"Шабыт - 2012" "Үздік шығарма" (поэзия) номинациясының жеңімпаздары анықталды

"Шабыт - 2012" "Үздік шығарма" (поэзия) номинациясының жеңімпаздары анықталды

Астанада "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалі 3-8 қараша аралығында өтіп жатыр. Ақындардың додалы мерекесіне айналған осынау бәйгенің поэзия «Ең үздік шығарма» номинациясы бойынша кімдердің көш бастап, жеңіс тұғырына көтерілгенін айтайық.

Сонымен әр өңірден 90 үміткер қатысқан. Үздік деп танылып, жырдан алқа тағуға «тура келген» ақындардың ішінде Бас жүлде Ақтөбеден келген Балтабек Нұрғалиға бұйырса, Қарағандының ақын қызы Ботагөз Мұхитдин I орынға қол жеткізді. Салтанат Жүсіп (Қызылорда) пен Бауыржан Әліқожа (ОҚО) ІІ орында келсе, Салтанат Смағұл (Қарағанды) мен Қарлыға Темірғали (Атырау) ІІІ орынды місе тұтты.

Тағы бір айта кететін жәйт, қазылар алқасының мүшелігіндегі Маралтай Райымбекұлы Қызылордадан келген мүгедек ақын Нұрмұхамед Әбілқасымов (Тараз) деген жігітке кітап шығарып беремін деп уәде етті. Бұдан басқа, бәйгенің арнайы жүлделері бар: Тұманбай Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықты Динара Мәлік (Қызылорда) алса, Астана қалалық Мәдениет министрлігінің арнайы сыйлығына Ілияс Мұқайып (Қарағанды) қол жеткізді.

Қазылар алқасының төрайымы – Фариза Оңғарсынова, ал комиссия мүшелері Серік Ақсұңқарұлы, Жанат Әскербекова, Бақытжан Қанапиянов, Маралтай Райымбек.

8 қараша күні Астана қаласында Конгресc холлда аталған жеңімпаздарды марапаттау рәсімі болып өтеді.  

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: yvi.kz

А. Құлтай