Бүгін – Жұматай Жақыпбаевтың туған күні

Бүгін – Жұматай Жақыпбаевтың туған күні
Фото: darkwoman.centerblog.net

Бүгін – қазақ ақыны Жұматай Жақыпбаевтың дүниеге келген күні. Жас кезінде оған Тұманбай Молдағалиев: "Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!" – десе, Олжас Сүлейменов: "Жуматай – истинный и даже редкий поэт!" – деп үлкен баға берген. Өзара сырлас досы болған Асқар Сүлейменов: "Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді", – деп таңданған екен.

Ләйлә

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ, 
Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап, 
Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен, 
Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап.

Қарадың солай, қарадың солай, обал не, 
Қарамадың ба, жоқ әлде?

Кетіп те қалмай, кетіп те қалмай, содан көп... 
Керемет бір ой кешікпей маған соғар деп, 
Балалық шығар, бармадым сенің қасыңа, 
Батырлығым басыма пәле болар деп.

Ойладым солай, ойладым солай, обал не, 
Қате ойладым ба, жоқ әлде?

Қуаныштан күліп, ойым бар шалқып билемек,
Кеттім мен сосын күнәсіз арман сүйрелеп.
Қара шашты бала ақын болып тұр екем, 
Қабырғадағы айнаны көрсем үйге кеп.

Ақын боп кеттім, ақын боп кеттім, обал не, 
Болмайын ба, жоқ әлде?

***

Тынып ем, тұнайын деп тыныппын ғой, 
Сен мені көрмеген соң ұмыттың ғой. 
Жанымда мұң бар еді мың бәлелі, 
Мен соған түсе-түсе құнықтым ғой.

Мен қазір көз салмаймын айналаға,
Ләйлә дертін жазар деп Ләйлә ғана.
Елден ерек бұл не бұл?
Тәкаппар ұл
Көп ойлап, қиялиға айнала ма?
Бұл мінез ұят болды. Ұят болса,
Мен енді қашайын ба айдалаға?

Бозбала ақын қай жөнді ес білемін, 
Бір арман көкейімді тесті менің! 
Көрінгеннен сұрадым – көрінбедің, 
Эфирлерден жыладым – естімедің.

***

Айыбым болса, кеше жүр,
Асқақтау жердің маралы.
Жырладым сені неше жыл,
Жындантып неше қаланы.

Траптан түссең алға аттап,
Тәкаппар, асқақ түрменен.
Қалың ел сені ардақтап,
Қарсы алса деп ем гүлменен.

Дүние діні, тілі көп,
Дүрліге жылда той қамдап.
Ләйләның туған күні деп,
Ләйлісе деп ем мейрамдап.

Жетпеспін сонау арманға,
Жеткенмен менде құдірет.
Ақынның тілін алған ба,
Ақымақ әлем бір рет?!

***

Кермиығым, мен сені кеш аңсадым,
Қаншама рет тоқтады десеңші әнім,
Ен дәулеттен айырылған сияқтанам,
Еске түссе ессіз күн, есер шағым.

Жұтқызбаған жұпарын жалғыз едің,
Жалбыз едің, жанымның жалғызы едің.
Кербез күшпен келдің де, билеп алдың
Келбетіңмен кеудемнің жанды жерін.

Бейнең сенің өңге бір, түсте бір кеп,
Диуаналық жолдарға түскемін көп.
Таусылған соң амалым, тұрам ылғи,
Тағы да бір қиғылық істегім кеп.

Іздегенім сен болсаң,таптым қайғы,
Ондай жанға байыздап бақ тұрмайды.
Қисық, қыңыр болса да мен жүрген жол,
Бақыт үшін күреске таптырмайды.

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде
"Я помню чудное..."
А. Пушкин

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем ?
Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?

Байлық менің тие алмайды жыныма,
Құдайсызға керегі не пітірдің?
Мені егерде көзге ілмесе құбыла,
Онда мен де құбылаға түкірдім.

Менің жаным мейірімге құмар тым,
Достарым көп шалқар көңіл, сайын үн.
Жез жығатын жерден шыққан бір алтын
Жымиысын жиямын деп байыдым.

Биік әнді сүйе алмайды өзге ерін,
Мұндай бақты тұра алады кім ұстап?
Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін
Жүрегіме құйып жүрмін уыстап.

Соны көрем өңімде һәм түсімде,
Әлемге үлгі көрсетеді ол әлі.
Ол өкімет орнатқан бақ ішінде
Әкімдіктен ақындық шен жоғары.

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,
Көп кещеге қай бетіммен кектенем?
Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?!

Т. Раушанұлы