Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра

Кең даланы мекен еткен қазақ жұртының ең аяулы да қасиетті музыкалық аспабы домбыраның бірде күмбірлеген, бірде шертілген ойлы дыбысы құлаққа жағымды,жүрекке жақын, оның күмістей сыңғырлаған үні талай сырдың басын қайырады. Сымдай тартылған қос ішектен сан ғасырдың сан алуан сипаты ақыл-ойы, көңіл күйі жатыр. Домбыра - көшпелі елдің көнекөз шежіресі, көпті көрген қарияның көкірек күйі.

Ахмет Жұбанов

***

Ілияс Жансүгіров – Домбыра

Тарт күйіңді, домбыра!
Төгіл, төгіл тәтгі күй,
Тау суындай сылдыра,
Желпін, желпін жел соқтыр!
Тауда тұман тұрмасын,
Көкте бұлт ыдыра!
Тыңдамаған қоймасын,
Ойды-қырды қыдыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Екі желі, үш қазық,
Тоғыз ноқта домбыра,
Ойнатайын он саусақ,
Құлындайын құлдыра.
Бозда-бозда бота күй,
Қашағанды қудыра,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің күйшісі-ау,
Құлағымды қиқулат,
Көңілімді қандыра,
Тәтгі-тәтті күйге тарт
Көргеніңді күй қыла,
Құлшына тарт, домбыра!
Еңбек елдің жыршысы-ау,
Жанымды бір жадырат,
Көкейіме қондыра,
Тәтті-тәтті әңгіме айт
Жаңа өмірді жыр қыла,
Шежіре, шешен сұңғыла,–
Құлшына тарт, домбыра!

Ғафу Қайырбеков – Домбыра

Тартсам сені кей күнде,
Боламын рақат тапқандай.
Қосылып сенің шегіңе
Жүрегім тәтті үн қатқандай.
Көңілдің шексіз аспаны
Болады бір жарқ еткендей!
Ақынның албырт жас жаны,
Қалықтап. шырқап кеткендей.
Шақырар болсам шабыттың
Биікте жатқан бұлағын.
Шірей бұрап алып бір
Төгілте тартып, тынамын.
Жауынды бұлттың қанаты
Секілді қаламұш маған,
Домалап түскен сан әріп,
Тамшыға кенет ұқсаған.
Сондай-ақ сен де бір қалам
Сияң жоқ бірақ кепкендей.
Атасы күйдің, ұлы адам
Шегіне жазып кеткендей.

Жұмекен Нәжімеденов – Домбыра

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы...
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.

...Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп...

Абдрахман Асылбек – Құдірет бар домбыра ішегінде

Құдірет бар домбыра ішегінде,
Қолыма алып қаққанмын мүшелімде.
Мен онымен қияға көтеріліп,
Мен онымен тереңге түсемін де.
Құдірет бар домбыра ішегінде,
Ішегімен өмірді пішемін де.
Мен онымен шақырып шабытымды,
Мен онымен бал қымыз ішемін де.
Құдірет бар домбыра ішегінде,
Ең сенімді серігің түс-өңіңде.
Қашып шығып түрмеден Құрманғазы,
Аша білген күйімен кісенін де.
Құдірет бар домбыра ішегінде,
Жібермейді ешқашан күші өлімге.
Абыл сынды күйшілер ажалынан
Күйі арқылы құтылғап кісі елінде.

“Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра”– деп жырлайтын Қадыр ақынның жездесі, күйші
Рахметов Қанатқалидің қос ішекті аспабы

Қадыр Мырза-Әлі – Домбыра

Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – Домбыра!

Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.

Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.

Бір ішегінде биіктік бар, бір ішегінде тереңдік.
Ол мылқауды сөйлетеді, жылатады кереңді

Жалған сөйлеп көрген емес соның өзінде:
Аппақ жалын күйдің жанын жалап жатқан кезінде.