Тарт күйіңді, домбыра

Тарт күйіңді, домбыра

Бүгін - Ұлттық домбыра күні! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен шілде айының алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып бекітілді.

Аталмыш мерекеге орай домбыра туралы өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Домбыраға қол соқпа

Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.

Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.

Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы, тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.

Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.

Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.

Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауып.

Абай Құнанбаев

Домбыра

Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтті күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда-бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің күйшісі-ау,
Құлағымды қиқулат,
Көңілімді қандыра,
Тәтгі-тәтті күйге тарт
Көргеніңді күй қыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің жыршысы-ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті-тәтті әңгіме айт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен сұңғыла,-
Құлшына тарт, домбыра!

Ілияс Жансүгіров

Домбыра

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

Жұмекен Нәжімеденов

Домбыра

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.

Қадыр Мырза Әли

Шерлі домбыра

Жанғали Жүзбаевқа

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Шанағыңды шаң басып, кесір қонды ма?
Есі кеткенше билейтін етегін ашып,
Эстраданы қайтейін есірген мына?

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Қолымнан құран кеткелі, есімнен дұға,
Ит тірлік кешіп жүргендер иттігін жасап,
Иттерге бізді қоспақшы бос үрген, мына.

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Керуен сазым, тоналды-ау, көшіңнен мұра.
Жатырынан жерініп, Жеті атасына
Өркөкіректерді қайтейін өшінген мына.

Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Темірден әбден тесілді-ау төсің, Домбыра.
Қанжығасына байлап ап қадірің білмей,
Есерсоқ есек мінгендер есіңді алды ма?

Ит үрер тағы ...
керуен...
көшіміз жүрер,
Дұшпаның – жылап, өзгеріп, досыңыз күлер.
Қасиетіңнен айналдым,
Кешір, Домбыра!
Екі шегіңнен садаға – екіжүзділер!

Қалқаман Сарин

 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Адамды бостандығынан айыру мен бостандығын шектеудің айырмашылығы қандай?
Адамды бостандығынан айыру мен бостандығын шектеудің айырмашылығы қандай?
8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
8 сағат жұмыс, 8 сағат ұйқы және 8 сағат демалыс: адамзат бұл жеңіске қалай жетті?
Ғалымдар Арктикадағы барлық мұз 2035 жылға қарай еріп кететінін айтты
Ғалымдар Арктикадағы барлық мұз 2035 жылға қарай еріп кететінін айтты
Мұхиттағы ең үлкен "қоқыс аралы" Франция көлемімен теңесті
Мұхиттағы ең үлкен "қоқыс аралы" Франция көлемімен теңесті
Абайдың шығармалары дүниежүзінің 10 тіліне аударылды
Абайдың шығармалары дүниежүзінің 10 тіліне аударылды
Израильде 1,5 миллион долларлық медициналық маска жасалды
Израильде 1,5 миллион долларлық медициналық маска жасалды