Ақберен Елгезек: "Көк аспан күрсінгенде құлап қалған..."

Ақберен Елгезек: "Көк аспан күрсінгенде құлап қалған..."
Фото: vk.com

Бүгін қазақтың аймаңдай ақындарының бірі, "Көлеңкелер күбірі", "Ғаршы", "Шексіздің сыртындағы шам" жыр жинақтарының авторы Ақберен Елгезектің дүние есігін ашқан күні. Біз де ақынды туған күнімен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылық табыстар тілейміз. Ақынның соңғы жазылған бірнеше өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. 

Арайлас

(Ермек Дайырбайға)

Бүгінде мекен де өзге, маңай басқа, 
Сағыныш бар өзіңдей қарайласқа.
Абайдың көзін көрген қырдан едік, 
Әрине, біздер - басқа, Абай - басқа.

Тәңірім жарылқаған талай досқа, 
Талай досқа - таңдары арайласқа.
Сатқындығын кей достың бәрін кештім, 
Сақтай алам оларды қалай басқа?!

Өзің жайлы пікір өзге, пейіл бөлек,
Сен де айтқансың, мен де айтқам: кейіме!-деп. 
Білем, білем сен мені әңгімеңмен, 
алдап тұрасың, жүрегім жүдей ме деп. 

Мен сезем де бәрін де, есіп-есіп:
сергек сөйлеп қоямын кесіп-осып.
...Екеумізге қара үйдің тұмсығынан, 
Қарап қойып, күрсінер жетім-есік.

Жетім-есік мен кірген, әкем кірген,
Осы есіктен мен шыққам - кетем деген. 
Сол кезде көкейімде арманым бар - 
Парнастың бұлттарына жетем деген. 

Сен де келдің бұл жерге, мен де келдім, 
Өмір - өзен, ал, уақыт - жел ме дедім. 
Біз іздеген Парнасың - анау қырлар,
Соны ұққаным - өзге боп өлмегенім...

Болғанмен мекен өзге, маңай басқа, 
Сәлем айттым өзіңдей арайласқа:
Қыр көгінен төгілер бітелген нұр, 
Түсіме кірмеді ғой Абай босқа!

***

Жатқаныныңда көзіңмен таң асырып, 
Жүрегіңде бүр жарар бала-шыбық. 
Әлемнің әр бұрышын ажал кезіп, 
Тәндер жатар аспанға жан ұшырып. 

Қақ жарып жандар ұшса қара түнді, 
Жүрегім аттай тулап, жанатын-ды. 
Кермеден босап шығып кетсем десем, 
Дауыстап қайтарады жар атыңды. 

Тәңірімнен алыстап тағы бір сәт, 
Қамалған құсқа қайта жаным ұқсап. 
Жұмысқа бара жатам адам болып, 
Аспанға қайта-қайта қарағыштап...

Қысқы палитра

Қар жауып тұр былтырғыдай,
Неткен өрнек ағыл-тегіл.
Аяз ата – жылтыр құдай
Алдап жатыр тағы мені…

Гүл өсіп тұр темірге де,
Шын гүл емес, қырау ғана.
Мұнша қатал өмір неге?
Тағдыр деген – жылау ғана.

Солқылдап бір жылап алшы,
Мұзға айналсын қарың мына.
Тұра алмаймын сірә, қарсы,
Көк аяздың жалынына!

Сұп-суық боп, маздап тұрсаң,
Жұбанады жалған мына.
Жапырағын жаз лақтырса,
Обалын да қардан сұра!..

Жылашы сен!
Жылағаның –
нағыз өмір,
Қалғаны – ермек.
….Білдіреді тұман барын,
Мұзішіндік таңбалы өрнек…

Жас ақынмен шылым шеккенде болған монолог

Қарашы, біздің жолдар тегіс пе еді?
Аңғармадық.
сендерге ең лайық сөз - сөгіс деді.
Таңқалмадық.
"Біздерге жалған!"- деді,
жалғанбадық.
Дөйдалаға жанарды қададық та,
Теңселіп тұрып алдық орман болып!

Ормандай тұрып алдық, түмен әскер, 
Мән бермедік пәлен сөз, түген іске,
Кей-кейде қызбаланып, ызаланып, 
Өлең үшін кіріп кеттік төбелеске!

