Жанерке Ғинаят: "Көздің жасы жаратылған мөлдірден"

Жанерке Ғинаят: "Көздің жасы жаратылған мөлдірден"
Фото: vk.com

Ғинаят Жанерке Мерекеқызы 1996 жылы 24 ақпанда БҚО, Зеленов ауданы, Подхоз ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда М. Өтемісов атындағы БҚМУ–дың «Филология: қазақ тілі» мамандығының 1-курс студенті.

Асылы, қыз сезімі тым тереңде жатса керек. Оған жас ақын арудың жырларын оқысаңыз көзіңіз жете түседі. Жан түкпіріндегі жүрек сырларын ақ қағаз бетіне жайып салған Жайық қызының жұмбақ әлеміне сапар шегіңіз!

*** 
Кеудеме қарай құйылған сезінем сеңді, 
Сезім бе, дерт пе құрсаған?
Шаhaрдың түні жіберді езіп еңсемді 
Кімдерге, не деп мұң шағам? 

Өксиді қараң ғұмырым ала таңды аттай, 
Сүрмесін білмей сүрерін, 
Аласұрғанда жалғаннан алақан таппай
Жанымның сипар жүрегін.  

Мен, әлде, өзімнен осылай жерінемін бе, 
Жасымды сүрте алмасам?
Жалғыздығымның сыя алмай шегіне мүлде 
Жалғыздығыңа жармасам. 

Гүлден де нәзік сертімнің мазасы шер ме, 
Қасіреттерден ем сұрар? 
Қаталдығымның бар болса жазасы Жерде 
Сен шығар.

Эмпатия 

Тағдырыңменен таласып іштім бір уды, 
Жыртық жанымның жарасы сыздап, жасы үдеп, 
Жанар түбіне жасырын тұнған жылуды 
Мойындамауым - лағынет, 
Мойындауым да - қасірет. 

Кеш мені ессіз ерегескенім үшін де, 
Жанарым үшін жұтаң қайғыға жаутаңы аз. 
Тұманын жұтқан түнек болмысың ішінде 
Қалуға тағы шамам жоқ
Кетуге тағы қауқар аз.

Күйдіріп кетер күйініш қаузап үлгердім, 
Сорына батып сорлаған жалғыз мен - елес. 
Өксігін жұтар өкініш тұнған түндердің
Куәгері де сен болма 
Күнәhары да сен емес! 

Безілдеуіне бейпілдігіңнің жүгіне, 
Дімкәс көңілім табан астына таңылды. 
Тұнық қайғыңмен қорғап қал түпсіздігіңе 
Байланып қалған жүректі
Ілініп қалған жанымды.

*** 

Жауыр мұңдарым, 
Шағып бітірді көксеген тауымның бәрін. 
Көкірек - қуыс, разымын сезіне алсам
Ауырдың барын. 

Нала-мұң да үдеп, 
Қонақтап алды қасірет балағын білеп, 
Мен кейде үнсіз тұншығам жасына жанның 
Жанарым жүдеп.  

Тағы арбар ма екен?...
Түңілісіме мына әлем алаңдар ма екен?... 
"Әлпеттер - сұсты, тағдырлар - таппаған тұрақ,
Жанарлар - бөтен". 

Қайғы алып сан мың, 
Сұрқына маңғаз ғасырдың лайланып талдым, 
Мен жіпсіз мынау жалғанның жалғандығына 
Байланып қалдым. 

Бұлданды күнім, 
Мезеттер салды басыма бұлғаң құрығын, 
Мен үшін бір мән бар болса, ғаламның мына
Құрбандығымын. 

"Өлімін" деумен, 
Таусылып біттім жанымның сорын емдеуден, 
Сезіндір маған дүниеде тіршілік барын 
Бір тірі сәуле тауып бер, Өлі кеудемнен...

*** 
Сен Аспанның жылағанын көрдің бе, 
Кемсеңдетіп иегін, 
Қабағынан қайғы жауып Жердің де, 
Сәл аяңдап, маңдайынан сүйерін?... 

Сен Бақыттың жылағанын көрдің бе, 
Болмашыға тым сынып,
Мезеттердің тағдырдан да өр мүлде 
Тұманына тұншығып?... 

Сен Өлеңнің жылағанын көрдің бе,
Сезімді ішер у қылып, 
Ақтарарын біле де алмай шер кімге, 
Көкіректе булығып?... 

Көздерімнің жылағанын көрдің бе, 
Күлге айналып өр демім, 
Біле де алмай бағым кімнен, сор кімнен?...
...Ол - жанымды көргенің.  

...Бәрі-бәрі жылайды екен, көрдің бе, 
Ал, мен тым көп жылаймын.
Көздің жасы - жаратылған мөлдірден 
Мейірімі Құдайдың.

*** 
Көз ашпай кеудеде қанжылар қазадан, 
Арылмай азадан. 
Мүңкіген жанымнан мөп-мөлтек моншақты сырғытып
Мен қашан тазарам?.. 

Көкірек сырымды бейуақыт сөгіттім, 
Жазғанға көніп тым, 
Дүниеде ешкімнің, ешненің шеріне сыймаған 
Кезбемін. Өлікпін. 

Татқам жоқ заhарын дәл бұлай мүлде удың,
Алдымда - күрмеу мұң.
Шегінде сенделдім сүю hәм сүймеудің
Сүру мен сүрмеудің. 

Аспаннан құлдырап жоқ болар тамшы өзім, 
Тым сорлы жан сөзім. 
Өзімді бұрында құзардан құлатып жібергем 
Құтқарып қалшы өзің... 

Шешім

Махаббатым - көмескі,
Бұл тірліктен енді қалай жай табам? 
Сіз мен үшін
Зор еңсемді езіп кеткен елессіз 
Мұңға көмген қайтадан. 

Сезімге артып шын өкпе, 
Бәріне де тағдырды еттік кінәлі. 
Заңдылық ол - 
Бірін-бірі шын қалаған жүректер 
Көтермейді күнәні. 

Құрбы қылып сабырды, 
Адал жүріп, іске бармай Тәңірсіз.
Біз ұғындық: 
Алтын қолдан кетсе ғана қадірлі
Қайтқаны да - қадірсіз.  

Ылғи күмән санамда 
Сезім жайлы үмітімді күз кесті 
Маған әлі 
Жер жаxанда, он сегіз мың ғаламда 
Жетпетіндей сізге ешкім. 

Күйреп кетер кезім бұл, 
Өкініштер тұнып алды жанға лық. 
Соңғы шешім: 
Тәңір жазған ең алпауыт сезімді 
Біз көтере алмадық... 

*** 

Жұлымы шыққан жадау жанымды жамар кім? 
Аспанымдағы бұлтты кім қорғар ақ шарбы?
Жұбатады кім күтуден талған жанарды 
Жалғыз қарсы алған ақшамды? 

Елеңдеуменен ессіз елеске қажыдым, 
Жер менен Көкке сыймаған мынау, xалім - мұң.
Бар ма еді, айтшы, титтей де болса жазығы 
Күюмен өткен жанымның? 

Ғаламға сыймай дөңбекшіп өтті неше түн? 
Жүрекке жүрмей Жерлік еш әмір, еш тыйым. 
Тағдырлар барда сәт үшін ғұмыр кешетін 
Бақыттың құны - бес тиын. 

Сезімсіз қалса бейшара ғалам, міскін жер, 
Әуеге зарын жолдамас та еді сорлап тал. 
Ғұмырым менің бір жапырақтың үстінде 
Қауқарың жетсе қорғап қал.

Ж. Жұмағұлов