Нұргүл Оқашева: "Бір сөзіңнен өмір кетті өзгеріп..."

Нұргүл Оқашева: "Бір сөзіңнен өмір кетті өзгеріп..."
Фото: dolci.pw

Нұргүл Әбдімұратқызы Оқашева 1990 жылы 3 желтоқсанда Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылында дүниеге келген. "Жүрегім жырдан ғана жаратылған", "Қыз бен күз" кітаптарының авторы. Қызылорда қаласында өткізілген бірнеше облыстық мүшайралардың жүлдегері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

***
Өлшеймін немен өлшеймін нарқын,
Құрғатам қалай мұң-шықты?..
Сарғайған менде сағыныш бар-тын,
Үнсіздігіме тұншықты.

Соңынан оның мың құлай ердім,
Үміттерімді тағы алдай.
Телефонымды ұрғылай бердім,
Қоңырау оған шала алмай.

Қиялда ғана тербетті ізгім,
Ұялтып жүр ғой қыспаққа ап...
Әңгіме қылдым келбетін Күздің,
Сағынғанымды ұстап қап.

Хаттың да сыры өте күпті еді,
Жолданбай қалған Ай барып...
Жүректің тәтті қателіктері,
Өлеңге кетті айналып.

Күйіме күліп, күндейді кейде ел,
Қаңқу сөз, жала, зәбірмен...
"Жүрекке әмір жүрмейді" дей ме ел,
Жүргізіп жүрмін әмір мен?!

***
Көріндің де жан дүниемді от қылдың,
Күрсіністі күлдей төгіп жоқ қылдың.
Қабағына мұз жабысқан қаланың,
Ең бақытты келіншегі боп тұрмын.

Аспан тұрды сұрай алмай себебін,
Гүлдерге де жасырмадым дерегін.
Бейуақытта сен сыйлаған бақытты,
Көшелерге шашып-төгіп келемін.

Жайқалттым да жүрегімнің егісін,
Жерімедім, жеңілдмедім кек үшін.
...Әйелдерге күлкім келді содан соң,
Тіршіліктің сүйреп жүрген кебісін...

***
Бір-ақ сөзің естілді де...
Жандым ба?
Жас арылды көйлегімнің жеңінен.
Менменсіген Бақтың өзі алдымда,
Басын изеп амандасты Менімен.

Елемедім Аспандағы Айды да,
Арманыммен ойнап жүрген "Қуыспақ".
Кеше Мені қан жылатқан Қайғыға,
Қуанышты шашып кеттім уыстап.

Бір сөзіңнен Өмір кетті өзгеріп,
Өзегінде өткеншақтық Кек күлді.
Қарағайлар болмашы бір Сөзге еріп,
"Мына қыздың есі ауысқан" деп тұрды...

Шын бақыттың дәмін солай татырдың,
Әлем тұрды бір-ақ ауыз сөзіңде.
Қуанышты шашып келе жатырмын...
Бұл Менмін бе?..
Түсінбедім Өзім де...

Т. Раушанұлы