Дүйсенәлі Әлімақын: "Қайтқан құстар ғазал айтты төбемде"

Дүйсенәлі Әлімақын: "Қайтқан құстар ғазал айтты төбемде"
Фото: Жеке мұрағатынан

Дүйсенәлі Әлімақын 1989 жылы ҚХР, Іле облысында дүниеге келген. Абай атындағы ҚазҰПУ-дың магистрі. Өлеңдері мен ағылшын тілінен аудармалары республикалық әдеби басылымдарда жиі жарияланып келеді. Қазір республикалық "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісі болып қызмет атқарады.

Назарыңызға ақынның бірқатар өлеңдерін ұсынамыз.
 

***

              Театр
 
‎Өкпелі шығар көбелек күзге,
‎Мезгілден бұрын қар түсті алаңға.
‎Театр көріп не керек бізге?
‎Адамның бәрі әртіс заманда.
 
‎Сахнам-өмір ән салып өтем,
‎Көңілге қашан ғажап тұнады?
‎Жыр жазып неге шаршадым екен?
‎Онсызда ақын қазақтың бәрі.
 
‎Гомері болған, Дантесі болған,
‎Халықтың ойы сезім емес пе?!
‎Теңізді аңсап,қайтесің, айнам,
‎Өмірдің өзі теңіз емес пе?!
 
‎Сәтсіз үміттей сына көрмеші,
‎Жүрекке өсір ғұмырдың гүлін.
‎Айна алдында көп тұра бермеші,
‎Ұрлайды айна жүзіңнің нұрын.
 
‎Өрмелеп мен де шыңға жетермін,
‎Арғымақ-арман асқағым үшін.
‎Ескі бір жолды құрбан етермін,
‎Жаңа жол үнсіз басталу үшін.
 
‎Мезгілсіз тағы қар түсті алаңға,
‎Көбелек-күздің ұятын көміп.
‎Адамның бәрі әртіс заманда,
‎Қайтеміз, қалқам, театр көріп?!
 
       Екінші ана
 
Дүлей теңізді кешіп өткенмін,
Тастамайын деп жапаға сені.
Мен өмірге екі рет келдім,
Екінші анам – Махаббат еді.
 
Мен туғанда жол гүлдеп еді,
Жөргегін іздеп көнерген бесік.
Махаббат– анам әлдилеп еді,
Кіндігімді өлеңмен кесіп...
 
Содан да болар жүзімнен менің,
Тамады мұңсыз шуағы күннің.
Содан да болар сөзімнен менің,
Ағады асқақ бұлағы жырдың.
 
Жылады анам есейіп едім,
Кетесің ғой деп айдала кезіп.
Құлдыраң шағым кешегі менің,
Асық ойнайды аулама келіп.
 
Куанды анам жыр жазып едім,
"Әуенің бөлек болса екен", – деді.
Шаршы алаңда сындалып едім,
"Уақыт бәрін көрсетер", - деді.
 
Көрінер кейде сәттілік құсап,
Алғаусыз ойлы қателіктерім.
Оу, шіркін, неткен тәтті үмітті шақ,
Өмірден жылы әкелік көдім.
 
Дүлей теңізді кешіп өткенмін,
Тастамайын деп жапаға сені.
Мен өмірге екі рет келдім,
Екінші анам – Махаббат еді.
 
Мен. Ол
 
Қоштасып қайтып барады ол,
Жүрегі – көктем, жаны – қыс.
Оны ертіп кетті қара жол,
Мені ертіп кетті сағыныш.
 
Сағыныш хатым сарғайды,
Жанымды біреу ұққан ба?!
Сырымды айттым ол жайлы,
Қараша қайтқан құстарға.
 
Сөзіме менің бүлініп,
Самарқау жаны жүдеген.
Оны ертіп кетті бір үміт,
Мені ертіп кетті бір өлең.
 
Өртеді, мұңы өртеді,
Жыраққа тастап барлығын.
Оны ертіп кетті ертеңі,
Мені ертіп кетті тағдырым.
 
Біз
 
Жүрегім менің ып-ыстық,
Жарылып кетер қуансам.
Түнімнің аты – тыныштық,
Гүлімнің аты – Раушан.
 
Тоғысты маған жолың дәл,
Ұялап қапты көзіңде ар.
Өзің бар жерде өлең бар,
Өлең бар жерде өзің бар.
 
