Есенберлин поэзиясы.

Есенберлин поэзиясы. "Қазақ қызы" дастаны

КІРІСПЕ

Оқушым, айтарым көп қойсаң құлақ,
Өмір тек емес мөлдір қайнар бұлақ.
Ол бірде қара судай қалар тұнып,
Тасқын боп кейде таудан жатар құлап.
Кім оның таңдай білсе ең тазасын,
Сол үшін құрбандыққа тігіп басын
Күреске шыға алса қалмай бұғып,
Түсінер сол ғана өмір мағынасын.
Тіршілік мен де сырын түйіп келдім,
Кей кезде отына да күйіп көрдім,
Сондықтан маған қымбат ондай адам,
Ондай жан-жаным сүйер кейіпкерім.
Мінекей, сондай өмір қызығы үшін,
Арнаған қажыр-қайрат, күллі ісін,
Жыр еттім адамзаттың бір асылын
Күрестің көрсете алған шын үлгісін.
 
1
Алтынай, замандасым, құрбыласым,
Бастайын сенен бүгін жырдың басын,
Барады күнім өтіп, көз байланып,
Айтылмай өкініш боп сыр қалмасын...
Қартаяр адам деген, болар кәрі,
Өткен күн шығар естен, тозар бәрі.
Қоңыр қаз ұмытпай ма шалқар көлін
Алыстан ұшқан сайын одан әрі!
Әйтседе, жаңа ғана атқан таңдай,
Жастық шақ, алтын арай, қызық қандай!
Қарасаң ұзап барып, таң қаласың —
Кез екен ол бір мәңгі қызыққандай!
Сондықтан, көрген мұңның ұзақ күзін,
Қасірет, қайғының да қара жүзін,
Отырмын ұмыта алмай өзің-сынды
Сезімтал, ойлы көзді қазақ қызын!
Асылбек — жас жазушы сүйген жарың,
Ернінен ақ бетіңе тиген жалын,
Жолыңа құрбандыққа аямаған
Отына махаббаттың күйген жаның!
Қараған мөлдір суға жардан төмен
Секілді жапырақты жасыл емен,
Үңіліп кірсіз таза сезіміңе
Іздеген шын махаббат о да сенен!
Мәз болған гүлдей жайнап күлгеніңе,
Жер бетіне бірге басып жүргеніңе.
Санайын ең бақытты адаммын деп
Өзіңмен бірге тірлік сүргеніне.
О дағы жарқын ойлы, пішінді еді,
Сен десе шаттық ойнап түсіндегі
Тұратын қой көзінен нұрын төгіп,
Алтын күн — жүрек деген ішіндегі!
 
2
Жалғанда бір сезім бар сүю атты,
Қызық жоқ одан нәзік, сұлу, тәтті.
Шын ләззәт асыл тастан берік келер,
Сынбайды ұрса да өмір суық, қатты.
Біріне-бірі күліп қарасып тек,
Дүниеден сен қалауым, аласым деп.
Үніндей қобызбенен күйсандықтың
Үйлесті екі тілек жарасып кеп.
Шаттықтың жырын өңі, түсінде де,
Шырқаған өмір бұлбұл түсінгенге,
Танбайды сол әнінен әнші мәңгі,
Сайрайды зиратыңның үстінде де!..
Ежелден уақытқа адам бағынышты.
(Секілді уақыт-тынбас ағыс күшті).
Зымырап өтіп жатты сәнді күндер
Біріненбірі ыстық, сағынышты...
Тек, әттең, сұқтанып кеп қарады да,
Алтынай тәрізді ақ маралыма
Бір жауыз оғын атты. Жарық күні —
Айналып кетті кенет қараңғыға!
 
