Алматыда ақын Файзолла Төлтайдың кітабы жарық көрді

Алматыда ақын Файзолла Төлтайдың кітабы жарық көрді
Фото: massaget.kz

Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында ақын Файзолла Төлтайдың Стамбұл қаласындағы Maur баспасынан жарық көрген "Қос есіктегі түстер" атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға ақын-жазушылар мен оқырман қауым қатысты. Кеш тізгінін жазушы Досхан Жылқыбай ұстады.

Таңат Нұрғазиев филология ғылымдарының докторы, жазушы: "Мен Файзолланың өлең жазу сәтіне, қалай еңбектенетініне Түркияда жүріп куә болғанмын. Оның сол кездегі ізденіп жазған өлеңдері кітап болып шыққанына қуанып отырмын. Мәселе көлемде емес. Тарихта бір өлеңмен де қалуға болады немесе 100 том жазып та қалмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан, Файзолланың өлеңдерінің ғұмыры ұзақ болсын".

Жақсылық Қазымұрат ақын, жазушы: "Файзолланың аталмыш жинағы жаңа поэзияның басы болсын. Соның бір алғашқы жыл құсы болсын. Ең бастысы өзіңнің жүрек-қаныңды сарқып жүріп жазған поэзияңды әрдайым биіктерден көре берейік".

Ретбек Мағазұлы ақын: "Файзолланың болмысы, кітабы – бәрі түсініксіздеу... Мен кітапты толық оқымасам да оның қалай жазып жүргенін, не жазып жүргенін әлеуметтік желідегі өлеңдері арқылы біліп отырамын. Оның өлеңдерін жаным сүйіп, жақсы көріп оқимын. Файзолла еңбектеніп жүрген бала. Еңбектену үшін шекара асып, теңіз кешіп жүрген ақын. Сондықтан, сол еңбегінің жемісін бүгін, міне, Алматыда өлең сүйетін, өлеңді құрметтейтін адамдардың арасында кітап етіп, тұсауын кесіп отыр. Осылай еңбектеніп жыл сайын кітап шығаруды Файзоллаға тілеймін"

Ал, ақын Батырхан Сәрсенхан Файзолланың шығармашылығынан "Ар" деген өлеңін  оқып берді.

Ар

– Сағындым, - деп,
– Көрем, - деп, боз өңімді,
Кеше тағы еңіреп қыз егілді.
...өмір бойы арқалар өкінішім –
жүрегімді жұлмалап,
өзегімді
өртейтіні болмаса,
маған бола
(бәрі жақсы қарындас) алаңдама.
Біз істеген қателікті
күллі ғалам ұмытқан.
Ағаң ғана –
әр түн сайын бетпе-бет өзі қалып,
көкірегін қоқыныш мұзы қарып,
– Жанымды ал! - деп Тәңірге жалынады,
бар үмітін өмірден үзіп алып.
Түсінде ылғи алыстан, аңсағаны,
әлсін ғана әлдилеп ән салады.
Кейін оны нұрға орап көктегілер,
қошеметтеп,
                     құрметтеп,
                                    қарсы алады.
Сол мезетте айналам отқа айналып,
тоқтай қалып әлгі әуен,
жоқтайды анық:
– Сенің ғана кінәң деп мұның бәрі,
періштелер жылайды бұлттай налып.
Теңіздей боп қан ағып білегімнен,
– Сөндірем деп шарқ ұрып жүремін мен.
Ақырындап ысылдап сары жылан,
шағып алған уақытта жүрегімнен
– Құтқаршы, - деп оянам,
Түн ішінде
үрейі ұшып, өлі жан, тірі – сүлде,
– Бөлме ішінде бүк түскен бұл өмірді
бұдан әрі сүремін кім үшін, - деп
өз саусағын тістелеп жылайды ағаң.
Бәрі бұлай болар деп кім ойлаған?!
Шынжырына байланып ар сотының
азабына қашанғы шыдайды адам,
айтшы маған?!
Айта гөр, бір амалын.
Рухым мені қоймайды кіналауын.
қарғыстарын жаудырып қарға-күндер –
теріс оқып жатқандай дұғаларын.
Ал қызығы басқада бұл күні елдің.
Тек мен ғана қарындас – мұңлық өңді:
бір тамшы көз жасыңа батып кеткен
тар қапастан шыға алмай жүрмін енді.

