Мұқағали Мақатаевтың 3 өлеңі

Мұқағали Мақатаевтың 3 өлеңі
Фото: fluper.ru

Мұқағали Мақатаев – Қарасаз топырағында туған қыран. Ол қазақ халқының жыр сомдаудағы ұлттық мектептері мен дәстүрлерін жалғап қана қоймай, оны жан-жақты дамытқан, қазақтың өлең-сөзін жаңа заңғарға көтерген, жаңа кеңістікке алып шыққан дара дарын.

«Ей, безілдектер, Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды өз орнымызға солар қояды. Ежелден солай болып келген, солай болады, бола береді де. Мен өзім жайында мынаны айтам: мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да…»,– депті Мұқағали

Ақиық ақын өз заманында лайықты бағасын алмаса да, бүгінгі ұрпақ оны бір ғасырда бір туатын алып тұлға ретінде таниды. Ендеше алып ақынның жүректен-жүрекке жеткен үш өлеңін назарларыңызға ұсынамыз.

Туған жерге

Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде - құрбылармен алысқам,
Анау жерде - құрбы жанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау, шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Шабындықтар,
Егістіктер,
Тоғайлар.
Төбелердің төбесінде - көк айдар.
Ақ сағыммен араласып, аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры,
Бәрі таныс - кісінеген құлыны
Ін аузында шаңқылдаған суыры.
Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен!

Айтатын саған сырым бұл

 

Айтатын саған сырым бұл,
Ертеңім менің бұлыңғыр.
Әлсіреп, дымым құрып жүр.
Адасып менен кеткен бе?
Айналайын құлын-жыр.
Айтатын саған сырым бұл,
Бастаудың мұздай суымен
Мерт бола кетсем жуындыр.
Өртенген жанды суындыр.
Ерте келіп, ерте өліп,
Шарамды таусып, төңкеріп,
Кетем бе деп қорқамын,
Өз отыма өртеніп.
Бұлақтың мұздай суымен
Жуындыр мені, жуындыр.
Қауышып жаным жырыммен,
Алайын сосын тыным бір...

Халқым барда

Шыныменен дос жоқ-ау дос жоқ менде.
Сонда қалай, өмірім босқа өткен бе?!
Осылай бір байламға келдім бүгін,
Қарадым да сүйіскен қос кептерге.
Менде арамдық жоқ еді алабөтен,
Доссыз өмір жалғанда қараң екен.
Қақ жарылған қауымға қайран жүрек,
Қашан ғана қаңырап қалар екен?!
Сәл сабыр ет, ей досым, жасымағын,
Доссызбын деп мен неге ашынамын?!
Дос кеп менде, қашаннан досым - халқым,
Қараймын да мен соған басыламын.
Доссызбын деп айта алман халқым барда,
Саясында халқым бар салқындауға.
Қарғамаса болғаны халқым мені,
Айналмаса болғаны нарқым дауға...
Қалт-қүлт етіп, мейлі, мен күн кешейін,
Күн кешейін, еліммен бірге өсейін.
Мені әзірге, ей, тағдыр, мазалама?
Емін-еркін жұртыммен тілдесейін!

М. Оңғарова