3
Күн өтер, өтер өмір, өтер кісі,
Қиянат аз ба адам көрер ісі.
Дүниеде бақыт пенен жарық бар ғой,
Деген кім: адамға тек тиісті түн?
Кенеттен төкті тағдыр неге кәрін?
Түсіну қиын қазір бізге бәрін.
Мәлім тек сол дауылда аз болған жоқ,
Жоғалтқан қорқақтықтан ұят, арын!
Түбіне көп кісінің жала жетті,
Сан биік жанды жермен-жексен етті.
Солардың бірі болды Асылбек те,
Оны да қара түнде алып кетті.
Осы бір ауыр күнде тастай батқан,
Аямай тарс жабылып тағдыр-қақпан.
Алтынай жас босанған, қалды күйреп,
Адамдай күнәсі көп қарғыс атқан.
Көрсем мен, жыландайын қайғысы ұзын,
Қасірет көп, бақытсыз кей қазақ қызын
Қысылам, ұрлағандай сол бейбақтың
Дәл өзім қуанышын, бақ жұлдызын.
Сондықтан менің де бір тілегім бар:
Болмасын өмір шіркін тулақтай тар.
Көрмесін ана байғұс қайғы азабын,
Дүниеден шер жұтуға тумасын зар!
 
4
Көк теңіз жатыр дүлей түсі суық,
Жел тұрса үйдей-үйдей толқын қуып.
Сол судың ортасында бір арал бар,
Жағасын ағыс жатқан тынбай жуып.
Көк құрыш алдаспандай суық түрі,
Әлемге аян жойқын көгілдірі.
Суына қанша оның, жуынсаң да.
Кетпейді көкіректен көңіл кірі!
Аралдың кедір басқан қыр мен ойын,
Ақ қайың көрінеді ойдым-ойдым.
Кей жерде тұтас біткен қалың емен,
Ақ гүлді мойыл жапқан сайдың бойын.
Қызарған алғашқы таң арайындай,
Жартастар қалған қатып, қарайып жай...
Көк аспан күннің суық ызғарынан
Ағара түскен бейне қалайыдай!
Сұсты әлем! Суық сәуле, жарық сараң,
Үңгірлер үңірейген — қалған қараң.
Қызарған жарқабақтан күннің көзі
Ұшырар үрейіңді одан жаман.
Осынау сұрғылт күндей сұр аралдан,
Қайғы-шер, қасіретпен бір жаралған,
Тәрізді көрінеді сұрғылт жандар
Тас қашап, ағаш кесіп, үй қалаған.
Қайғылы жүздерінен сабыр кеткен,
Тірідей қасіретті қабір еткен,
Теңіздің ортасында пайда болған.
Бұлар кім? Түсірді ме тәңір көктен?
Көзінің танимын мен қарасынан,
Танимын жүректегі жарасынан,
Асылбек мынау жүрген жүдеу өңді,
Алыстап кеткен туған даласынан.
Қоя ма ауыр жазмыш қобалжытпай.
Бұл әлем Асылбекке құбыжықтай...
Бүк түсіп отырады қайғы құшып,
Өткен күн бүгін ойда бірі жоқтай.
Қалған ғой үміт сынып, тілек өліп,
Қарайды аққан суға жардан төніп,
Қарайды көк толқынға, телміреді
Жатқандай арман біткен суда сөніп.
«Уа, үміт, жалын едің көкіректе,
Сыймаған тасқын едің жер мен көкке!
Осылай сағымға ұқсап өшкенім бе,
Тас бауыр, құла мидай қу түбекте?»
Қираған сондағы үміт, тілектері,
Үзілген домбырадай бар ішектері
Сыртына қалай, қайтіп шығарады
Күйігін жатқан өртеп жүректегі?!
Кім тыңдар Асылбектің сырын ашқан?
Ақ тиын? Әлде мынау сұрғылт аспан?
Не пайда шағынғанмен мылқау құзға,
Оның да омырауын кіл бұлт басқан.
Бәрі өлік. Жатыр жалғыз теңіз шулап,
Жарды ұрып, төңкеріліп шумақ-шумақ.
Бұлқынған жүректегі арман-сынды,
Көк толқын көтерілген көкке тулап!..
 