Тайсалмай кешіп тасқынды,
Маңайға сурет көп сыздық.
Көлімнің аты – Аққулы,
Сезімнің аты – Шексіздік.
 
Шағатын мұңын жаңбырға әр,
Табиғат айтқан әнсің сен.
Өзің бар жерде тағдыр бар,
Тағдыр бар жерде барсың сен.
 
Сынаптай бейне сырғыған,
Қаншама сезім өлтірдік?
Түсімнің аты – Сұр жылан,
Құсымның аты – Еркіндік.
 
Естелік қайдан табылар,
Жүректің әнін тыңдармыз.
Біз бар жерде бәрі бар,
Бәрі бар жерде біз бармыз.
 
                      ***
Ымырт келді, көшелерге жан кірді,
Күз дегенің маусым екен жаңбырлы.
Тағдыр маған сені сыйлап еді ғой,
Саған сыйлай аламын ба тағдырды?
 
Қалам ұстап кірдім қара дауылға,
Жалғыз ұран жақтас болды жанымда.
Жүрегіңмен, сезіміңмен тыңдашы,
Көзім саған сөзімді айтқан шағында.
 
Paradox
 
Шаттығыңды күліп тұрған Күн деймін,
Жоқ күніңді жұлдызы өлген Түн деймін.
Сені аяйтын Мен бар екем жалғанда,
Мені аяйтын кім бар еді, білмеймін...
 
Енді ешқашан жығылмас ем, сүйесең.
Жанарыма жалғыз рет түне, Сен.
Сені ойлайтын батыл Жүрек менде бар,
Мені ойлайтын Жүрек кімде жүр екен?
 
Тағат таппай көңіл құрғыр желіккен,
Сені іздейді көшелерден, көліктен.
Саған раушан ұсынатын мен бармын,
Маған ешкім гүл бермейді неліктен?
 
Көз алдыңда бар ма жарқын елесім...
Мен туралы не білесің, Сен, осы?
Саған арнап қарға сонет жазамын,
Маған ешкім жыр жазбайды О, несі?
 
Шырағдан
 
Кітап сен боп, сен кітап боп сөйледің,
Ал мұқаба Аспан түстес көйлегің.
Желкеніме жел тигізбес күші бар,
Сол сөзіңе, сол сөзіңе шөлдедім.
 
Көктем саған, сен көктемге ауысып,
Тұнық күлкің көбелекпен жарысып,
Қою бұлттың тамшысына жуындым,
Соңғы үміттің шайын ұрттап тауысып.
 
Көзің шоққа, шоқ көзіңе өзгеріп,
Кететінін бұрын неге сезбедік?
Бара жатты ғапыл дүние тербеліп,
Өлең саған, сен өлеңге қол беріп.
 
Ойың түнмен, түн ойыңмен егіз боп,
Нұр шашады кеудеңдегі теңізде от.
Жалғыз жылқы кісінейді аулақта,
 Өлеңдеткен мен сияқты сені іздеп.
 
Күн жүзіңе, жүзің күнге құбылып,
Бір мұңымды тықсырады мың үміт.
Сексеуілдей жанып тұрды жан-отың,
Сол отыңа өтсем болды жылынып.
 
Ақшам сендей, сен ақшамдай бозарып,
Қараңғымды қомсынбасын со жарық.
Шырағдан боп жарқырайды жолымда,
Сенің өне-бойыңдағы тазалық.
 
***
Бұл шаһардың мөлдіреген жанарын,
Саған жүзік етейін бе, қарағым?!
Жапырақтың ғұмырындай қысқарған,
Желмен ұшып бара жатыр жаз әнім.
 
Бұл шаһардың таусылмайтын жолдарын,
Саған арман етейін бе, ардағым?!
"Бұдан басқа жол бар, – дейді, – даңғылдау",
"Сенен өзге жан бар", – дейді, нанбадым.
 
Бұл шаһардың қызыл-жасыл гүлдерін,
Саған сыйлау үшін ғана үзгемін.
Бұдан басқа жол бар десе, жүрмедім,
Сенен өзге жан бар десе, сүймедім.
 
Бұл шаһардың қызығы мен сайранын,
(Күрең күздің қоржынына байладым).
Қайтқан құстар ғазал айтты төбемде,
Сен қайдасың, айтшы, өзім қайдамын?!

Т. Раушанұлы