"Qandaimyz?" поэтикалық кеші

"QOLTANBA"

Жаңа заман ақындары қалай сөйлейді?
Қаңтардың 31-і мен 22 ақпан аралығында "Esentai Gallery" аймағында "Табиғатпен тілдесу" атты топтық тәжірибелік көрме өткен болатын. Көрменің жабылу салтанатына орай "Qoltanba" бірлестігінің "Qandaimyz?" атты поэтикалық кеші өтті.
Желідегі әңгіме:
@ttompaq (Томирис Есқали)
Ақжан, "Qoltanba" бірлестігі туралы айта кетсең...
@aiqyzy (Ақжан Аманжол, бірлестік жетекшісі)
"Qoltanba" – әлемге және поэзияға өзіндік көзқарастары бар жас ақындар бірлестігі. Біздің басты мақсатымыз құндылықтар үздіксіз өзгеріске ұшырайтын қоғамда өз қолтаңбамызды қалдыру.
@ttompaq
Сонда олардың миссиясы қандай?
@aiqyzy
Олар қалыптасқан таптаурындарды бұзып, жас ұрпақтың көзқарасын, ойын, пікірін жеткізеді.
Сағат 19:25. Бес минуттан соң басталу керек шараға қонақтар енді келе бастады. Бірі көрмеге келді. Енді бірі жас ақындар ұйымдастырғалы отырған кештің қонағы болмақ.

Уәделі уақыттан жарты сағатқа кешігіп, күткен кеш басталды. Көрмеде қойылым, шара болады десе, Скотт Спирдің "Алға қадам 4" (Step up 4) фильмі еске түседі. Жас ақындардың да ұйымдастыруы әдісі де осыған келеді. Тек бұл жолы би мен ән емес, өлең жолдары көрермен назарын өзіне аудармақ...

Шара үлкен бөлменің кішкентай ғана қуысынан басталды. Қонақтардың барлығы әңгімелерін тоқтатты да, бар назарларын монолог оқыған жас жігітке бұрды.
Ол сөзін аяқтай салысымен, басқа бір бұрыштан тағы бір жас ақын шыға келді. Үстелге шығып, бәрінен биік тұрып өлең оқығанда көз алдымызға "Өлі ақындар қоғамы" (Общество мертвых поэтов) фильмінің үзіндісі елестіп, еріксіз жүзімізге күлкі үйірілді.
Қаһарлы қыс ызғарымен Солтүстіктен жеткен суыт хабардың мұңын да ақындар тілге тиек етті. Қонақтар арасынан еріксіз ойға шомылғандар, көзіне жас алғандар да табылды.
Кеш – "көшпелі". Ақындар бірде бөлменің бір шетінен, енді бірде өзге шетінен шыға келіп, тыңдармандарды өздерімен бірге ертіп жүрді.
Өздерін қазіргі заман ақындары санайтын бірлестіктің кешінде "Жас ақындар" санатында жүрген "дәстүрлі ақындар" қонақ болды.
Олар бұл кеш туралы не дейді?
Жаңа буын өсіп келеді. Менің байқағаным "қалалық поэзия" қалыптаса бастапты. Бізге жетіспейтіні де сол еді. Форматы – біз күткеннен әлдеқайда ерекше. Ендігі буынның екі тілде де еш қиындықсыз, еркін жаза алатындығы мені қуантты. Меніңше, біз жаңашылдықты қабылдап, әлемдік жаңа ағымдарға әркез ашық болуымыз керек. Әркімнің ұстанған бағыты, жолы болады. Десек те, әрбір идеяның іске асуына, "өмір сүруіне" құқығы бар. Сондықтан, осындай жобалардың іске асуын құптаймын.

Жандарбек Жұмағұлов
Жас ақын

Кеш ұнады. Әсіресе, форматы. Жастарға ризамын. Әдебиетте аттары таңсық болса да, оның дамуы үшін өзіндік еңбек етіп жүргендерін көріп, олардың ерекше ойлайтындарын, сөздерді байланыстыруда, өлең жолдарының философиялық мәнінде өзгешелік барын ұқтым. Бұл кештен аса рахаттанып қайтпасам да, "бүгінгі жастар кітап оқымайды, руханият төмендеп кетті" деген пікірдің бұрыс екеніне көзім жетті.

Марғұлан Ақан
Жас ақын
Көрерменді ән құшағына бөлеген – ARShAT.
Кеш музыкалық көңіл-күймен аяқталды. Ұйымдастырушылар мен қонақтар біраз әңгімелескен соң, жаймен тарқай бастады. Ал, біздің жадымызда мына өлең жолдары сайрап жатты...
Қандаймыз??
Көрер көзге мейірімді жандаймыз,
Жақынымды сүйемін деп алдаймыз,
Сөйте тұра ренжітуге адамды
Жақындардың арасынан таңдаймыз.

Неге олай??
Сүймесек те жанымызды байлаймыз,
Тойымызды біреу үшін тойлаймыз,
Бір адамның құшағында отырып,
Түніменен басқа адамды ойлаймыз.

Біз дейміз!!
Тіршілікке күре тамыр біз дейміз!
Бірақ біздер хал үстінде күздейміз,
Сүйген жаннан алмай қойған жылуды,
Сүймейтіннің жанарынан іздейміз.

Тастаймыз!
Неге сондай қатігезбіз, тастай біз??
Дүйім жұрттың айтқанынан аспаймыз.
Бір адамның басқа берген бақытын,
Басқа адамның табанына тастаймыз
Сақтаймыз!
Жанымызды тығып қойып сақтаймыз,
Сөйтіп зұлым адамдарды жақтаймыз.
Бір адамның қателігін кешірмей,
Басқа адамның мың күнәсін ақтаймыз.

Бақтай біз,
Бақташыдай күндестік баптаймыз,
Ақылдыны қара жерге таптаймыз.
Дарындыны жұлып тастап ортадан,
Ақымақтың сандырағын жақтаймыз.
Сондаймыз!!
Біреу үшін сүйкімсіз рөл сомдаймыз,
Біреулерді өкпелетіп оңбай біз,
Суық күннің ызғарынан тоңсақ та,
Жанымыздың аязынан тоңбаймыз!

Оңбаймыз-ау, оңбаймыз!
@marie.reveur
Заман – жастардікі. Ізденіс, талпыныс пен еркіндікке құштарлықтың желі есіп тұрады. Пікірімді білдіремін, ойымды айтамын, өз көзқарасымды ұстанамын және өз қағидаммен өмір сүремін дейді. Олардың жазғанынан, сөйлегенінен, жүргенінен мың құбылатын қоғам өзгерісінен жасқанудан бұрын, соны өзгертсем деген құштарлықтың басым екенін байқауға болады. Тіпті, бірін-бірі қолдайтынын да олардың үнсіз жанарынан аңғару қиын емес.

Біз қандаймыз? Қанша жерден мақтасақ та, мақтансақ та кейде пендешіліктің жеңіп кететіні жасырын емес. Бірақ, қазіргі "сандық сана буыны" аталатын өскелең жастардың ойы – біреу ғана. Ол – ешкім қымсынбайтын, ешкімге тарлық етпейтін және ешкімді басынбайтын қоғам іргесін қалау.

Санадағы мың сұрақтың жауабы бір сауалға анық жауап берген сәтте ғана айқындалмақ.

Сіз қандайсыз?
Томирис Есқали
Контент-менеджер