5
Қазір қыс. Көк темірдей қариды ызғар.
Ұлиды боран қайғы, ұлиды зар...
Тайганың қар жамылған ағаштары,
Мүлгиді тұл дүниедей соққан қаһар.
Біледі құтылмасын бұл аралдан,
(Тек бұдан қайғы менен мұң таралған)
Кең аспан қазір оған ұлтарақтай,
Дүние қалай мұнша тар жаралған!
Хат жазды. «Білмеймін мен болды қалай.
Көруім енді елді екі талай.
Қалмаймын обалыңа, асыл жарым,
Бағыңды ізде өзің алтын арай»
 
6
Алтынай қаңылтырдай майырылған,
Қайғыдан қанатынан қайырылған.
Сидиып сүмірейген жас ағаштай,
Қыс келіп жапырағынан айырылған.
Кезбейді қиял бетін самғап көктің,
Сезбейді шипа демін самал лептің.
Ұшына кеп мұң көлеңке ізі шалған
Бір кезде нұр ойнаған алма беттін,
Өмірден шөлі мүлдем қалған қанбай,
Құшағын жая түсіп алданғандай.
Кетеді шошып кейде, оқтаулы бір,
Мылтықтың аузынан кеп қарағандай...
(Бақ қанша көтерсе де қолтығымнан
Оқушым, таныс мұндай қорқу маған.
Күнім жоқ қобалжымай өткен тыныш,
Күнім жоқ күрсінбеген, толқымаған!)
Алтынай отыр үнсіз, отыр сұлық.
Жас сұлу дауыл соққан гүлдей сынып.
Әкеткен мүлдем сорып ақ жүзінің
Шаттығын қайғы деген қара сүлік.
Қор болған жан сезімі, махаббаты
Не істерін білмей жүдеп, басы қатты.
Сарғайтып сағынышы — жегідей жеп,
Жай ұрып жас денесін, жасын атты.
Құлыны, қуанышы, гүл шешегі,
Көңілі жас сәбиі күлсе — өседі,
Жүрегін үмітпенен соқтыратын
Сол еді ендігі арман — келешегі.
Қам көңіл шыдай алмай босады ма,
Тосатын сыры бардай дос алдына,
Алтынай жасқа толған бота көзін,
Қасында адам бар ма берер дәрі?!»
Езіліп сонда кенет бауыр еті,
Жанына қатты батып ауыр дерті.
Дауыстап жіберді де үрейленіп,
Бүк түсті. Есінен сәл ауып кетті.
Анасы кірген үйге іле-шала,
(Сүлдесі жүр ғой оның бітеу жара)
Су беріп отырғызды Алтынайын,
Сөйлесті енді ақырын екеуара...
«Мен едім сенің, апа, бар тілегің —
Менің де болдың жалғыз — бар тірегім.
Беретін қандай маған ақылың бар.
Мінекей құлар жарға мен тірелдім?»
Халқымен көрген бірдей сан жәбірді,
Қазақтың әйеліндей жоқ сабырлы.
Дей берді: «Шыдасайшы, қалқатайым,
Қайтесің өшіктіріп қу тәңірді!»
Алтынай кенет ұшып түрегелді
Шыдамай әрі-бері жүре берді.
Бір мезет кілт тоқтады, анасына:
«Не істеуді енді өзім білем!»— деді.
«Қосылған жарым еді жаным сүйіп,
Кетемін түссе есіме жаным-күйіп.
Сарғайтып сарғалдақтай әлдеқайда
Қалдырам оны қалай жалғыз қиып?
Осынау басқа түскен қараң күнде
Ушығар онсыз қайғы жарам мүлде.
Тапсырып Нұржанымды енді өзіңе
Барамын Асылбекке, болам бірге!»
«Қиналған үніңді естіп жасып кеттім
Жібердің аузын ашып ащы дерттің.
Күнде өліп жүргеніңді көргенімде
Қосылар қасіретке қасіретің!—
Сөзіңнен, Алтынайым, жаным құрбан,
Нұржаның шамым болсын жанып тұрған.
Өзің біл, таба алмасаң бөтен емді —
Шеріңе тыным таппай алас ұрған»
Шыдамай мұндай күйге олқы жаны,
Деп кенет анасы да солқылдады.
Сөзінен бишараның тебіренген,
Алтынай тұрды әзер толқып қаны.
Жан апа, «сенсіз маған қиын деме»
Кетсем де мен алысқа, қиыр жерге,
Өзіңе Нұржантайым серік болар,
Қабағың жалғызсырап түйілгенде.
Айтшы сен, Алтынайдың замандасы.
(Сөзіңнің қымбат жалғыз маған расы).
Осынау серпінде де жатқан жоқ па,
Адамның адам деген мағынасы?!
О, Адам, бар өмірің күрес, майдан,
Таң қалам шығады алып күшің қайдан?!
Өзіңмен күнде қатар жүрсем-дағы,
Биіксің маған ұлы Гималайдан!
 
