Жұлдыз Молдағали: "Қазақ әдебиетінде қала ма екен ол осы..."

Жұлдыз Молдағали: "Қазақ әдебиетінде қала ма екен ол осы..."
Фото: Жеке мұрағат

Кеше жас ақын Жұлдыз Молдағалиеваның "søзім" атты шығармашылық кеші өтті. Аталмыш кешке ақындар, позия сүйер қауым өкілдері жиналды. Массагет порталы жас ақынның топтама өлеңін ұсынады.

***

кейде,
күлетінім бар айқайлап,
жылайтыным бар еңіреп.
әлем ұсқынсыз. айнала соооондай меңіреу.
мен сүретін планетаның неге Көгі жоқ,
неге тағдырдан қасірет шегем көбірек?!
 
сенің кінәң ба?
мен де көп күнә жасадым.
екіжүзді досымды айтшы. қас - әділ.
құдайға қанша налыдым екен?!
налыдым.
меніңше, оным қылмыс емес қой аса бір...
 
алты құрлықтың аспайтынын-ай өкшемнен,
мен адамдарды көп алдағанмын.
көп сенгем!
өз құдайым ғой қуанып алғыс айтсам да,
өз құдайым ғой өкпелей салып сөксем де...
 
кейде,
мендей ұмытасыз ба ұятты?!
(жаным-домбыра.
ыңырана, мұңлы күй ақты...)
кейде маған әкем де бөтен сияқты,
ақ сүтін емген шешем де бөтен сияқты...
 
жердің бетінде
жалғыз-ақ маусым – Күз деймін.
жапырақ мырза, мені тыңдайды сіздей кім?!
өзімді үңгір, тау, қалалардан іздеймін,
алты жүз беттік кітаптардан да іздеймін.
 
мен адамдардан қашқым келеді,
о, несі?!
(қарашада да өртенер ме екен денесі...
...ол келе ме екен әдебиетіне қазақтың,
қазақ әдебиетінде қала ма екен ол осы...)
 
жолдарды кезем, қыраттарды да жортамын,
келемін басып топырақтың да сортаңын...
мен өзіммен сұхбаттасудан қашамын,
мен өзімді тауып алудан қорқамын...

***
сағат - тілі жиырма : елу бір, тірімін.
мен ғасырдың шықпай қалған үнімін...
жаны жалғыз адамдарды аяймын.
қаааатты аяймын. мен де соның бірімін.
 
мезеттерден жалығамын тек кейбір...
мен ол үшін жаратқанды сөкпеймін.
...төлегеннің сағынышы жетпей жүр...
...ботпановтың жалғыздығы жетпей жүр...
 
тыңдадық па тілім еттің кеңесін?!
басқа салса бәріне де көнесің...
тым ертелеу түсіндім бе бұл өмір –
әжем айтқан ертегідей емесін...
 
өткен көктем неге мені мұңайтты.
адамдар аз шын күлетін жылайтын.
күнді нұрын шашады деп кім айтты?
сырыңды ай сақтайды деп кім айтты?
 
өткен күнге оралмаймыз, қайтпаймыз.
өткен күннен тек естелік сақтаймыз.
кейде айқайлап жылағымыз келеді.
ол туралы ештеңе де айтпаймыз...
 
сағат тілі - жиырма бір (21:00), тірісіз.
сіз ғасырдың жазылмаған жырысыз.
жаны жалғыз адамдарды аяйсыз...
қаааатты аяйсыз, сіз де соның бірісіз...

 ***
күйім көптеу ессіздікке ұласқан...
бұл жұбату – қарын төгіп тұр Аспан.
мейірім де сарқыла ма, ей, құстар,
уақыттың тез өтетіні рас па?!

жақын таппай шын түсініп, бек сенер...
халі мүшкіл көңіл нені көксемек?!
жылы жаққа жылу іздеп “ұшпаймыз”,
осы маңда қалуға да жоқ себеп...

қаңтар жақын, күздің әнін жаттап қал,
адамдар ма жерде жүріп бақ тапқан...
күн суыса, мен құстарды аяймын...
күн суыса, қар жауады. Аппақ қар...

көзімізде сан ғасырлық тұр күйік...
бақытты боп танытып жүр кім кейіп?
сендер ғана жерге қона алатын
ұша алатын сендер ғана тым биік!

тек жазғанды көре ме екен пешене?
мен әйтпесе басқа өмір кешер ем...
не істей алар екенбіз біз, ей, құстар,
“осы жерден жер бітеді” десе егер...

***
мейірі тасып нөсер төктірмес бұлтың кей.
мишығыңызда билеп жүре ме мың түрлі ой?
Хауа-ана, бәлкім, жаратылған жоқ адамнан.
Шыңғысхан өмір сүрмеген шығар, мүмкін ғой?!

ғұмыр екі рет берілген шығар сендерге.
империялар құрылды, мүмкін, бір демде.
Ескендір патша болмаған шығар, мысалы,
жібек жолынан өтпеген шығар керуендер.

сапта шығармыз, тапта шығармыз ең үстем.
рухымыз дәйім жұмақта шығар (келіспе!)
ізгі істерге бастаған шығар Ібіліс,
сол иығымызда отырған шығар періште.

суыған кеуде жылитын шығар ақпанда.
мейірім дәні өсетін болса бақтарда...
өлген шығармыз жердің үстінде жүріп біз.
тірілер шығар жердің астында жатқандар.

