Тыныштықбек Әбдікәкімұлының карантин туралы өлеңдері

Тыныштықбек Әбдікәкімұлының карантин туралы өлеңдері
Фото: Yernar Almabek

Белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлының карантин туралы өлеңдерін ұсынамыз.

КАРАНТИН

Сеземін дымқыл Күн демін.
Сенісер жан жоқ бір де бір.
Отырмын үйге қамалып.
Дерттен де жаман – жаңалық.
Құрттары мөлдір желде – мін.
Дауасыз аңғал елдемін.
Көше де көше жиегі –
– мерт Қыстың қара сүйегі.
Телекөзде де бәле – мың.
Терезе ғана – әлемім.
Түсіме түнде құс кіріп...
Отырмын өлең түшкіріп.
Аспандық кемем – балконым.
Көңілдің күйі – алқоңыр.
Адыраспаным – шылым-дүр.
Түтіні – әуен, бұлыңғыр.
Қайда екен Көктем шіркінім...
Қайран да жайлау-жылқылым...
Бөлмелік гүлдің бүртігі
түйсігімді емер, түртініп...

КАРАНТИН-2

Бойында түз құстарының да елесі мол самалға
бағана айқара ашылған терезем.
Ол – күнделікті ережем.
Солайша, Тәңіріге тәу етем.
Ондайда, әр сезіміме – уылжыған мәуе тең.
Өзім – өте қарапайым місемін.
Қазір
отпен аласталған пәк суға таң қызылын езіп ішемін.
Сонсоң,
ауырып қалған бір бейтаныстың да
тауып алып телефон-нөмірін,
тынысымның дыбысымен-ақ емдеуге кірісем көңілін.
Сонсоң,
Ойларымды ерте жүріп шұбалаң,
бөлмедегі гүлдерімді көз жауыммен де суарам;
амандығыммен қоса, абыройымды да тілеген
жазу үстелімді де емірене бір өбем.
Ақылымда оқылып жатады әлем білмейтін қырық пән.
Ара-арасында ыңылдауды да ұмытпан.
Сонсоң,
кітаптар ақылының ең қошиістісін таңдаймын.
Мендегі мұң – сондай мұң.
Тек, сонан соң ғана,
жасыл өндірден әсем жонылған
қасиетті қаламымды қолға алам.
Сол арқылы,
ең сезімтал сәулеге айнала, басқа әлемге жалғанам...

***
Карантин.
Үйде... аманбыз.
Өзімнің құс екенімді сезінем ой үсті.
Тілім ұшы кей сөздерімдегі кей иістің
елшісі екенін де білем пейіштің.
Карантин.
Үйде... аманбыз.
Тым алыс әлі май-көктем.
Су ішіп отырмын:
дәмді еді мөлдір шай неткен!
Күн нұрын аулаудың өзі - зор бақыт... .. әйнектен!..
Карантин...

КАРАНТИН. 28–ШІ КҮН

Терезеден сыртқа қарап тұрмын.
Әлгінде ғана көк көбелек жаратылды бүршіктен!
Жапандағы жалғыз салтатты күн күркірінен түршіккен...
Алапат жасын да түсті өзенге!...
Қаладағы асфальт жарықшақтарынан да
жап-жасыл қаулап сөз өнген!..
Ауадағы мың сан көркем елестер, қас қағым!..
Теңбіл бұғы мүйізінің қош қаны...
Бірін бірі есі кете өпкен гүл!..
Тұмылдырықты қыз көзінің жауынан да иісі аңқып барады көктемнің!..
Ормандағы бозторғай...
Оның да ғашық болуға қақы бар!..
Соның бәрі маған – тасқындаған Күн самаласынан оқылар.

Т. Раушанұлы