"Ақынның бәрі әнге сөз жаза алмайды" – Нұртас Тұрғанбекұлы

"Ақынның бәрі әнге сөз жаза алмайды" – Нұртас Тұрғанбекұлы
Фото: massaget.kz

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету – бүгінгі бір міндетіміз. Қазақстандық жазушылардың әдеби шығармалары мен туындыларын қолдау да зор маңызға ие. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: "Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз" - деген еді. Бұл біздің шығармашылық жұмыстар мен әнімізден де көрініс табуы тиіс. 

Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде қазақ мәдениеті, оның ішінде қазақ музыкасы да сан түрлі құбылды. Эстрада түсінігі қалыптасып, ел елеңдейтін туындылар да жарыққа шығып келеді. Ал соны кімдер жазып жүр? Әнге сөз жазу қиын ба? Мән-мағынасы жоқ әндер неге көбейіп барады? Бұл жайында бізге ақын Нұртас Тұрғанбекұлы әңгімелеп берді.

30 жыл ішінде қазақ поэзиясы бірнеше буынмен толықты. Солардың басы тәуелсіздікпен тел өскендер. Сол қатардағы талантты, талғамы биік ақындардың бірі – Нұртас Тұрғанбекұлы. Ол 1993 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің филология және әлем тілдері факультетін бітірген. Республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. 2018 жылы Төлеген Айбергеновтың 80 жылдығына орай мерекелік медалімен марапатталды. 2019 жылы Жұмекен Нәжімеденов сыйлығының және Елбасы қорының ұйымдастыруымен өткен «Алтын тобылғы» әдеби байқауының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Нұртас бүгінде әнге сөз жазып та танылып жүр. Ақынның сөзіне жазылған әндер халық арасына кең таралып келеді. Оның көпшілігі махаббат тақырыбында десек те болады. Ол қатарға «Мазаламайын», «Сезімді қайтейін?» (екеуін де орындайтын - Қ. Үмбетов), «Дәурен-ай» (М. Жүнісова), «Бұл менің тағдырым» (Н.Абдуллин), «Қоштаспай-ақ кетейік» (Е. Оспан), «Қауырсын көңіл» (Р. Майғазиев), «Қазағым алға» («Жігіттер» кв), «Күн-айсың» (Н. Әлімжан) және «Мен сені ұнаттым» (Н. Қуаныш) сынды әндерді қосуға болады.

Әнге сөз жазу да – өнер. Екі ақынның бірі әнге сөз де жаза алмайды. Ертеректе композитор өлеңді оқып барып ән шығарса, қазір көбіне керісінше. Ән дүниеге келіп, сосын оған сөз жазылады. Мұны Нұртастың өзі де жоққа шығармайды.

Ақынның бәрі әнге сөз жаза алмайды. Себебі, әннің буынына түсу бір бөлек, оның табиғатын аша білу, ол, тіпті бөлек әңгіме. Көбінесе жазба ақындар күй талғайды, сол үшін де тыңдап отырған әнге қандай мәтін керек дейтін ой мен соны бірден туғыза білу қиын. Одан қарағанда ішінде толысып, тағыны жетіп тұрған поэзиясын жазған жеңілірек, - дейді ақын.  

Әннің жұрт көңілінен шығуы – композитор мен ақынның шығармашылық байланысына да келіп тіреледі. Нұртас та осы ойды құптайды.

Кезіндегі Шәмшілер қайда дейтін сауал туындауы қазір заңдылық. Дәл сол кездегідей буын қазір де бар, тек тыңдарман өзгерген. Ал авторлардың қателігі тыңдармандардың талғамымен санаса отырып шығармаларын туындатуы. Керісінше шығарма арқылы тыңдарман мен оқырманның талғамы өсуі керек емес пе?! Сондай-ақ, бізге дәл қазір жетіспейтін бір нәрсе бар, ол композитор мен ақынның байланысы. Осы байланысты үзбей үздіксіз еңбектенсе өміршең шығармалар дүниеге келер еді, - дейді.

Қазіргі жас әншілердің әндері де өзгеше. Кейбірінің сөзі мен айтар ойын ересектер түсінбеуі де мүмкін. Ал ол араға орыс пен ағылшын тілін қосып айту қаншалықты керек дүние? Оған Нұртастың көзқарасы қалай?

Қазіргі ән мәтіндеріне қарасаңыз орны толмайтын олқылықтар жетерлік. Әй дегенің әуен, ей дегенің өлең болды. Абайдың «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, Ол ақынның білімсіз бишарасы» - дегені далада қалған кезеңге келіп жеттік. Астарын ашсаң алмағайып күйге бөлейтін, жаныңды қопарып, жалыныңды үрлейтін қазақтың сөзіне әр ұлттың бір сөзін, яғни, қазіргі тілмен айтқанда «жаргон» сөздерді қосу арқылы жастарға өтімді боламыз дейтін жетім көңілден шыққан желөкпелік біразынан табылады. Табылатыны сол жарыққа да шығып жатыр. Өнер деген өлерменнің емес, еркін көсілетін тұлпарлардың бәйгесі. Тұлпар – қазақы танымда тазалық пен дала мінезінің үйлесімділігі. Асқар Сүлейменовтың сөзімен айтқанда «Кем талант мүмкіндігінше, Шын талант қалағанынша жазады», - деген.

Нұртас ақынның поэзиясы – бір әлем. Терең әрі образды ой, мөлдір сезім, тұңғиық пәлсапа, бояуға қанық сурет пен мәнді лирикалық иірімдерден тұрады. Өлеңнің әр жолына сыр жасырған ақынның поэзиясы кез келген оқырманды өзіне баурап алары сөзсіз. Ақын өлеңдерінде ауылдың топырағы, қаланың қым-қуыт тірлігі, өмірдің өкініші мен көңілдің мың құбылған сәттері бар. Бұл жайында өнердегі ұстазы ақын Бақыт Беделхан былай дейді:

Ардың жүгін арқалаған, тағдырлы інім... ...өзің де жақсы білесің, сөз құдіреті – Қазақтың өз құдіреті. Ал, «Өлең – сөздің патшасы...». Сөз патшасымен тілдесіп, сырласып, оның тылсым дүниесіне өзіндік мінезіңді жүздіру – жасампаздықпен қалыптасатын нәрсе емес. Ол – «..мен болған жоқпын,жаратылдым...» деп, жан сырын ақтарған Мұқағали сынды ақын боп туу – жаратылу екенін, былайғы есті жұрт та білсе керек. Өлең қуалағанның бәрі ақын боп кетпесі анық қой. Сөздің жанын ауыртпай, өлеңнің өр рухын асқақтата білу де азаптың азабы екенін ақын-жүрек сезінеді. Әйтпесе, өлең жазғанның маңдайын солқылдатып, тақпақ жазғанның таңдайын тақылдатып қоя ма, бұ Құдай?...

2016 жылы ақынның «Мен емеспін...» жыр жинағы жарық көрген. Бүгінде екінші кітабына да жүк болар туындылары бар. Жарыққа шығып, оқырмандарын қуанта беруіне тілектеспіз.

Н. Үсенова