7
Бұзылды тағы аралда ауа райы.
Тағы аяз, тағы ысқырып қар борайды.
Қосылып тайга ағашы гуілдейді,
Солқылдап бірге долы жел жылайды.
Сәл ғана күн басылса қар боратқан
Шығады тұтқын біткен сұр барақтан.
Тайганы жаңғыртады ара даусы
Кедірді кесіп тынбай сырыл қаққан.
Ғажап қой адамзаттың бұл баласы,
Тұрса да кеудеде мұң, көзде жасы.
Көрсетер мықтылығын, кетпес сынып,
Жаралмас мұндай қатты гранит тасы!
Көк құрыш суарылмай болмас берік,
Әлсіздік адамға әсте емес серік.
Тек қана күрескерлер құдіретті
Сын сәтте осалдыққа бермес ерік!
Бітсе де жазмыш — озбыр, өмір — ауыр
(Қайғыдан болған әбден көңіл жауыр)
Асылбек тас түйініп алған бекіп
Сабырмен тосып алдан күнді тәуір,
(Сан азап мен де өткізгем өз басымнан
Тұншығып өлер едім көз жасымнан.
Егер де жылай берсем, құлай берсем,
Күрестім, мезгілім жоқ тез жасыған!)
Алтынай келгеніне жылдан асты
(Осында дәрігер боп орналасты).
Бір ғана Асылбек деп шыдай білді,
Татса да тіршіліктің дәмін ащы.
Қалғандай жігітке де шырай кіріп,
(Көптен ол көрген емес бұлай күліп).
Бірінің-бірі күйін жеңілдетті
Әрқашан бір-біріне қарай жүріп.
Болса да көңіл шіркін аса күпті,
Сеніммен жақсылықты аңсап күтті.
Тек әттең! Асылбегі кесел тапты
Жазылмас күтсең-дағы жан caп тіпті!
Аурудың іште жатқан дерті күшті,
Кей кезде әкетеді өртеп ішті.
Алтынай қалар еді қажып жүдеп
Естісе жар сөзінен өкінішті?!
Сондықтан батса-дағы күйдірген шоқ,
Қалжыңдап әзіл айтып, күлдірген боп,
Асылбек іште жатқан жабығуды
Tiс жарып Алтынайға білдірген жоқ.
Дегенмен, өн бойыңа қан таратқан
Сезімтал жүрек қой бұл қайғы батқан.
Көрді жар қасіретін жасырса да,
Көзінде қара бұлт боп түнеп жатқан.
Алтынай іштей күйіп тым жабықты,
Біледі: жар жүрегін мұң қарыпты.
Бұзылған сағат-сынды қас-қабағы,
Шер деген тұр көрсетіп бір қалыпты!
Қайғыдан қалмайтұғын бірден жасып,
Шаттықтан кетпейтұғын мүлдем тасып,
Сабырлым, сары алтыным — қазақ қызы,
Айта алмай отыр әлі сөзін ашық...
Осынау кірсіз, таза, ұяң мүсін
Адамды жаралғандай аяу үшін...
Асылбек енді өзі сөз қозғады,
Қия алмай Алтынайдай аяулысын:
«Кім келіп, кім кетпеген бұл жалғанға
Аз ба адам өткен өксіп құр арманда?
Мінекей дүлей тағдыр берді кесел.
Ұқсайды өзге азабым аз болғанға!
Сескенем сонау ажал дүбірінен.
(Сыздана шығатын кейде күбірінен)
Қимаймын сендерді тек, бұл жалғаннан,
Үзер ем шіркін көңіл күдерін мен.
Барынша жар-қосағын сабыр етті.
Суға енді сенім атты салым кетті.
Нұржан мен сені аяудан титықтадым —
Елге қайт, шақырта алсаң самолетті.
Адамның бала күні — арқауы да,
Қайғының себепкері тарқауына.
Қасыңда болса ондай қуанышың,
Өскенде айналады қалқаныңа!»
«Жолыңа, Асылбегім, құрбандықпын,
Сырыңды жүрегіме құйдың — ұқтым,
Өлсем де емін іздеп жанталасам
Қатігез тағдыр берген бұл бұйрықтың,
Әміршім, тіршіліктің сенсің нұры,
Қалайша тастап кет деп тұрсың тірі?
Осындай қиындыққа шыдамаса.
Несіне сүйеді адам бірін-бірі?!
Кетпеймін тастап сені мен өмірде!
Алмашы сәбиді де көп көңілге...
Табамын саған дәрі, тайга жомарт,
Орынсыз күні бұрын тым түңілме!»
Келеді қиындықты бір көргісі,
Қаласа жауыз тағдыр — бірге өлгісі.
Осындай беріктікте жатқан жоқ па,
Адамның Адам деген бір белгісі!
Достықтың жүректегі жыры мықты,
Жарының жатқан терең сырын ұқты.
Бір мезет шердің қара түні безіп,
Қайтадан қуаныштың күні шықты!
 
