Еркеназ Қалижан: "Мен солай сәт үшін ғана өмір сүріппін..."

Еркеназ Қалижан: "Мен солай сәт үшін ғана өмір сүріппін..."
Фото: vk.com

Қалижан Еркеназ Еркінқызы – 1998 жылы 4 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Мақаш ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің «Филология: қазақ тілі» мамандығының 2-курс студенті.

Поэзия жынысқа бөлінбейді. Оған кешегі Фариза мен Күләштің, Гүлнәр мен Жаннаның өміршең өлеңдері дәлел. Сенімін сертке байлап, сезім кешіп сергелдең күйге түскен Еркеназдың өлеңдері бір қарағанда нәзік, қайталап оқысаңыз, сізді өз әлеміне ертіп кетердей жұмбақ. Сартап қылған сағынышы мен ішкі жалғыздығын өлеңге артқан ақын қыздың әлеміне үңіліп көріңіз!

Сәт 

Табаным тезірек таймауын тілегем, 
Тұсаған тәтті әлем. 
Мендегі жанарды аяумен жүдеген 
Ұяға күнім де батты әрең. 

Ессіздеу елегзір жанымды емдеген 
Көшуде құйғып ән. 
Қауышу бақытын қондырған кеудеме 
Қоштасу қайғысын қалайша сыйдырам?! 

Бұл әлде түс пе еді ғажайып мен көрген 
Тербеген таң нұры?! 
Тек әттең, оятып жіберді гүлімнің сен берген 
Қолымды тілгілеп қураған қалдығы. 

Жұттым деп жұпыны сезімнің кермегін 
Күмәнді - тұтас бір тағдырды кінәлау. 
Шыдамға шек болмау үшін де шаттықтың шеңбері 
Шағын да шығар-ау. 

Сығалап қарай ма сәулесі сынық түн 
Жарығын жат үйдің. 
...Мен солай сәт үшін ғана өмір сүріппін 
Мәңгіге татитын!

Ақ шағала 

Талайдан қалған кіршіл көңілім 
Көне алар ма екен келешек бұрқасындарға?! 
Селт етпес жаным шырайлы нұр шашуларға. 
Ал, жүрегім ше, қамалған қалың қапасқа 
Қайтадан босап сүюге мұршасы бар ма?! 
Бәрі де күнім, сен берген үміт кесірі 
Талпынам деген тынбастан бірге асуларға. 

Үміт кесірі, шарпыған жалыны бекер, 
Өкініш толып өксікке, аһ ұрып не етем?! 
Бір әуен шымшып барады құлағымды әне 
Ол маған айтқан әніңнің сарыны ма екен, 
Көрші ит те жазбай даусыңды таныды ма екен?! 

Естілді, білем әйтеуір шала дауысың, 
Құс болып қазір жаныма келе аламысың?! 
Себебі сені теңеп ем ақ шағалама, 
Бірақ ол бүгін барады жағалауда ұшып. 

Еһ, махаббат ол – қол жетпес құзар екен ғой 
Биігін әркім барында бағалау үшін...

*** 

Жұмбақ ғалам. Уақытым жатты ілесіп, 
Қалың ойлар қайрылып қақты ма есік?! 
Мен әйтеуір сандалып жүрмін білем 
Болмысыма сыймайтын сәтті кешіп. 

Тартуынан тарылтпас таң жырақтап, 
Бір әсерлі келеді ән құлаққа. 
Санам саққа жүгіртіп саған ұқсар 
Сағым қуып сарылам сандырақтап. 

Жасым ба екен жарысқан жылғалардан, 
Бұлдыр елес қолдарын бұлғады алдан. 
Қайтсем екен арманды құмға қонған, 
Қайтсем екен жалғанды мұңға толған?! 

Жоқ, мен емес, күнім ғой көкте күлген, 
Мен жердемін жазған көз өктем үннен. 
Тым құрыса сезсеңші бір жасынды 
Өлеңімнен, барымды төккенімнен. 

Мен әйтпесе жалықтым жатты сүйіп 
Жараланған жанымды жек көруден...

*** 

Сетінейді ойларым санада ауыр, 
Тұтанбады тағы да таң алауы. 
Жамалмаған жанымды жатсына алмай 
Желпір қолын жалғыздық жағалауы. 

Өзім оның 
Тауысуға айналдым тылсым шерін, 
Тұманына тұншыққан құр сүлдерім. 
Білген болар бағымның нұрсыз көгін, 
Кімдерге обал күнәсіз күрсінгенім?! 

Жаныштайды жүктерім арқамды алып, 
Баяғы сыр кеудемде, тарқалмады. 
Жарығынан адасқан жұтаңы мол 
Жылдарым тұр жанары жаутаң қағып. 

Бағытқа алып беймәлім бір кемені, 
Үрей жұтып келемін, үндемедім. 
Таянышы көретін тағдырымның 
Тілегім бар, тілім көп күрмеледі. 

Тәтті елестер таматын түнімде еріп, 
Арманымның алқынтар сүрінгені. 
Көздеріме көшірем күнді амалсыз 
Көкірекке қасірет күлін көміп. 

Ал, жүрегім, жүрегім тілімделіп...

*** 

Сағымына сіңді ме сұрағаным?! 
Бүгін тағы өзіңсіз күн ауады. 

Тереземнен жел гулеп салады әуен, 
Мен жолыңа қарайлап қала берем. 

Көңілімнен қашанғы бұлт көшеді, 
Сезсем бәрін құр босқа күтпес едім. 

Жүрегімнің енді кім назын ұғар, 
Жолықпаған жолдардың жазығы бар. 

Сарқылғандай бола ма шыдам көлі, 
Айға қарап алқынам дұғамды оқып. 

Ту сыртымнан қанжарын келіп ұрған, 
Солғын тартқан жанары сенімім бар. 

...Жарық күнім, сен жырлап жүру үшін 
Еншімдегі етейін нені құрбан?!

Ж. Жұмағұлов