Тәуелсіз елдің өлеңдері

Тәуелсіз елдің өлеңдері
Фото: el.kz
«Акын болу мақсат емес, бірақ азамат болуға міндеттісің» деген екен халық даналығы. Егер ақын азамат болып, елін-жерін, тәуелсіздігін, отанын жырлап жатса нұр үстіне нұр. Кешегі келіп жеткен егемендігіміздің 27 жылдығымен сіздерді құттықтай отыра, назарларыңызға ақындарымыздың тәуелсіздік туралы жырларын ұсынамыз. 

Тәуелсіздік 

Еркіндігім.
Қасиеттім.
Қастерлім.
Өзің барда өзегімде жоқ шер мұң!
Кеше сенің келбетіңді арман ғып,
Боданына бұғауландық басқа елдің.
Бабалардың басын тігіп бәйгеге,
Аналардың жанарына жас бердің!

Уа, Еркіндік,
қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,
Өз үйіме өзім өгей болам ба?!
Алшаң басып жүре алмаса алты алаш
Азаттығым! Қадірің де жоқ онда!
…Саған жету қиын болса қаншалық,
Сақтап тұру қиынырақ одан да!
Алла берген азаттықтың әр сәті-
Аманат қой
Маған,
Саған
Оған да!

Саясатқа сермей алмай семсерді,
Езгі күнге тері қылдым еңсемді!
Желтоқсанда жалын атып жастығым,
Құрсау болған темір қоғам теңселді!
Есте даңқы қыршындардың қалды ма,
Сексен алты ерлігім бе-ей, ең соңғы!?
Уа, еркіндік,
Құның немен өлшеңді!?

Уа, еркіндік!
Құның немен өлшенді?!
Сені көксеп
Боздақтарым өлсе өлді!
Сенсің менің ең ғажайып өлеңім,
Ең шуақты,
Ең шырайлы, 
Ең шерлі!
Әр таңыңды сүйіншілеп тұрайын-
Құдай берген ғұмырымда өлшеулі! 

 Қалқаман Сарин 

Заңдылық

Бар әлемге сәуле шашса ғажап Күн, 
Жаңа тыныс алып келер таң күліп. 
Олай болса, алтын жүрек Қазақтың,
Таңбасынан Күн шығуы заңдылық!

Жарып шығып тас түнегін азаптың, 
Шаңырақтан нұр сауласа, таң болып. 
Әз-дүниеге ғашық болған Қазақтың, 
Киіз үйді сүюі де заңдылық! 

Арасынан соғыс пенен таластың, 
Жеңімпаз боп шығатұғын паң болып. 
Тұлпармінез, сұңқар болмыс, Алаштың, 
Пырақтарын пір тұтуы заңдылық!

Ой найзасын жарқылдатса жасын қып,
Бір түйір сөз жарқырайтын шам болып. 
Үйлесімді табиғатқа ғашық ұлт,
Гүлді өрнекті сүюі де заңдылық!

Киесіндей бақыт пенен азаттың, 
Төбесінде жайнап тұрса сам тұнып. 
Тәңірісін сүйетұғын қазақтың, 
Зеңгір көкті сүюі де заңдылық!

Күнді күткен мекен етіп таң астын, 
Көкейінде «дербес!» сөзі жаңғырып.
Періштеге ғашық болған Алаштың, 
Қыран құсты сүюі де заңдылық!

Шаһарларын абат қылып, жасыл қып, 
Келешекке көш түзеген мәңгілік. 
Көктегенді көксеп жүрген асыл ұлт, 
Аспан түсін таңдағаны заңдылық!

Құрсауында мың бұлқынып тозақтың, 
Бас алаңды желтоқсанда қан қылып. 
Жамандыққа жаны бөтен қазақтың, 
Аман қалып, өсуі де заңдылық!

Алты құрлық, сан көршіммен жарастым,
Бәрі маған бас шайқайды таң қалып. 
Жеңімпаздық тарихы да Алаштың, 
Қайталанып келуі де заңдылық! 

 Ақберен Елгезек 

Алаш 
Олар... 
Сонау қария ғасырда 
Күмбезді көк етіп, 
Төсекті жер етіп жаратқан даланың, 
Көкпеңбек көліне шомылып, 
Көгілдір тауына сүйенген. 
Көмейі көріктей ат мінген ұлдары 
Күлте жал күреңмен жер жүзін шарлаған. 
Құлжадай қыздары 
Тобықтай төгілген шаштарын, 
Семсердің жүзімен тарған. 
Алаштың оғылан ұлдары 
Осындай тамырдан қан алып. 
Осындай құрсақта жаралған. 
Шаттығы шанақтан күй болып өрекпіп, 
Қайғысы қобыз боп мұң шаққан. 
Найзасы жасындай жарқылдап, 
Жаңбырдай сіркіреп жебесі 
Жауына тіл қатқан 
Дұшпанын теп-тегіс жусатқан, 
Бабасы тәрізді, 
Даласы секілді аумаған. 
Арқаның жеріндей арқасы жап-жалпақ, 
Алтайдың шыңындай рухы тым асқақ, 
Арманы – 
Алатау құзындай талықсып көз ұшта, 
Ажалы – 
Керілген киіктей тым сұлу, тыс қысқа 
Алаштың аймандай ұлдары! 