8
Тағы жаз, тағы тайга, тағы да арал,
Аңдыған секілді бір тағдыр-тажал.
Қауіпсіз, сірә, дүние жаралған ба,
Төнді кеп Асылбекке тағы да ажал.
Ақын ол, сезімі өткір өзгелерден,
Сол зорлық— ауыр соққы көзбен көрген.
Сондайда еске алады өз даласын
Қымбат қой ол, әрине, өзге жерден.
Туған жер өткен қызық, албырт шағы,
Арманы, қуанышы, алтын бағы.
Сонда қап жүрек, тыныс, ой, тілегі,
Бұл жақта жүргендей құр аруағы!
Мұндайда қиялдың бос есер желі,
(Бос қиял жүдеген жан ішер-жемі)
Әттең-ай! Тағдыр — теңіз, қоршап алған,
Қиялдың өзі-дағы кісендеулі!..
Жаныңа кесел қанша батса-дағы.
Қасыңда сұм қорқыныш жатса-дағы.
«Сыр берме», дейді ақылы «қосағыңа
Шыдай біл, таңың түн боп атса-дағы!»
Алтынай, бірақ қалай, жар саналы,
Ұмытар Асылбектей жан-жараны?
Кеселге шипа болар шөпті іздеп
Күніне тайга ішіне сан барады.
Мұндайда адамды ыза табалайды,
Қабаған иттей қайғы абалайды,
Өр әйел шыдап бақты. Әттең! Әттең!
Бір ғана жарасына ем таба алмайды:
«Не ғып жүр Нұржантайы? Өсті ме екен?
Өкпесі анасына өшті ме екен?
Айырылған бөбегінен өлмей тірі —
Ешбір жан біздей азап кешті ме екен?»
Алты күн жатты Асылбек бейне өлік,
Састы әбден дәрігерлер мұны көріп.
Ақырын дірілдейді кірпігі тек
Жүректің соққанынан белгі беріп.
Құрысқан, дірілдеген, қансыраған,
Алтынай жарын аяп қан жылаған.
Әзер жүр тәлтіректеп, кетпей құлап
Алты күн тыным білмей қалжыраған.
Жаралы дауылпаздай қанат ұрған,
Алты күн жеңемін деп қайрат қылған,
Ең соңғы шарасы — у тамызылған,
Дәріні берді шөптен қайнатылған.
Алты күн! Алты жылдан кем соқпады,
Бір жүріп, сорлы жүрек бір тоқтады,
Алам деп алты күнде Асылбекті
Жұлқынып өлім төніп сан оқталды.
Алтыншы күннен мезгіл асқан кезде
Асылбек келді әзер аздап сөзге
Ақырын ыңырсыды. Жұбайы тұр
Көзіне дым түспеді одан өзге.
Жиды есін, енді әбден тілге келді,
Шаршаған жүрекке дерт тыным берді.
Қуанды мәз-мейрам боп Алтынайы
Алты күн бір күнгідей көрінбеді!
Сорлы адам дәрменсіз бір жетім еді,
Ғажап қой аз мезгілде жетілгені!
Мінекей шипа қонды Асылбекке
Кесел-дақ көрінбейді етіндегі!
Қалайша қуанбасын жүрек енді,
Кеселді бақыт күткен тілек жеңді.
«Нұр жауар талаптыға» деген сөз бар
Алтынай тапты сөйтіп керек емді!
Махаббат, сақталса адал абыройы,
Дүниенің ең қызықты әсем тойы!
Жеңе алған сол той үшін қиындықты,
Адамзат жасай берсін ақыл, ойы!
Жарық күн, сұлу ай да күміс түсті,
Толқынын теңіз-дағы қуған күшті.
Жаралған бәрі тегіс жақсылыққа,
Сол үшін жан-жануар қуанышты!..
Әлсіздік, жамандықты қуып шықты,
Паш еткен адалдықты, сұлулықты.
Осынау Асылбек пен Алтынайдай
Қыздар мен ұлдар кілең тусын мықты!
Қараңдар, әне, екеуі қақты күлім.
Өткізіп бастарынан қайғы түнін,
Таң атып, қара түнек ғайып болып
Оларға бақыт алтын жақты күнін!
Шаттанды екі байқұс іске сәтті,
Тас шеңбер босатты енді қысқан қатты,
Шырқаған көгершіндей көк аспанға
Самғады қиялдары құс қанатты.
Шомылып шық суына гүл сыланды,
Сұр мерген ата алмады ақ бұланды,
Күресіп қиындықпен жан аямай,
Жеңді адам жазмыш атты әбжыланды!
 