Файзолла Төлтайдың "Қос есіктегі түстер" кітабының тұсауы кесілген сәт

Осыдан соң кеш жүргізуші Досхан Жылқыбай мен кеш иесі Файзолла Төлтайдың диалог құрды. 

Досхан Жылқыбай: "Өлең деген не?"

Файзолла Төлтай: Өлең деген, бәлкім, хобби шығар. Мен өлеңнің шабыт немесе Тәңірден түсті, соны жазамын дегендерге сенбеймін. Меніңше, өлең деген шындықтан қашу ғой. Ақталу. Санадан тыс ақталу.

Досхан Жылқыбай: Постмодернизм адамзатты орға жығатын, адамзатты қор ететін, азғындататын әдеби бағыт па? Сен өзіңді постмодернист санайсың ба?

Файзолла Төлтай: Адам өзін постмодернист санасын, санамасын сол дәуірде өмір сүрсе посмодернист болуға тиісті. Себебі, мына капиталистік қоғамда модернистік көзқараспен өмір сүретін адам ол – жоқ адам. Олар өркениеттен қалып кетеді. Одан тұлға қалыптаспайды. Ақпарат жылдам дамып жатқан заманда олар өзін қалыптастыра алмайды. Постмодернистік қоғамда сен де посмодернист болуға тиісті һәм мәжбүрсің.

Досхан Жылқыбай: Қазір қазақ жастар поэзиясында ақ өлең жазатын бір шоғыр бар. Оның ішінен сен де барсың. Сен ақ өлеңге қалай келдің?

Файзолла Төлтай: Мен ақ өлеңге уақыт өте келдім. Жалпы, өнер дегеніміз бір сызықтың үстіне сызылған екінші сызық. Яғни бір сызықтың үстінен екінші бір адам сызады. Біреу қисық сызуы мүмкін, екіншісі қалыңдатып, үшіншісі бояп тастауы мүмкін. Сол үшін ол "өнер" деп аталады. Өнер дегеніміз – өмірді екінші рет сүру шығар. Поэзияға келген әрбір жас бірден ақ өлең жазып кетпейді. Бәрі қара өлеңнен бастайды. Сөйтіп олар белгілі бір дәрежеде қара өлеңдегі миссиясын атқарады. Иә, ақ өлең жазатындардың арасында қара өлеңде жолы болмай, екі сөздің басын құрастыра алмай, ақ өлеңге келгендер де бар.

Ал мен қара өлең жаза алатыныма сендім. Сосын саналы түрде 2015 жылдары буын, ырғақ сындырып формамен қатты айналыстым. Әрине басында бірден ақ өлең жазып кеткен жоқпын. Себебі орта қатты ықпал етеді. Ол ортадан қанша қала, қалама бөлек жаза алмайсың. Түркияға кеткеннен кейін ғана ақ өлеңге көштім. Себебі әлем поэзиясында ұйқастың бәрі жазылып қойған. Ал ұйқаспен жазылған өлең жаңашылдыққа апармайды. Бірақ ұйқассыз жазылған өлеңнің бәрін де ақ өлең деуге келмейді. Өлеңдегі маңызды форма емес, мазмұн шығар. Қазір "мына өлеңнің мазмұны былай екен, мына өлеңдікі басқаша екен" деп талдайтын болсақ ол үлкен жетістік болар еді.

