Мұқағали Мақатаевтың эстрадада айтылып жүрген әндері

Мұқағали Мақатаевтың эстрадада айтылып жүрген әндері
Фото: infourok.ru

Көгілдер экраннан көрсетіліп жүретін бейнебаяндардың ішінде елімізге танымал әнші-сазгерлер Жұбаныш Жексенұлы мен Елена Әбдіхалықова айтатын "Есіңе мені алғайсың" әні жүрегімді баурап, ерекше сезімге бөлейді.

Мұндай сезімге жаңғыз мен емес, әнсүйер әрбір адам бөленетін шығар деп ойлаймын. Өйткені бұл қазақ поэзиясының символы атанған Мұқағали Мақатаевтың  өлеңінен туған ән.

     Дүркіреп тұрған көктемде,

     Сіркіреп нөсер өткенде,

     Күркіреп жатқан бұлтты

     Найзағай шаншып өткенде,

     Есіңе мені алғайсың.

 

     Қазбауыр бұлттар маңғанда,

     Орманға  жазда барғанда,

     Арманда мені, арманда!

     Оңаша жаңғыз қалғанда.

     Есіңе мені алғайсың.

 

     Қараша келген шақтарда,

     Құлазып тұрған бақтарда.

     Қурайлар сыңсып жатқанда,

     Жапырақ жайрап жатқанда,

     Есіңе мені алғайсың.

 

     Ақ ұлпа жерді жапқанда,

     Ағаштар сырға таққанда.

     Бозарып атқан ақ таңда,

     Бозарып тұрып ақпанда.

     Есіңе мені алғайсың,

    Есіңе мені алғайсың! - деген жыр жолдары ақын болмаса да, поэзияға жаны жақын жандардың қай қайсысын болмасын тебірентпей қоймас.

Бұл өлеңнің  артында Мұқаңның өте тағдырлы сыры жатқанын оқырманның бірі білсе, бірі білмейтін шығар. Жарық дүниеден  небары 45 жасында кеткен ақын науқастанып жүрген кезінде 1975 жылы  Нұрғиса Тілендиевтің үйіне келіп, бір айдай жатады. Екеуі бірлесіп қазақ эстрадасының сүйікті шығармаларына айналған бірнеше әндерді жазады.  Досының үйінен кетерінде Мұқағали  Нұрғисаға  айтпастан "Аға, менің науқасым асқынып барады. Енді қанша ғұмырым қалғанын қайдан білейін. Мынаны оқып, есіңізде сақтап жүргейсіз" деп жазған хаты мен өлеңін қоса қалтырып кеткен екен. 

Нұрағаға Мұқағалидың қазасы қатты батады. Өзі де ауырып қалып, екі айдай емделіп жатады. Ал досы әрі інісіндей болып кеткен  Мұқаңның хаты мен өлеңін екі ай өткенде, емханадан үйіне  оралғанда бір-ақ көреді.  Сөйтсе,  өлең бұдан көп жыл бұрын сонау 1966 жылы жазылған екен.

Нағыз талант тасада қалмайды. Музыкасын сазгер Елена Әбдіхалықова жазған бұл тағдырлы ән қазақ эстрадасының алтын қорына қосылды. Ал ғажайып әнді ең алғаш рет орындаған халқымыздың аяулы қызы, "Қазақтың Ақбаяны" атанған марқұм Мәдина Ералиева екенін баршамыз білеміз.

Асылы, ақынның өлеңдеріне жазылған  әндердің қай қайсысы болмасын тағдырлы сырға, сүйініш пен мақтанышқа, махаббат пен мұңды сезімдерге толы болып келеді.

     Қош енді, қош бол, күрең күз!

     Күрең мұң саған жібердім.

     Күлер ме деп ем, түнердің,

     Білермін, қалай, білермін?!

     Күп-күрең менің реңім,

    Қош енді, қош бол, күрең күз! – міне бірінші болып Мәдина айтқан әйгілі "Күрең күз" әні  жүректі осындай сезімдерге бөлейді. Өкінішке орай, бұл ән аяулы әнші қызымыздың өміріндегі соңғы күз болған еді. Қазір бұл әнді "Жігіттер" тобы тыңдарман қауымды  өте тебірентерлік көңіл-күйде орындап жүр.

Егер ақынды адамзат тағдыры, халық тағдыры, оның армандары мен үміттері, қайғысы мен мұңы алаңдатпаса, онда мұндай поэзияның ғұмыры ұзаққа бармайды, алғашқы күн шуағының  қызуына шыдамаған қар сияқты еріп кетеді.     

