«Ел тірегі - Елорда» атты жыр мүшәйрасы жарияланды

 «Ел тірегі - Елорда» атты жыр мүшәйрасы жарияланды

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы осымен сегізінші рет өткізгелі отырған дәстүрлі мүшәйраға еліміздің барлық ақындарын тағы да аламан жыр бәйгесіне қатысып, өз бақтарын сынауға шақырады. Бұл жолғы мүшәйраның жыр арқауы– «Ел тірегі - Елорда».

Арайлы Азаттық аясында еркін тыныстап, өз алдымызға шаңырақ көтеріп, Ту тігіп, елдігімізді әлемге әйгілеп отырғанымызға ширек ғасырдан асты. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде қаншама жетістіктерге қол жеткіздік. Ел ордасы салынып, ел іргесі бекіді. Елбасының батыл бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтеріп, айдай әлемге танылған Астана биыл жиырма жасқа толды.

Бұған дейінгі жыр бәйгесінде Тәуелсіздіктің мерейін асқақтатып, халқымыздың азаттық жолындағы алапат күресін, бүгінгі жаңа заманның жаңа тарихын, Елбасының ерен ерлігін, ел басқарудағы көреген саясатын шабыттана жырға қосқан Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбеков, Ғалым Жайлыбай, Оңайгүл Тұржан, Әділбек Ыбырайымұлы сынды белгілі ақындарымызбен қатар, жас таланттар Арман Шеризат, Әскерхан Ақтай мүшәйраның бас бәйгесін қанжығаларына байланған болатын.

Астана тойына арналған биылғы мүшәйраның  да көздегені - Елорданың айшықты келбетін, азаттық жолында арпалысып  өткен бабалар күресін,еліміздің бүгінгі жарқын өмірін, ертеңгі ұрпақ мұратын жырлау. Қазақ жырының қоржынына олжа салу.

Тақырып аясының көкжиегі өте кең. Сүйіне жырлап, сүбелі шығарма тудыру әр ақынның өз шабытына байланысты. Ендеше жүйріктерді жыр мәресінде күтеміз!

Мүшәйра жүлделерінің қаржылай көлемі өте қомақты:

Бас жүлде – біреу
Бірінші орын – біреу
Екінші орын - екеу 
Үшінші орын – үшеу

Мүшайраға еш жерде жарық көрмеген толғаулар, топтама өлеңдер 2018 жылдың маусым айының 1 – не дейін қабылданады. 

Мүшайра қорытындысы Астана күні қарсаңында жарияланып, марапаттау рәсімі өтеді. Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, 5 данасын төмендегі мекен – жайға жіберу керекнемесе astanakalamger@mail.ru электрондық поштаға жолдауға болады.

Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электрондық поштасы(бар болса) міндетті түрде көрсетілуі керек.

Индекс: 010000, Астана қаласы, М.Әуезов көшесі 20 «а» үй, Сәкен Сейфуллин мұражайы. Тел. 8(7172)32-84-67, 53-34-03.

Жүлдегерлердің Астанаға келіп-кетудегі барлық шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.

А. Оралқызы