Біздегі форма жөніндегі айтыс, тартыстар, жаңашылдық, дәстүршілдік деген даулар мен үш жарым жыл өмір сүрген Түркияда 1950 жылдары пайда болып, 60-жылдары жабылған. Мысалы, ол жақта нақты алты адам бар. Олардың ұстанымы мынадай: Бірінші, түркі әдебиетіндегі халық ауыз әдебиетін пайдаланбау. Екінші, ұйқастан, мағыналықтан бас тарту. Олар барлық мәселені ашық көтерді. Оны ұялмай "авторитет" ақындардың алдында оқыды. Оларға:  "біздегідей қара өлең түріктерде хиджа өлең деп аталады, соны білмейді екенсің, дәстүрді білмейді екенсің" деп ұрысты, боқтады. Істемегендері жоқ. Бірақ қазіргі қоғамында жаңашылдықтың бәрі дәстүрге айналып кетті. Ақындары тып-тыныш ақ өлеңін де, қара өлеңін де жазады.

Сонда дәстүр дегеніміз не? Осыдан шығатын қорытынды дәстүр дегеніміз кезінде жаңалық болған дүние. Демек, жаңашыл дүниелер алдағы уақытта дәстүрге айналады. Қарапайым ғана мысал, қара өлеңді біз поэзияда неліктен "дәстүрлі өлең" деп атаймыз? Себебі, кезінде біздің ақсүйектерімізде жыраулар поэзиясы бар еді. Ал, жыраулар поэзиясының өкілдерін жаулап алушы орыс патшалығы жойды. Содан соң халық қана қалды. Халық өзінің ішіндегі дүниелерін той-жиында айтып жүретін қара өлең арқылы шығара бастады. Міне, осылай қара өлең 1700-1800 жылдары жаңалық болып келді. Арада 200-300 жыл уақыт өтті, ол дәстүрге айналды. Демек, менің болмаса осында отырған Тілек сияқты ақындардың жазып жүргендері жерден жеті қоян тауып алатындай жаңалық емес. Олар бұрыннан болған дүниелер. Әрі-беріден соң Ұлықбек Есдәулеттің өзі ақ өлең жазған. Сондықтан басқалардың жазып жүрегінін "ойбай, мынау ақ өлең екен, болмаса қара өлең екен" демей адамға эстетикалық ләззат сыйлайтындай өлең оқу керек қой.

Досхан Жылқыбай: Түркияда шыққан кітабың түрік тіліне аударыла ма?

Файзолла Төлтай: Бұл кітап түрік тіліне аударылып қойған. Баспамен алты айға келісімшарт жасасқанбыз. Басында кітапты екі тілде шығарайық деген ұсыныс болды. Бірақ мен алғашқы туындым қазақ тілінде шыққанын қаладым. Егер алты айдың ішінде үлгерсем кітап түрік тілінде шығады.

Досхан Жылқыбай: Барлығымыз симметрия түрінде жаратылғанбыз. Антика дәуірінде Пифагор "сұлулық сыры симметрия" деп айтты емес пе? Симметриялық тұрғыда біз сұлумыз. Ал өлең де, позия да соның ішінде ұйқас та симметриялық дүние еді. Ендігі мәселе: біз музыкадан, поэзиядан осы симметрияны жою арқылы адам санасындағы симметрияны бұзып алмаймыз ба?  Жалпы, адам санасын бұзбаймыз ба?

Файзолла Төлтай: Негізі адам санасы деген үлкен тақырып. Қысқа ғана жауап беруге тырысайын. Андре Массон дейтін суретшінің "адамды ақиқатқа апаратын жолдағы ең үлкен кедергі өзінің ақылы" дейтін сөзі бар. Ал Шамс Тебрезид "құдай мен адамның ортасындағы перде – ол адамның тәні" дейді. Осы екі сөз арқылы сұрағыңа жауап бергім келеді.

Автор жайлы мәлімет: Файзолла Төлтай Жамбыл облысы Жаңатас қаласында дүниеге келген. М. Х. Дулати атындағы ТарМУ –да филология мамандығын тәмамдаған. Түркиядағы Памуккале университетінің түлегі. Өлеңдері еліміздегі баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады.

Т. Раушанұлы