе 1 курс білімгерінің базынасы)

Пейілі кең пенделерге бұл шаһар,

Мейірімі маған неге мұнша тар?!

Арманымды артпас па едім білгенде,

Бармағымды тістетерін бұл сапар.

 

Тас қалада тарылып жүр тынысым,

Баспанаға жарыған күн – құрысын!

Туыстардың жағаладым үйлерін,

Қуыстандым бұрышын.

 

Ауылымның бауырынан ығыстым,

Жауыр қылып құлағымды жымысқы үн.

Басқа амалым болса егер де айт, өмір,

Қас қабағын қарайлаймын туыстың.

 

Тілім нанның қадірін көп түсініп,

Білім де алдым желігімді ысырып.

Таңдайыма зәр-заһарын татырды-ау,

Маңдайыма Тәңір талқы ұсынып.

 

Жылуыңды суығыңнан аз көрдім,

Сұлуыңды сүйіп қалып мәз болдым.

Кеуде керген сәлем алмай көшеңде,

Пенделерден қалып біткен әз көңлім.

 

Қайда барсам шешілмейтін көп түйін,

Көп түйінді шешетұғын жоқ күйім.

Соққандарға соққы беріп үйрендім,

Сотқарларға бергенім жоқ көк тиын.

 

Көрер жазам кеңірдектен асты деп,

Өлең жазам өңешіме жас тіреп.

...Бір бейбақтың базынасын кім тыңдар?

Тас қала ма – таскерең?

Тағдырым ба – тас жүрек?

 Шаршадым...

                   *      *      *

                                    «Өкпеледің сен маған өкпешілім.

                                           Өкпелеткен маған да жоқ кешірім...»

                                                                  (жыртылған өлеңнен)

Өлердей сонда өкпелеген ең

Сезімді кешпей меңдеткен

Өкпеңе жазып көптеген өлең,

Өзімді кешпей мен кеткем.

 

Мендегі құс-жан өлермен мүлде,

Қанатым талай қырқылған,

Жалынды құшқан Өлеңмен бірге,

Жаным да талай жыртылған.

 

Хатқа да тіздім халімді мүшкіл,

Достыққа жалғыз жыр берік.

Жыр болып мен де жалынды құштым

Жанымды құшты мұң келіп.

 

Төзіп келемін көз ілгенім жоқ,

Көзілген күні, дегенмен,

Төгілем сонда көзіңнен мұң боп,

Төгілем сонда, сенем мен.

 

Сезімімді ақыр мойындап менің,

Өкінсін, жүрек, өкінсін!

Қойныңнан түспей қойын дәптерім,

Жырымды жастап оқырсың.

 

Жамылып мұңды жаның құсалы,

Өкініш өбіп бетіңді.

Жаныңды сонда жалын құшады,

Жыртылған өлең секілді.

* * *

Мен сені түсінемін

Бұйығы бақ.

Бұйығасың, қайтесің, амал барма?!

Күрең жолға үмітің жиі құлап,

Жаның жатыр тапталып табандарда.

 

Жапырақтар

Жылайды үдеп

Өз басына көз жасы татымай түк.

Құлдыраңдап құрдымға құлайды кеп,

Құлайды кеп ғапылға бақұл айтып.

 

Мен сені қалай ғана жұбатармын?

 (Мені де жұбатқан кім?)

Құлап бардым алдына құба талдың,

 Жұбатар ма деп едім..

Жылап қалдың.

 

Үстінде атыраптың

Сыңсып аспан тұрады тыншымастан.

Мен дағы бір тағдырлы жапырақпын,

Беймезгіл бүршік ашқан.

 

Табандарда тапталып жаның талай

Бұйығасың, қайтесің, Бұйығы бақ

Ақыл айту, әрине, әркімге оңай,

Бақұл айту, қашанда қиынырақ.

Мен сені түсінемін...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: жеке мұрағат, blogspot.com, shalimoff.com

А. Құлтай