Жас ақындардың «паспорты» - 2

Жас ақындардың «паспорты» - 2
Фото: Вконтакте

Жас ақындардың "паспорты" жайында осының алдындағы мақалада біраз топтамасын ұсынып едік. Осы жолы да қатарынан оқ бойы озық шығып жүрген жас ақындардың топтамасын ұсынып отырмыз. 

Мен жазғым келеді,
Жүректің тұп-тұнық екенін,
Бақыттың күттіріп өтерін,

Мен жазғым келеді,
Адамдарға сенуге болмайтынын,
Өмірдегінің бәрі көңілге қонбайтынын,

Мен жазғым келеді,
Дүниенің бір күнде өтерін,
Ғаламның мынау ғажайып сыры
Сенің күлкіңде екенін,

Мен жазғым келеді,
Жүрекке сондай ауыр екенін,
Ол есік бәрібір жабық екенін,

Мен жазғым келеді,
Жолдардың ешқашан жұбатпайтынын,
Жақының түбінде жырақтайтынын,

Мен жазғым келеді,
Ақынды ақтағым келгенін,
Хатыңды сақтағым келгенін,

Мен жазғым келеді,
Күлкінің ішінде көз жасы барын,
Бақытқа сордың тез қосыларын,

Мен жазғым келеді,
Бәрінің себепсіз болмайтынын,
Өлеңнің керексіз қалмайтынын,

Мен жазғым келеді,
Не екенін өрлік дегенің,
Адалдың қорлық көрерін,

Мен жазғым келеді,
Ғашықтың көзсіз екенін,
Адамның емес,
Алланың мейірімі шексіз екенін!..

Мен жазғым келеді...

Жандарбек Жұмағұлов. «Мен жазғым келеді...»

Бір күндер болады,
Күлкі білмейтін.
Бір түндер болады,
Кірпік ілмейтін.

Бір сезім болады,
Сыр ақтаратын.
Бір әзіл болады,
Жылап қалатын.

Бір бауыр болады,
Серік болмайтын.
Бір ауыл болады,
Көлік бармайтын.

Бір сырың болады,
Бөліске - жетім.
Бір шылым болады,
Теріс шегетін.

Бір уайым болады,
Тас та жылайтын.
Бір қайың болады,
Басқа құлайтын.

Бір бақыт болады,
Түкірген көбі.
Бір уақыт болады,
Күтіңдер мені!

Батырхан Сәрсенхан. «Бір күндер болады»

Бұл кезең – ұмыту кезеңі...
Ажал сепкен семсердің жауыздығы секілді
Сен ұмытыласың,
Мен ұмытылғандай –
кітаптар ішінен.
Кітаптар – боздағым,
Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді,
Ал, жырлар – сенгісі келетін маусымдарым ғой
Үсіген.

Ал, жылдар...
Е-хе-хей, жылдар!
Әжемдей бәрін жұтқаным – 
Қоңырлық.
Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі
Түсінем,
Өмірлік.

Бостандығымның туы секілді желбіреп шашы
Жайығым келді.
Жайық – менің жыланым!
Басыма қарғалар қонды..
Мен бәрін ой деп түсіндім,
Осыған сендім – 
Түнегінен боз бояу іздеп 
Күнәнің.
Қалам – саған серт!
Қарындасым куә
Жаңбырға тағдырдың ұйқасатыны секілді,
Үмітке күдіктің ұйқасатыны секілді
Ғайып...
Жырға айналдырам дедім сені
Шыдадым.
Тостым.
Омыраулы шағылдарымнан сезім сауатын
Азапты ойларым қарқылдап ұшты.
Қарқылдап ұшқан қарғалар сынды
Кітапқа көшкім
келеді менің
Жайық.

Бекзат Смадияр. «Бұл кезең – ұмыту кезеңі...»