адамилықтың сіңірген шығар ғұрпын бой.
а, айтпақшы, бұл ой - емес бір түрлі ой!
осы өлеңді әлі жазбаған шығармын,
сіз де ешқашан оқымадыңыз. (мүмкін ғой.)

 ***
ертең махаббаттың жаназасын шығарамыз...
ертең күн суық болады...
автобус іші...
трамвайдың... мекеменің де...
жаураймын ба екен?
мұздап қап... жөтелемін бе...
ыстық шайды ұрттап ап, отырамын ба
бозбалаға бір кезгі еркелегім кеп...

ол да мені сағынып жүретін шығар...
қайтеді көргісі келсе...
хат жазар мүмкін?!
қоңырау шала ма екен?
қаңғырып жүрген тағдырым
қалаға бөтен...
мен уақытты өтеді деп ойлаған жоқпын.
мен бақытты мәәәңгі деп санаған екем...

шарасыздық па төзімді сынай беретін...
ең мұңлы ән қосулы.
ең мұңлы адам шырқап тұр оны да бәлкім...
- көзіңіздегі от сөніп қалыпты...
- жылаған жоқпын...
(жыладың ба деп ол тіпті сұраған жоқ-ты...)
мен нені жасырғым келеді өзімнен?!
бір адам жерді қимайды...
аңсап жүр бір адам көкті...

құдай жөнінде ойларым қырық құбылып...
сәттерден неге естелік қалмай барады?
біреудің сенімін ақтағым келеді...
біреуге сенгім де...
мен ауыр ойларды...
қатені... күнәні... кінәні...
көтеріп жүремін...
мені де көтеріп жүреді жер күнде...
мен осы ғаламға
өзімді тануға келдім бе?
өзімді табуға келдім бе...

күз өтіп кеткендей. қыс та ертең өтеді....
о, тағы алданыш етеміз біз нені?!
о, тағы қаламыз келетін күндерге
үүүп-үлкен арманды мақсат қып...
көшкен бұлт. көшкен мұң. көшкен ел.
өзінен қорқатын өзімнен сескенем...
бәрі де баяғыдай
баяғыдай көрпенің астында көзіңнің жасына булығып жатасың...
өмірдің заңы екенін барлығы
құдайдың жарлығы екенін барлығы
шамаң жоқ ескерер..
шамам жоқ ескерер...
(мысалы, жұмыстан кеш келем...)
күз өтті ештеңе өзгертпей.
өтеді дәл солай қыс та осы.
жаздан да жоқ қайран...
күтпеймін сондықтан көктемнен ештеңе...

 ***
бұл – біздің жанымыз алданыш етіп жүрген жалғыз Алматы.
ал анау – сіздің армандарыңыз тәрізді көрінген Алатау.
қазақ қоғамында отбасыны асырап отырған – көп ана...
арзандап кеткен сезімдер...
қымбаттап кеткен бағалар...
және газет бетінде ғана жүзеге асып жатқан жобалар...
мысалы,
маған телефоныңыздағы сөйлескіңіз келетін нөмірдің иесі туралы айтуыңызға болады.
...кешіріңіз,
сізді бірге жылауға шақырсам бола ма?!

…бах.
месса си минор.
мынау сізге ұнайтын ән ырғақ.
алпыс екі қан тамырыңмен қабылдап.
көз жасыңды көлдетіп ал да бір жыми
себебі біреу
еркіндікті сүйеді сенің жаның да.
еркіндіккке мүмкін емес қой табынбау!
...ұйықтауға 10 минут уақыт қалғанда
бір ой мазаламай ма, мысалы:
сіз қашаннан барсыз тобырда?!
сіз қашан шығасыз тобырдан...!?

өкініш пен сағыныштың арасы неге тұрады алшақ?!
есіңізде ме
бозбалаға бойжеткен боп ұнаған шақ?!
есіңізде ме
бойжеткенге бозбала боп ұнаған шақ?!
...сіз Алматы қаласында тұрасыз?
есіңізде ме еңсе езіліп құлаған сәт?
жасалды күнә қанша?!!
біз осының бәрін ойлап егілдік біраз егілдік,
адамға сол ғой керегі,
аадамға сол ғой керегі...
... мені жұбату үшін әрдайым шақыруыңызға болады, адам!
...келесі жылағанша!
келесі жылағанша!

***
айнадағы мен емеспін.... емеспін...
құлағым ба сәтсіз жайды тек естір?!
мен адамның бәрі адал деп келдім,
мен адамның бәрі жақсы деп өстім...

кешті батыр, мейлі, әрең таңды атыр...
қанша тағдыр құламақ боп жарда тұр...
жүрексіз боп кетті неге адамдар?
сұрықсыз боп кетті неге алматы?!

неге ешкім айта алмай жүр ештеңе?
күзде қалған естелігің есте ме?...
(алматының аспанында ай бар ма?)
жеткізбей жүр жағаға да еш кеме...

..әділ деген құдай қайсы? құдай кім?
бұлт көше ме? жұлдыз неге құлайды?
...сен бір күні өлемін деп жылайсың...
мен құрбыны жұбата алмай мұңайдым...

айнадағы сен емессің... (көмескі үн.)
ай да оған кінәлі емес... емес күн...
сен де адамның бәрі адал деп келдің,
сен де адамның бәрі жақсы деп өстің...

балалық қайда?

Т. Раушанұлы