Абылайхан Мақсұтов: "Биыл сәуір тым суық, ай қаралы"

Абылайхан Мақсұтов: "Биыл сәуір тым суық, ай қаралы"

Бүгін Массагет порталы жас ақын Абылайхан Мақсұтовтың бір топ сиясы кеппеген өлеңдерін ұсынады. 

Мақсұтов Абылайхан Берікұлы 1995 жылы 28 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Қадырқұл ауылында дүниеге келген.

Сәуір өтіп барады

Сезесің бе, қарылғаш?
Биыл сәуір тым суық, ай қаралы,
Сәурік-өлең азынап, жай табады.
Қара өлеңнен жүк артқан қара нарлар,
Байқадың ба?
О, қалай найқалады?!

Болмысы да тым ерек жүрісі де,
Солар еді қазақтың ірісі де.
Жасын төкті солқылдап дәруіш бұлт,
(Пендесінде Құдайдың жұмысы не?)

Шайыры көп жыр-шәрі — жыр-Алматы,
Жыр-Алматы — жайқалған гүл Алматы.
Алатау тұр қабарып, есеңгіреп,
“Жәркен көкең өлді” деп тұр Алматы.

О дүниеге бет алып Көктөбеден,
Жұпар аңқып, баурайда көктеп өлең.
Құс біткенмен қоштасып біздің шалдар,
Аспан жаққа көшеді көктемеде.

Өтті өмірден Есағам “піріміз” боп,
Жабырқадық, лауламай түрімізде от.
Керенау бақ...Шуылдап қалды құстар,
Ал, құстарды түсінген біріміз жоқ.

***

Көкте бұлттар құлындай тебініскен,
Мұңайды аспан тарқатып шерін іштен.

Пәрменіне Тәңірдің бағынышты,
Солқ-солқ етіп жылайды дәруіш бұлт.

Бәрін сырттай бақылап... Құдай үнсіз,
ал, адамдар қалғиды уайымсыз.

Табиғаттың таң қалып тылсымына,
Құлақ түрем тамшылар тырсылына.

Сіңіп кетер тағдырдың жыр ғып әйгі,
Тереземді дамылсыз ұрғылайды.

Телміремін... Торығып көңіл ұдай,
Сырғып жатқан тамшыдай өмірім-ай!

***

Бақытымды тәрк етіп бастағы әйбәт,
Кер бестімді кетіп ем қосқа байлап.
Өліарада тыя алмай өксігімді,
Өлең сенің жолыңды тосқам айлап.

Бір сендік махаббатты жанға серт қып,
Сыйласыма сырымды таңға шерттім.
Қайың қаптал жігіт боп күлік мініп,
Қыпша бел қылаңдарды алғаш ерттім.

Құлағымды тып-тымық түнге түріп,
Елегізем жұлдызбен бірге тынып.
Теперішің тағдырдың көремін деп,
Арғымақ-жыр!..
Тұяғың жүр кетіліп.

Жұрағатқа арттырып сыйымды ерен,
(көкірегіме ғайыптан құйылды өлең.)
О, қара өлең!
Марғасқа Махамбетсің
қара басы ханға да иілмеген.

Қыр соңымнан ілесіп дәруіш-мұң,
Ажырамас тәнімнен кәрі міскін.
Мезі болған шағымда тас тірліктен
Кір шалмаған аймалар ақ тәніңді,
Ғашығың боп,келеді тағы құшқым
Ғашығың боп,келеді тағы құшқым.
О,өлең!

***

Жер астындағы мұнайың!
Біздің мешкей кей қазақтың,
Көздерін шел бастырып,
"Ұлт" деген ұлы ұғымды,
Тойымсыздықпен біржола алмастырып,
Ұмыттырды Құдайын,
Ағыл-тегіл жылайын...

-десем..

Көз жасымда құрғапты,
О,обал-ақ!
Намысым да тұр үнсіз сөге қарап.
Шытынайтын сәтінде шытынамай,
Шыны мінез сап тындың неге ғана?

Өр рухың лауламай жанып от боп,
Бас қатырмай "жұртымның зары көп" деп.
Жүргеніңде алшаңдап көшесінде,
күллі аруақ жатқандай "лағынет!” деп.

Сыздап жанның жарасы...
Жанарымда күнәсіз жас көп өлген,
Ел сүймеген абырой, қаш беделден.
Жұлдыз ағып түскенде тас төбемнен,
Алқаракөк аспаныңа қарадым,
Беу, Атырау қаласы!

***

Мен ғапыл дүниеден баяғыда-ақ жерінгем,
мекендейтін адамдардан жер бетін.
О, Тәңірім! Мейірімің қайда төгілген?
Қатыгездеу болмасаңшы, сен де тым..

Қара басып ақылынан алжасқан,
Жаңылысқан мен бір сорлы пендемін.
Сөредегі кітаптардай шаң басқан,
Жан дүниеме үңілсенші ен кемі.

Мақпал түннің мәурітінде түңілдім,
Боздады кеп қуыс кеуде, бота мұң..
Жұбата алмас келешегі бұлыңғыр,
Бағы тайған бақытсыздау Отаным.

Көңіліме медеу болар кім менің,
Арулар ма дақ түспеген арына.
Ұлан-асыр той қылсам ба?
Білмедім..
Үр қыздарың шақырып ап жаныма.

"Орнасын" - деп, Мүкәммалды арнап бар,
Жанарымнан жас үзейін дүр ыстық.
Жер астында – шадыман боп аруақтар,
Жер үстінде – сол бір ұлы Тыныштық!


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана
Бүгін үш ойын өтеді