Карл Сэндберг:

Карл Сэндберг: "Қай жұлдызға бірге барар екенбіз, Джанетта..."

Қазақстан жазушылары шығармаларын қолдау мақсатында жас ақын Марлен Ғилымханның Карл Сэндбергтен аударған өлеңдерін ұсынамыз.

Карл Сэндберг - Мичиган көлінің жағасындағы Чикагоны шарлап, халықтың қарапайым тірлігімен еркін танысқан америкалық ақын, верлибр жазудың шебері, нәсілшілдікті түп тамырымен жоюды аңсаған, урбанизмнің қыр-сырына қанған тұлға. Олай болмаса, "Теңіз кеменің суға батқан бөлігімен ғана таныс" деп жазбас еді.

"Чикаго", "Жүгері жинаушылар", "Түтін мен болат", "Батыстың күніне күйген тас", "Қайырлы таң, Америка", "Халық", "Үй, майдан, естелік", "Мұз бен тұз", "Сэндбергтің диапазоны", "Астық алқабының өлеңдері", "Желдің әні", "Мәңгілік жас бейтаныстар" кітаптарының авторы АҚШ-тың 16-шы Президенті Авраам Линкольннің атқарған істеріне құрметпен қараған.  
 
Хабаршы
 
Әуедегі жел шайқаған жез телефон сымымын,
Сыңғырлаумен өтіп жатыр ғұмырым.
 
Көлеңкемнің жоқтығынан қалтыраймын құс қонса,
Мен арқылы шешілді екен іс қанша?!
 
Сауалдарды алты қырдан асырамын, тынбаймын,
Біреулердің тыныштығын ұрлаймын.
 
Қажымастан қызыл-жасыл тұтқаларға жалғадым,
Кедейлік пен сұм соғыстың зардабын.
 
Ұзақ уақыт жаңбыр жауса, теректерден шық тамса,
Қиналамын күннің көзі шыққанша.
 
Күйзеліске ұшыраған ұлтқа жаным ашиды,
Жанкештінің жанар жасын тасимын.
 
Мына менің кесірімнен кеңсесінен кетті ме ер,
Жұмыс жайлы сөз қозғайды ептілер.
 
Бәзбіреуді жылатуға неге сонша аптықтым?!
Жаршысы едім ізгіліктің, шаттықтың!
 
Әуедегі жел шайқаған жез телефон сымымын,
Сыңғырлаумен өтіп жатыр ғұмырым!
 
Көңіл
 
Джанетта,
екеуміз
жарық жылдамдығымен жүйткісек,
он бес жылда Көк жұлдызға жетерміз!
 
Джанетта,
екеуміз
жарық жылдамдығымен жүйткісек,
қырық жылда Ақ жұлдызға жетерміз.
 
Қай жұлдызға бірге барар екенбіз?!
 
Джанетта... екеуміз...
 
Жоғалту
 
Махаббатты, перзентті, өр өлкені,
банджо мен көлеңкені
 
һәм
 
менде бардың бәрін Құдай алар,
көлеңкем ғана қалар...

Оңтүстік Тынық мұхиты
 
Хантингтон
ұйықтайды ұзындығы алты фут үй ішінде.
Өзі көп күн салдырған
темір жолдың маңында
он мың адам сөзін ұйып тыңдап тұрар түсінде.
 
Близери
ұйықтайды ұзындығы алты фут үй ішінде.
Өзі көп күн төсеген
темір жолдың маңында
бастығының сөзін ұйып тыңдап тұрар түсінде.
 
Хантингтон,
Близери
ұйықтайды ұзындығы алты фут үй ішінде!

Ажырау
 
1.
 
– Мен сенімен өмір сүре алмаймын!
– Уайым оты шыдамымды жалмайды...
 
2.
 
Қырық күндік қырсығы бар бір-ақ күнгі ұрыстың,
Бірі кетті шаһарына шығыстың.
 