Кеш түссе күңіреніп 
Боздайды бұл дала 
Боздақтар үнімен, 
Білмейді-ау осы үнді 
Бозөкпе ұлдарың, 
Кіндігін кірлеткен, 
Желетек қыздарың, 
Білмейді-ау сол үшін 
Саулы інген секілді сай-сүйек сыздарын. 
Тәуелді рухты 
Тәңір де кешірмес, 
Кешірмес жер басып жүруді, 
Алланың әр күні "Азат" деп зарланар, 
Алаштың оғылан ұлдары 
Сол үшін мерт болып, 
Сол үшін шәһит боп өлді олар. 

Өлерміз ол рас, 
Қабірден жолданған 
Құдайдың хаты бар, 
Ол бізді шақырса, шындыққа шақырар. 
Атылған хаттар-ай 
Қанаты тым ыстық, 
Кімдерге жетті екен нүкте боп?! 
Бес күндік бұл фәни 
Бес құлаш матамен оралып, 
Тым алыс қашыққа жолданар, 
Өйткені біздегі 
Өмірдің мазмұны 
Өлімнің тілімен оқылар 

Олар... 
Алқымды сабадай 
Ажалдың пырағын кісінетіп, 
Алласын көрмекке 
Аспанға аттанған ғайып боп, 
Бұл неткен қайсарлық! 
Өлсем ғой шіркін-ай, 
Осылар секілді шәйіт боп. 
Кеше... 
Кеңестік бодандық 
Менің күп-күрең қаныма суарып, 
Қып-қызыл ту ілген 
Кермек жасымды 
Кекете сімірген. 
Мен содан... 
Алаш боп үзіліп 
Азат боп қайтадан тірілгем, 
Тірілгем... 
Жусанның бұрқырап бүрінен... 

 Ықылас Ожайұлы 


Менің атым –Тәуелсіздік 

...Алып қорғанның құлағанын көрдім,
Небары алты жасымда,
Алып тұлғалар жылағанын көрдім,
Бастарын сүйеп ғасырға.
Алып таулардың шайқалғанын көрдім,
Алты жасымда соны ұқтым:
Алып сөздерді айта алғанын көрдім,
Ат төбеліндей халықтың.
Алып кітаптар торыққанын көрдім,
Сол сәтте-ақ одан безінгем,
Алып ойлардың қорыққанын көрдім,
Ең бір нәзік сезімнен.
Алып сағаттар тоқтағанын көрдім,
Өлшенді уақыт жаңадан,
Алып жүректер ақталарын көрдім,
Алты-ақ жасар баладан.
Алып құрлықтар теңселгенін көрдім,
Темір бұғаулар тозғасын,
Алып заңдардың кемсеңдеуін көрдім – 
Империяның көз жасын!
Алып мұхиттар толқығанын көрдім,
Бір тамшы суға байланып,
Алып тәждердің балқығанын көрдім,
Елтаңбаларға айналып.
Алып мүсіндер қирағанын көрдім,
Сұлаған жаудай жебеден,
Алып саналар жиналарын көрдім,
Тұрғызу үшін жаңа әлем!
Құрыштардың да шірігенін көрдім,
Сен боса, болат, тас егіл!
Темір шымылдық түрілерін көрдім,
Сахнаға шықты жас өмір!
Алты жасымда!
Жылаған жоқпын, 
сұраған жоқпын анамнан,
Сол күні жаңа әнұран айтып оралған,
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз айтып шыққанын
Ұл жайлы Күннен жаралған.
Түсінбесем де тыңдаймын,
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді мұң-қайғы...
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,
Аңыз ұнаған
Жаралған Күннен Ұл жайлы!
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір!
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым орта мектепте
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен түрме бүргесін.
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті,
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,
Ол, бəлкім, менен Сөз күтті!
Ал бүгін, енді,
Тарихты өзім білемін,
Жолдарды сезем жонарқамменен мыңжылдар өткен ұлы елім.
Ұлылық жайлы ойлайды басқа,
Жап-жас шақ
Ұлы қорғандардың күйреуін көрген жүрегім – 
Алты-ақ жасында ақырын көрген алыптың!
...Тәуелсіздік ше?
Ол – менің тегім, 
ұлдарыма оны дарыттым.
Тәуелсіздік – мен, 
ол – менің асқақ аңызым,
Болмысы ол ұлдың өзіңнен туған, Жарық Күн! 
                                                                                                 Ерлан Жүніс
Т. Раушанұлы