Біздерге
...көкте – Күн
...жерде – Топырақ
Қарусыз, кең құшақ қарауыл.
Оларсыз:
қу тақыр Пенде тоқырап,
қирайды қала – Бұл!
О, Қала!
Есіне!
Көз ілме бірақ!
Қи маған бір мезет Ұйқыңды.
Тарқатсын Бойжеткен өзіңде жылап,
қиялын – сиқырлы
... Өткеннің
...  бүтіндей күн жұтқан Мұңын
Қақалып, тастайды түн құсып.
Қыз үні жаңғырар жым-жырт таң
– Бүгін, сүйгенше гүлді шық:
"Көктемнің тамбаса
Ой тамшылары  шылқытып, есіме менің.
Реніштің тұтанбай Сайтан шырағы,
... ех, кешірер едім!"
Қала ояу,
Мен – әлсіз, бұлақ қайғының
Таң атып, үні қарлыққан...
Көктемнің күндізін Ұнатпайтыным
–  Сондықтан!
Жаңылып барамын,
күрсініп естен,
Таба алмай түйір бойдан мін.
Мен тең жарымында
Тіршілік кешсем
Сіз ойланбаған ойлардың...
Серік қып үмітке төзімді əрдайым,
Болмай-ақ қойдым Күлше қыз!
Мен Білдіртпеген боп өзімді алдайын
Сіз Білмегенсіп жүрсеңіз...Үйренген көңіл күндер,
нөсерге Үйрене алмады мұны түк!
Мен əлі ұнатып үлгермесемде,
Сіз үлгеріпсіз ұмытып...
Туылмай жатып-ақ,
шетінеді жүз,
"Біз" жайлы қанша текті өлең,
Қарс айырылса да Көкірегіңіз Өлеңмен сүйген боп келем?!
(ал іштей, шыным, жек көрем)
Сөзім мен сезімім отыр ұштасып
Күнəдан бүгін таза кім?
Мен көрінбеу үшін өтірік ғашық
Өтірік өлең жазамын!..

түсініп көріңіз енді...

Сандуғаш Серікқызы. «Түсініп көріңіз енді...»

 «Мәжнүннің мен де бірі мұңы басым..."
Адалбек Ақмәдиұлы

 

Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейсің,
Ғашықтықтан жынды боп қалған ба ағаң!
...Ит табанын сүюге мәжбүрлейсің,
...Ләйләсі үшін Қайыстай* арланбаған.

Жетпес еді-ау мүлкі де Ескендірдің,
Жету үшін өзіңдей арманға адам.
Сұлтандарды меңіңмен сескендірдің,
Қос қаладан қымбатсың, қарғам, маған.

Дауысыңнан естілді жаңғырып бір,
Бұлбұлдардың бақтағы байырғы әні.
Сұлулығың талайды таң қылып тұр,
Шабыттанды шығыстың шайырлары.

Ғашық болғым келеді мәңгілікке,
Бақыттардан баянсыз бас тартамын.
..Мәңгірікпе!
...Салынба әңгілікке,
...Троялар шықпасын тас-талқаның.

Күнімбісің нұр төккен көгімдегі,
Жұлдыздарсың көп сыры ашылмаған.
Неге бәрі сорғалап төгілмеді,
Аптығымды қайтейін басылмаған.

Мені есі ауған делқұлы, мәжнүн дейді Ел,
Ғашықтықтан жынды боп қалғандаймын.
...Ит табанын сүюге мәжбүрлей бер,
...Ләйлім үшін Қайыстай арланбаймын.

*Қайыс – «Ләйлі-Мәжнүн» дастанынындағы Ләйліге ессіз ғашықтықтан мәжнүн (жынды) атанған араб жігіті.

Бауыржан Мырзақұл. "Мәжнүннің мұңы"

Ертістің е е ең басында туған ер ем,
Шіңгілде ұйқтатпайды шулап өлең!!!
«Ертіс, Шіңгіл екі су...» жағалап ел,
Өзек талмай өтіпті мың бәледен...

Қос дәрия ұмытылмаған ұлы тұлғадан,
Өр Алтай атымен де ірі тұр далам.
Екі өзенді ен жайлаған он екі Елден,
Тек он екі салалы бұғы тумаған.

Қалар дейсің қалаумен кімнен бедер,
Шүршітте Шіңгіл қалды түрген кемер...
Өзек дертін Өзің ұқ тел қоңырдай,
Қос емшек Әму менен Сырды емген ер.

Құрсақ етті бөлді ғой құйынды әлем,
Ел демесем Тәңіріңе сиынбар ем.
Еділ  Жайық, Әму  Сыр, Ертіс  Шіңгіл,
Алты Өзеннің үшеуі бұйырды әрең.

Шын сағынар ақындай шерменде жоқ,
«Ата жұрты Бұхара» елден бөлек.
Ақын болам деген ер менен тілек,
Серке санды ат мініп сергелдең өт!!

Туған жер топырағың жебеп тұрад,
Сағынарға іздемен себеп, бірақ.
Сондай Отқа отыз жыл шыдап берген,
Әй, Төкө, жүрегіңде ерек қуат.

Асырып айтарыңды сілте, керей,
Бұрқырап өлең жазған, білтелемей.
Он жылда Орхон  Оралханды орап кеткен,
Сендей ақын бар десе кім сенеді  ей.

Мен де өзіңдей Сағыныш жастанған ұл,
Бақ таймасын, аумасын бастан дәуір.
Сендей өте пәк достар жинап жүрмін,
Салмағы Жерді қойшы, Аспанға ауыр.

Әріби Өр-Алтай. «Қос өзен қасіреттері» (Төлегенге)

М. Ақан