Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Арнайы жобалар директоры

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Құлдилап төмен құлаған ұшақ...

Құлдилап төмен құлаған ұшақ...

Құлдилап төмен құлаған ұшақ...

Кеше Bek Air әуе компаниясының Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы 2100-рейсі бортында 95 жолаушы және 5 экипаж мүшесімен бірге апатқа ұшырады. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ел басына түскен осындай ауыр қайғы бар халықтың қабырғасын қайыстырып кетті. Еліміздегі қолына қалам ұстаған ақындарымыз да кешегі қайғылы оқиғаға бей-жай қарап қалмай, ой-сезімдерін өлең арқылы білдіріп жатыр.

***
Қар жауды. Ылғал, ә,
Қараймын сақтанып.
Қара жер былғанар,
Қара - Ақ болып.

Желтоқсан - желді ай,
Желқомым жұқа еді...
Жүрісім мандымай,
Жүйкемді түтеді.

Қалады бәрі әудем,
Қас-қағым өмір бұл.
Кісіге қараумен,
Құдайға емініп...

Өткізген күн, айды,
Өкінішсіз... үмітпен.
Ішімде ... жылайды,
Іреңім күліп тек?

Көктегі, жердегі үн,
Күңіренген бәйіт еді.
Тағдырдың бергенін,
Табиғат қайтеді?

...Жоға-а-а, ойлама,
Жабығу менде жоқ!
Әшейін жай ғана,
Әрнені термелеп.

Қай тұстан қарақтар,
Қаңғыған қорғасын...
Қара жер. Қар әппақ.
Қан тамбасын...

Желтоқсан - желді ай,
Желдің қорлығы-ай...

                                        Қалмаханбет Мұқанбетқали


***
Құлдилап төмен
құлаған ұшақ,
Баланы көрдім,
жылаған ұсақ.
Қайғырып елім,
қаралы күнде,
Ай, Күнім түгел,
жаралы күйде...
Жете алмай қалған
жолаушыларым,
Қиналған кезде
қалай шыдадың?
Шашылып түгел
қауырсындарың,
сезіліп тұрды
ауырсынғаның...
Түсініп тұрмын,
халіңді мынау,
Көмекті күтіп ,
сабылдыңдар-ау!
Үзіліп кетті,
жас ғұмыр демі...
Ысқырып тұрды
Желтоқсан желі...
Ажалға кеткен
жоқтаймын Ерді,
Сабырмен қалай ,
тоқтаймын енді?..
Ем болсын дедім,
тілек тіледім...
Бәріңнің білем,
жүдепті реңің.
Азаматтардан,
айбарды көргем.
Қол ұшын созған
айналдым елден!
Ұшқыштың серті...
соңғы үмітті алып,
Кетті ғой өзі...
қондырып барып!
Ұшағын көкке
ұшырып алып,
Міндетін білсе
кісілік анық!
Беделін оның
түсіріп алып,
Жүрмейік сосын
қысылып қалып...
Қабылда шешім
түсініп барып!
Жаратқан ием,
бұралаң қайсы?
Тағылған мына
кінәларды алшы...
Өтірік ойдан
құрамаңдаршы...
Ұшқышты ғана
Кінәлі қылып!
Өтеуін істің
сұрамаңдаршы...

                              Майра Қуанышқызы

***
Таң еді Алатауда атқан жаңа,
Адасып ұшқан
құстай топтан дара,
Құлады ұшақ көктен.
Сезбеді оны,
Ананың құшағында жатқан бала.

Саялап ана-құшақ сестен оны,
Сезбеді сәби жүрек ештеңені.
Үзіліп кетер ме еді сол жас үміт,
Қайрылып періштесі кетсе кері.

Не жыларын,
Білместен не күлерін
Жатты анасы өмірін торып оның.
Әппақ ғұмыр ажалдан аман қалды,
Әлдилеп өлім тұрды төңірегін.

Жер жылап,
Күңіреніп аспан кенет,
Белгі жетті талайға жақтан бөлек...
Ортасынан опаттың сәби шықты,
Қаралы күнде жанған ақ сәуле боп.

Оранды бүгін жандар қанша кебін,
Орнын сипап, іздеймін сан себебін.
Түнек ішін жарық қып шықты бейне,
Тілеймін мен сөнбеуін сол сәуленің!..

                                                     Жұлдызай Ысқақ


***
Қара қоқшыл тартты ма далам өңі,
Қаралы жұрт жүрегің жаралы еді.
Жолаушылап шыққандар жолайырықта,
Жиі адасып осылай қала ма енді?!

Таусылмады пенденің сын сағаты-ақ,
Кеуделерін үміт пен мұң сабалап.
Періштелер кетеді қайда көктің,
Әуелейтін шақтарда сынса қанат.

Дала жылап қалды әне, бала жылап,
Жан азасын айтуда бар атырап.
Шая алмаған қан дағын қасіретті,
Қар үстінде жанады қара шырақ.

Бейбіт күнде ұлы елім торықты көп,
Жұрт емес ек алатын соғыс тілеп.
Ақ ұлпалар ұша алмай жер бетінен,
Көк пен жердің арасы тоғысты кеп.

Жаным күйіп барады, тәнім күйіп,
Азалы үні ғарыштың лағыл құйып.
Көңіл айтам, қазақтың қалың елі,
Шыдас берген талайға жанын түйіп.....

                                                         Ә.Оспан


***
Ажал-қамшы, тағдыр-бақсы бал ашқан,
Өмір-өлім алма кезек таласқан.
Қанат байлап көкке ұшқан жандарды,
Қабылдамай жерге берді қара аспан.

Жүрегіммен жаным бүгін жаралы,
Бір қорқыныш бір үміт те бар әлі.
Бейбіт күнде бауырлардан айырған,
Желтоқсанның бұл жұмасы қаралы.

                                                     Айбек Құттыбек

0
Рейтинг: +0

Фото: facebook.com
Қосылған күні: 28 желтоқсан 2019, 11:46

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.