Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Жақсылық Қазымұратұлының "Әпке" атты жыр жинағы жарық көрді

Жақсылық Қазымұратұлының "Әпке" атты жыр жинағы жарық көрді

Жақсылық Қазымұратұлының

Қадірлі жыр сүйер қауым! "Қарала сырмақ", "Жапырақ жауған күз" жыр жинақтарының авторы, ақын – Жақсылық Қазымұраттың кезекті өлеңдер жинағы "Әпке" деген атпен жарық көрді. Тұсаукесері 24 қараша күні Алматы қаласындағы "Жамбыл" кітапханасында өтеді. Назарларыңызға ақынның  жаңа кітабынан топтама өлеңдер ұсынамыз.

Туған далаға хат 

Ат басын ақ сапарлы жолға бұрып, 
Аттансаң қолтығыңнан қолдар үміт. 
Кең дала көз алдыңда дөңгеленер, 
Жортқанда бұйра құмда жорға мініп. 

Атар күн аймаласа жүзін қырдың, 
Оянар жүрегімнен үзім бір жыр. 
Жетелер сағынышқа арманыңды, 
Кірпігін күн қақтаған қызыл жыңғыл. 

Көп ойлар көңіліме салады ақ таң, 
Желдіртсем ен даланы аралап паң. 
Тұрлаусыз дүниені ойға оралтар, 
Шар қаңбақ жел ұшырып бара жатқан. 

Елітіп мейірімге қанық көктем, 
Самал жел сүйеді еппен танып беттен. 
Түбінде тораңғының тұр үйездеп, 
Қиялым кең далаға маңып кеткен. 

Туған жер – таусылмас жыр, таусылмас ән, 
Сен десе бәсеңдеген даусым қашан. 
Кеудемнен қайыру бермей қашқан өлең, 
Құланның қағын иіскеп мауқын басар. 

Тірлігім құйқылжытып сазын алуан, 
Жолығар күлім қағып жазым алдан. 
Әзірге жан серігім ащы жырым, 
Түбінен боз жусанның қазып алған. 

Өртеніп ғазез жаным отқа небір, 
Несіне жабырқайды жоққа көңіл. 
Даламнан тағы мені барады алып, 
Анамның тағдырындай соқпақ өмір. 

Жоңғардың даласына келіп жеттім 

Баса алмай жүрек тулап жан аптығын, 
Көкке ұштым қиялымды қанат қылдым. 
Жоңғардың даласына келіп жеттім, 
Төгілтіп құйрық жалын тарап түннің. 

Ал жүйткі, жүйрік көңіл шап – Құлагер, 
Алады асау жүрек аптыға дем. 
Оятып айналаны ұйқысынан, 
Абалап алдан шықты саққұлақ – жел. 

Еленбей суық боран соққан әлгі, 
Өзегім елегізіп отқа оранды. 
Тұр ма екен түн ішінде тани алмай, 
Мүлгіген жолға қарап топ тораңғы. 

О, менің аяз мінез, асау далам, 
Ұлың ем, бір өзіңе қашанғы адал. 
Ұшқанда қыраныңа жол бастатып, 
Жорытқанда құланыңды қосарға алам. 

Бөрісі ұлып жатқан көкке еміне, 
Жоңғардың көз жетпейді шет-шегіне. 
Таңғалам алақандай жүрегіме, 
Кең далам қалай сыйып кеткеніңе. 


Бала күннен бір өлең 

Айналып бір соғар ма ең, бозбала күн, 
Сейіліп кеудемдегі қоздаған мұң. 
Кешқұрым самал соқса сайды құлдап, 
Еркелеп, басын изеп қозғалар гүл. 

Шұбалып шың басына шөккен бұлт, 
Секілді жортуылдан жеткен күлік. 
Аяңдап қия жолда келе жатыр, 
Қапайлап шу асауды кеткен жігіт. 

Дариға-ай, бұдан асқан бар ма мұрат, 
Ағады тастан құлап жорға бұлақ. 
Кеш болса қызу тірлік ауыл үсті, 
Төңірек ұлар да шу, мал маңырап. 

Сезінсең бір ғаламат дала сыйын, 
Түлікке малшы ауылдың баласы үйір. 
Аңқиды желібаудан сүттің иісі, 
Емініп исінгенде мама сиыр. 

Ой сергек, саумал кеште еңсең жеңіл, 
Ғажап сыр жайлау түні шертер небір. 
Бастыққан құба құнан бала арманы, 
«Тиер ме тақымыма ертең менің?». 

Алыста, ай астында құртқа ұлып, 
Қораны жүр айналып құтпан үріп... 
Бозбала көзі ілінсе түс көреді, 
Кетеді таудан асып бұлтқа мініп. 