9
Арман ғып жақсы сөзді, жылы лепті,
Бұл жақта тағы біраз жылдар өтті.
Біріне-бірі үлкен сүйеніш боп
Өмірдің сан күйігін жеңілдетті.
Бұл кезде Ұлы Отан да сынға түскен,
Алысқан Гитлер құзғын — сұмдық күшпен.
Өзіңе жатқанда жау қылыш сілтеп
Оңай ма шұғылдану өткен іспен!
Тоқтатпай итермелей өзге тілек,
Жылжыды алға тарих — зор дөңгелек.
Заманды қалған әбден қалыпталып,
Ұғуға, өзгертуге уақыт керек!
Дегенмен өмір күнді жақындатты,
Өзгертер тегеуірінді кезді қатты.
Қатені болған ұғар өткен шақта
Жаңа ойлар, жаңа адамдар туып жатты.
Күйреді, Гитлер сынды, жау жеңілді!
Орнады бейбітшілік, жер кеңіді.
Күйзелеген шаруасын жөндемекке,
Кірісті халық тағы ер көңілді.
Кезеңдер өтті талай аты шулы,
Лайлаған мөлдір таза ағын суды,
Сұмдардың өшіп үні, Ленин елі
Көтерді әділеттік алтын туды!
Алтынай Асылбекпен жанды бағы
(Қауіпсіз енді мәңгі болашағы)
Ағарып самайлары қайтты еліне
Осылай әділеттің атты таңы.
Қайғыдан қалмайтұғын бірден жасып,
Шаттықтан кетпейтұғын мүлдем тасып,
Сабырлы, сары алтыным — қазақ қызы,
Мен едім мінезіңе мәңгі ғашық.
Сол қыздың бірі сенсің, Алтынайым,
(Өзгеден маған қымбат, жасырмайын)
Ардақтап көтердің ғой ту ғып көкке
Махаббат деген адам жан шырайын.
Біргемін оның асыл тілегімен,
Ұстадым құламасқа білегінен.
Көремін үлкен оның мен тұлғасын
Лүпілдеп соққан титтей жүрегінен...
Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингінде 10 саты жоғарылады
Қазақстан egov дамуының әлемдік рейтингінде 10 саты жоғарылады
UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады
UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады
5G жайлы 5 миф
5G жайлы 5 миф
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Жалғас Жұмағұловтың UFC-дегі алғашқы жекпе-жегін қайдан көруге болады?
Бауырдың қабынуы
Бауырдың қабынуы
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ
Айдын Рахымбаев коронавирус жұқтырғандарды тегін емдейтін орталықтар ашпақ