Бақыт Беделханмен "Бірге оқимыз" - Ақынның сүйікті бес кітабы

Бақыт Беделханмен "Бірге оқимыз" - Ақынның сүйікті бес кітабы

ERG компаниясының қолдауымен Тengrinews.kz сайтында "Бірге оқимыз" жобасы басталған болатын. Бұл жобаның негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. Осы мақсатта Тengrinews.kz тілшісі танымал ақын Бақыт Беделханның сүйікті бес кітабын ұсынады.

"Қазақ ертегілері"

Халық ауыз әдебиетінде ертегілердің алатын орны ерекше. Ертегілерден бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігн, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ой-арманын көреміз. Сол таңғажайып ертегілерге арқау болған халық қиялының негізінде кейіннен ғылым мен техника дамып, небір ұшқыр ұшақтар, алып кемелер, сүңгуір қайықтар, телефондар ойлап табылды.

"Ең алдымен ауыз әдебиетінен, оның ішінде қазақ ертегілерінен әрбір қазақ "Ер Төстікті" оқып шығуы керек", - дейді ақын.

Қазақтың ақын-жырауларының шығармалары 

Жыраулық поэзия XV-XVIII ғасырлардағы қазақтың халық поэзиясы. Біздің дәуірімізге, негізінен, ауызша жетті. Жыраулар шығармаларында ел өміріндегі елеулі оқиғалар, жорықтар, соғыстар, қоғамның ащы шындығы, халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы бейнелі тілмен келісті көрініс тапқан.

"Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді жыраулардың поэзиясы да міндетті түрде оқылуы тиіс", - дейді ақын.

"Батыр Баян"

Ақын жас буынға Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын оқуға кеңес берді. Оның ішінде "Батыр Баян" поэмасын жатқа білсе екен дейді. 

Бұл поэма Батыр Баян туралы. Ол Абылай ханның аламаны. Аламандықта Батыр Баян бір сұлу қалмақ қызды тұтқынға алды. Баян қалмақ қызына ғашық болып, алайда қыз жақтан ондай сезім болғайды. Қалмақ қыздың есімі Құралай болды. Құралай Батыр Ноянды сүйген, сол себептен екеуі қыздың отанына қашады. Батыр Баян бұл істі туған жерді сату деп есептеп, оларды артынан қуды. Қуған кезде Баян Құралайды оқпен атып, Ноян Батырды өлтіреді. Баянның оларға жаны ашығандықтан екеуін бірге жерлейді. Содан кейін Батыр Баян Абылай ханның рұқсатын алмағандығына қарамай, қалмақтарға қазақтың 100 жігітімен аттанды. Сол соғыста Баян Батыр қайтыс болады.

Тұрсынжан Шапай шығармашылығы

Ақын Тұрсынжан Шапайдың "Қазақтың жаны" кітабын ерекше атап өтті. Бұл кітап үш бөлімнен тұрады: біріншісі - "Күлкі және көз жасы", екінші бөлімі - "Жазу", үшінші бөлімі-"Бір мысқал" деп аталады.

"Құлагер"

Ақын Ілияс Жансүгіровтің өнер тақырыбына жазылған көрнекті поэмасының бірі - "Құлагер" қазақ халқының әйгілі өнерпазы, арда ұлы Ақан серінің өміріне арнады. Ақан сері - XIX ғасырдағы қазақ елінің рухани мәдениетінің тарихынан елеулі орын алатын белгілі өнер қайраткері. 

"Құлагердегі Батыраш пен Қотыраштың прототипі кім? Оны әлі ешкім білмейді. Ол әлі зерттелмеген тың дүние. Құлагер деген - Алаш. Батыраш пен Қотыраш - ақтар мен қызылдар. Ол әрине көркемдік қана дүние. Ал оның астарында үлкен мағына жатыр", - дейді ақын.

Айта кетейік, Alash Media Group холдингі мен ERG компаниясы бірлесіп "Бірге оқимыз" атты жаңа арнайы жобасын бастаған еді. Бұл жоба аясында түрлі туындыларды оқуға дайын эстрада, кино және телевизия жұлдыздарының қатысуымен теле- және радиобағдарламалар шығады. "Бірге оқимыз" жобасының негізгі мақсаты - қазақстандықтардың жас буыны арасында кітап оқуды насихаттап, қазақ тіліндегі туындыларға қызығушылықты арттыру. "Бірге оқимыз" арнайы жобасы ERG компаниясының қолдауымен өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, ERG компаниясымен бірге "Талантты балалар", "Жеңімпаздар", "Батырлар арамызда" жобалары қолға алынған.

Massaget