...Қажытқан айыға алмай ауыр ойдан, 
Дәл қазір тәнім дел-сал, жаным ойран. 
Бір дәурен мен де өтті қамсыз-мұңсыз, 
Секілді анам ұйытқан бауыр айран. 

Әпке 

Қайтқан құс, салған әнің неткен зарлы, 
Келместей қайта айналып көктем мәңгі. 
Ауылдан кеттім алыс, қимай қарап, 
Төсінде сонау Жоңғар әпкем қалды. 

Жөнелдік іргемізден жау кіргендей, 
Ойламай болады деп алдым нендей. 
Жол бастап келе жатыр бұрқасын жел, 
Боздатып дала төсін саулы інгендей. 

Кеудемде қалды содан саз құндаулы, 
(Жыр жазсам жанар жасым сәл құрғады). 
Аңырап әпке қалды... біз аттандық, 
Арқалап ауыр-ауыр тағдырларды. 

Жан әпке, жанды ауыртып жылағаның, 
Түсінсең, бізден басым сірә бағың. 
Жүресің қоңыр кеште сырыңды айтып, 
Қыдырып туған өлке қыр алабын. 

Сағыныш безбендейді санаға күш, 
Дейсің-ау әкем алыс, анам алыс. 
Кетсе де ақ айдыннан ұшып қиыр, 
Қайырылып бір соқпай ма жағаға құс. 

Қыс өтіп, көктем аунап, жыл алмасар, 
Күз жетіп, көңілдерді қырау басар. 
Сол шақта тұғырыма бір қонармын, 
Далалық мінезіммен қыранға тән. 

Айтайын жүрек сырын жетсе өлеңмен, 
Алапат тағы оранды өртке кеудем. 
Қайтейін, кермек тартқан тағдырымды, 
Жусандай кер далада көктеп өнген. 

Білмеймін, еншімді алам қашан, кімнен? 
Әзірге өмір осы масаң күлген. 
Әпке, сіз, бақыттысыз бізден гөрі, 
Туған жер төсінде аман жасап жүрген. 

Қараша сапары 

Қайтқан құстар қағады қанатын жай, 
Дүбірлейді, дүрлігіп дала тынбай. 
Елегізіп келемін, дене қызып, 
Қарсы алдымнан сен күтіп алатындай. 

Қала міне, сабылған күнделікті ел,
(Күмілжумен жүремін күрмеліп мен).
Тұрағыңды айтардай түнде келіп,
Құлағыма күбірлеп бір көріпкел. 

Арман жебеп жанымды асқақ тұнық, 
Жолға шықсам жүйрік ат баптап мініп. 
Жолымды ашып жіберсе жортар түні, 
От айналып бақсылар сақ-сақ күліп. 

Ай алқалы аруым, күн сырғалы, 
Құлазыған көңілге күлкің дәрі. 
Тұман басқан жолдармен жөнелсем бір, 
Арғымақтың астымда сусып жалы. 

Ұрасы көп жолдардан жырасы көп, 
Аман өтсем түндерде қара түнек. 
Қыр басында көк бөрі ұлып қалса, 
Сапарыма тәңірден дұға тілеп. 

Күзгі шықтай мөлдіреп жерге сіңген, 
Кетсем кезіп таулардың кеудесін кең. 
Қарашада аттансам бір сапарға, 
Келерім де белгісіз, келмесім де... 

Түнгі жаңбыр 

Шөккен күн көтере алмай мүрдеңді ауыр, 
Айнала қазып жатыр түннен қабір. 
Сатырлап қара кеште қара аспаннан, 
Адасып мынау қайдан жүрген жаңбыр?! 

Жүрісі хабар берген бір кесірден, 
(Қарасаң, жаңыласың мүлде есіңнен). 
Сабалап қардың бетін бара жатыр, 
Ауылдың тиген жаудай іргесінен. 

Жұт дермін, апат дермін, бәле дермін, 
(Қайтемін, басылмаса ал егер бұл?) 
Жауынға әлденені күбірлейді, 
Бұтағы діріл қағып кәрі еменнің. 

Өзгеріп сала берді бірдемде өмір, 
Жан бітіп, нөсер алды түрленді өңір. 
Адасқан жауынға еріп «кетем» дейді, 
Алқынып, алақызып жүрген көңіл. 

Айтасың қандай ақыл енді ағайын, 
(Іс болсын, әйтеуір, түбі елге қайыр). 
Жетіңдер көктемге ұшып үміттерім, 
Ішінде қара түннің мен қалайын. 

Апыр-ау, тағы ненің төркіні бұл, 
Көңілдің басылмады-ау өрті, құрғыр. 
Адасып, мынау қайдан жүрген жаңбыр, 
Түн қатып аттарындай жортуылдың.
0
Рейтинг: +0

Фото: Жақсылық Қазымұрат
Қосылған күні: 14 қараша 2018, 10:03

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.