Ақиық ақынды еске алу шарасы өтті

Ақиық ақынды еске алу шарасы өтті
Фото: new.kazmkpu.kz

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтің туған күніне орай Алатау бөктеріндегі Алматы қаласында еске алу шаралары өтті. 

Ақиық ақынның туған күніне орай Қыздар университетінің Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі департаменті мен «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мұрындық болуымен өткізілген ән-жыр кешінде Алматы қаласындағы бірнеше оқу орнының студенттері бақтарын сынады. 

Әдеби сайысқа Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров, Қазақстан Жазушылар Одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделханұлы, Ғ. Мүсірепов атындағы академиялық балалар және жасөспірімдер театрының актері Әсет Иманғали, әнші,  композитор, әнші,  композитор Ерали Көшербаев және ақын Батырхан Сәрсенхан төрелік етті. 

Қатысушылар «Өлеңнен төгілген әсем ән» және «Мұқағали ізімен» бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Сайыскерлер бірінші бағытта Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерді орындаса, екінші бағыт бойынша қатысушылар ұлы ақынның өлеңдерін нақышына келтіре айтып, арнау жырларын оқыды. Әдеби байқауға әр бағыт бойынша 20 қатысушыдан іріктелініп алынған. 

 «Өлеңнен төгілген әсем ән» бағыты бойынша: 

Бас жүлде: Алтынай Жәңгір, Қыздар университетінің студенті; 
1-орын: Еділ Жетпісов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті; 
2-орын: Айерке Сайран, Қазақ ұлттық университетінің студенті; 
3-орын: Аружан Насыролланова, Қыздар университетінің студенті; 

«Мұқағали ізімен» ақындар жарысы бойынша: 

Бас жүлде: Шадияр Есенәлі, Қазақ ұлттық университетінің студенті; 
1-орын: Лаура Жаңабай, Қыздар университетінің студенті; 
2-орын: Нұркен Құмарбек, Қазақ ұлттық университетінің студенті; 
3-орын: Оралбай Мырзақұлов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті; 

Жүзден жүйрік шығып жүлделі болғандарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды. 

Мүшәйрадан бөлек «Есіңе мені алғайсың...» атты ұлы ақынды еске алу кеші өтті. Осыған орай Мұқағалидың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, алдында арнау өлеңдері оқылды. 

Аталған ізгі шаға Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің басшысы, ақын Әділғазы Қайырбеков, Мұқағали Мақатаевтың ұлы Жұлдыз Мақатаев, келіні Бақытгүл Айдарова, әдебиет сүйер қауым және оқу орнының ұжымы мен студенттері қатысты. 

Т. Раушанұлы