Испания елінің әйгілі ақыны, драматург әрі   музыкант Федери́ко Гарси́а Ло́рка былай деген екен: "Ақын болу – ең мұңды бақыт... Шынайы поэзия – бұл махаббат, батылдық, құрбандық... Басқаның бәрі есепке енбейді, тіпті өлім де".  

Мұқағалидың өлеңдерін оқып отырып, ақынның Гарсиа Лорканың айтқандарын   өте жақсы білгенін, терең сезінгенін аңғарасыз.    Ол  өзгеше әсемдік сезімі мен дарынды қабілетке ие нәзік жанды лирик ақын болды. Мақатаев поэзиясының негізгі көңіл-күйі – жан-дүние сілкінісінің көңіл-күйін, туған өлке табиғатына, махаббатқа, өнерге, естелікке, армандарға деген  құмарлықты білдіреді. Тек білдіріп қоймайды, бұл көңіл-күйлер оның жырларының басты эмоционалдық мазмұны болып табылады. Ақынның туған жері мен еліне, туған тіліне деген махаббаты шексіз  болды.

    О, дәурен, неткен ғажап сүйікті еді!

    Жайылған жасыл маңда киіктері.

    Отырған оңашада, биіктегі,

    Таңғы самал жататын сүйіп мені.

 

     Ойнатып омырауда таң самалын,

     Мен алғаш шыққан күнді қарсы аламын.

     Мәңгілік сол биікте қалып қоймай,

  Несіне бұл тірлікті аңсағаным?! – деп туған жерге деген сағынышын  маржан сөздермен өрнектеген Мұқағалидың  өлеңдерінен оқи отырып, өзін  нағыз ақынға тән  жаны нәзік, сезімі шынайы, рухы мықты екендігін жеткізе білгенін аңғарасың. Мұқағали үніндегі тазалық пен айқындылық, адам сезімдерінің тұңғиығына бойлай білу мен сезінудегі қарапайымдылығы позиямен етене таныс кез келген оқырманды таңқалдырады деуге болады.

Жаратылысында асқақ үнді, өршіл мінезді болған Мұқаң поэзия әлемінде өзіндік орындары бөлек тұрған тұлғаларды да айырықша құрмет тұтып, олардың ақындық талантына табына білді, шынайы ықыласымен бағалады.  Қазақ поэзиясында есімі ұмытылмас орын алған Қасым Аманжоловқа:

    Дейсіңдер-ау, Қасымның несі басым?

    Қасым олай болмаса, несі Қасым!?

    "Ақынмын" деп қопаңдап жүргендердің,

    Әммесінен Қасымның несі басым!

    Қуат алып жырына бәз-даладан,

    Ол жанған.

    Күні жоқ-ты маздамаған!

    Өлісінде өнеге болғаны  анық,

    Тірісінде біреуге жазған Адам..."

    Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,

    Өлеңінің өлмеуін арман қылды.

    Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,

Қан мен жас аралас тарлан жырды,- өлең жолдарын арнаса, авар халқының ұлы ақыны Расул Гамзатовты былай деп әспеттеген:

      Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай,

      Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.

      Расулдай...

      Бағым да жүр ашылмай,

      Құсбегінің қолында лашындай.

      Танылмаса сырымен, қырыменен,

      Танылмай-ақ кетсінші құрып өлең!

      Расулдай мен-дағы жырлар жазсам,

      Расулды тонаған ұры дер ең...

Мұқағалидың өлеңдерін ерекше сүйіп оқып, жоғары бағалаған  тәжік  ақыны Сафар Абдулло өз ойын былай деп жеткізіпті: "Нағыз поэзия – құдіретті құбылыс. Қарапайым адам да өз ойын айтуға және жазуға құқылы. Бірақ қайталанбас, мәңгілік ұлы Мәртебелі Поэзия Құдайға тиесілі.  Өлең жазатын әрбір адам мына жалған дүниеде үнемі айтыла жүретін жыр жазбайды, тек Құдыреттің қолы тиген ақын ғана жер бетінде жоқ тазалықтағы шынайы лирика тудырады. Мен үшін Мұқағали Мақатаев осындай ақын, оның поэзиясы өткінші ғұмырлы бізден соң да  өмір сүретіні сөзсіз". 

Өте тамаша әрі ақиқат айтылған сөз! Мұқаң халқына, қалың оқырман қауымына  уақыт пен кеңістікке бағынбайтын, барлық жерде, барлық кезде өмір сүретін поэзиясын қалтырды. Өз басым Мұқағалиды мақтан етіп, оның қайталанбас өлеңдеріне барынша табынамын.

Болат Сағдаұлы

Қ. Слямбек