3.
 
Ғашықтарды бөлуге де, қосуға да хат – ұста,
Бірі сапар шеккен екен батысқа.
 
4.
 
Ешбіреуден өлді деген суық хабар келмеді,
Жолдар дертті емдеді...

Парақ
 
І
Ақ парақта сүйген сөзді, әріпті,
Талай ойым қалыпты.
 
Не себептен майысуға тым құмар,
Қазынасын қаптар кейде құрбылар.
 
Жазуға аңсар ауса ғана жазасыз,
Әлде, ораушыға айналасыз мазасыз.
 
Одан заңғар жазушыны іздепті ел,
Оны іздеді қарапайым қызметкер.
 
Жан ба едіңіз мақсаты анық, жолы айқын,
Жан ба едіңіз қағазбен зат орайтын?
Аяулы дос, кімсің сен,
Ақынсың ба жыр жазатын күрсінсе?
 
ІІ
 
Көргенімді, ұққанымды аз күннен,
Оң жағына жаздым мен.
 
Маған мүлде таныс емес жайттарды,
Сол жағына айтқам-ды.
 
Ұмтылады өрт те құрғақ қағазға,
суға батқандардан қашқан таңы аз ба?!
 
(Аппақ қағаз айдың беті секілді,
Ұнатады жазуларды не түрлі.)
 
Өзін-өзі сұм ажалға қимайды, ә?
Көк сия да, шимай да...
 
P.S. Қағаз сүйген адамдардың әлемі –
Қағаз сүйген адамдармен әдемі!

Тас қалаушының махаббаты
 
Ғарышқа қарай жол салғым келді,
Өзіме өзім қол салғым келді.
 
Себебі, мен бір тас қалаушымын!
...Түскі ас кезінде асқақ әншімін.
 
Тұтынып жүрген бәрі тауарын,
Иесін сүйді дәріхананың...
 
Жеткізбейтұғын сағым ғана ма,
Тәнім – жұмыста, жаным – далада.
 
Сезімге батқан кісіні ұғар кім,
Тасымды жерге түсіріп алдым.
 
Балқыды бәрі баяу әуенге,
Аймалар ем мен, аялар ем мен.
 
Тұтынып жүрген бәрі тауарын,
Иесін сүйді дәріхананың...
 
Жан-жағымды ойлар жарық қылғанда,
Көзімді күнім қарықтырғанда,
 
Айналамда орман жайқалған кезде,
Қиялдан миым шайқалған кезде,
 
Аяулым, мен тек өзіңді ойладым!
 
Тазару
 
Жұлдыздарға қолыңды соз...
тартынба,
Аруды құш, ән де шырқа,
сарқылма,
Көңіл көтер, жарқылда.
 
Жалғыздықпен жолыққанда айдында,
Өткен шақпен қоштас!
Қоштас!
Қайғырма!             

Орыс тілінен аударған Марлен Ғилымхан

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Жүзіктің денсаулыққа пайдасы
Жүзіктің денсаулыққа пайдасы
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
Алматы "сары" аймаққа кірді - Сағынтаев
ER-BATYR: Қ.Бейсекеев тұрмыстық зорлық-зомбылық, жеңіл ақша және алдағы жобалары жайлы сөз қозғайды
ER-BATYR: Қ.Бейсекеев тұрмыстық зорлық-зомбылық, жеңіл ақша және алдағы жобалары жайлы сөз қозғайды
Данияр Елеусінов мансабындағы алғашқы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті
Данияр Елеусінов мансабындағы алғашқы титулдық жекпе-жекте жеңіске жетті
Польшада дүниежүзіндегі ең терең бассейн ашылды
Польшада дүниежүзіндегі ең терең бассейн ашылды
Адамдар қоныстанған әлемдегі ең кішкентай 5 арал
Адамдар қоныстанған әлемдегі ең кішкентай 5 арал