О, ол кезде өлең бізге күш беретін, 
Уақыт емес еді ол кез - ес кіретін. 
Біз - өлең, өлең - біз деп түс көретін, 
Сол кезде көне біткен жарқырайтын, 
Болашағың сарғайып ескіретін!

Тек өлеңді, тек соны төбе көрдік,
Түсінбедік өмірге неге келдік. 
Біресе, дауыл болып буырқандық, 
Біресе жауын болып себеледік.

Бұзылды бізге ілескен қанша жандар, 
Өлеңді ғашығындай аңсағандар.
Нені көрді, білмеймін, қашты көбі,
Кеше ғана аңқылдап қарсы алғандар.

Бізді осылай күн мен түн жалғап жатты, 
Ақ парақ шам түбінен арбап жатты,
Біреулер дос көріп, толғап жатты, 
Екіншісі жау көріп, қарғап жатты.

Іште - өмір, сыртымыз темірленіп, 
Біресе ажал болып өмірге еніп,
Төбемізден төнетін Ұстаз-өлең, 
Жазылған әр сөзіміз Тәңірленіп,
Біз болсақ, толғаған мен қарғағанға, 
Қасқайып қарайтынбыз әмірленіп.

Тіктеп алып, қара, көк, сұр жағаны,
Суыт жүріп, кезгенбіз сұм қаланы,
Батпай қойсақ, шалшыққа айналатын, 
Әлі жетпей, тағдырдың шырғалаңы.

Суыт жүріп, суымай, жұртты ойлаған, 
Үңілгенде көретін ұлтты айнадан. 
Жүретін бір топ жігіт мұң өтінде,
Түн құшып, жел сіміріп, бұлт шайнаған!

Қарашы енді, 
біздің жолдар ирелең бе,
Түзу болып көрінер күймегенге.
Өлең деген құдырет, оған жету -
Мүмкін емес беріліп сүймегенге.

Алданба, 
жарқырап Өлең көктен күлсе, 
Талай әлі жыларсың жеткеніңше, 
Ақынмын деп айта көрме, тәнді тастап, 
Өлең боп өзің Көкке кеткеніңше...

Елес іздеу

Құпияңды біле алмай, жұмбақталған, 
Елесіңе еремін бұлғақтаған. 
Бесік-кеудем тербетер әлсін-әлі,  
Мұң-баланы жүрекке құндақталған. 

Ақ сағымдар жөңкілген қыраттардан, 
Ақ таңдарда аңқылдап сыр ақтарғам. 
Өзің жайлы ештеңе білмеген ол,  
Еріп кетті мен қойған сұрақтардан. 

Мен өзіңді сұрағам, ұнап қалған, 
Құрақтардан, баулардан, бұлақтардан. 
Мұнар бейнең көз алды келе берді, 
Мен айтпаған сөздерден жылап қалған. 

Ұйқасы жоқ, үтірсіз шумақтардан, 
Түтіндеген балауыз шырақтардан. 
Мен сұлбаңды көрем де, алқынамын, 
Көкіректі кернеген шуақтардан.  

Өмірімді қайтейін тұрақталған, 
Сен қасымда емессің, шырақты арман! 
Жұлдыздарды жинаумен жұбанам ғой, 
Көк аспан күрсінгенде құлап қалған... 

***

Аппақ қарға артылмасын өкпеңіз,
Сары далада қатып жатыр ақ теңіз,
Ақ теңіздің аппақ-аппақ жалдары -
Тоң боп қалған толқындарды сөкпеңіз.
Жасыл мұхит құлайды деп жақында,
Хабаршы боп ұшқындайды көктен із…
Жасыл желкен керілгенде шет жерден,
Жасыл кеме көрінеді көк белден.
Бір цунами басталады жып-жылы,
Таудың суы қайнап жатқан бөктерден.
Мен бір тылсым үміт күтем дегбірсіз,
Жүрегінде сұлулық бар көктемнен!
Бір маусымдық басталғанда ғасыр бір,
Ақ мұхитты ерітеді жасыл нұр.
Байшешек боп мөлдірейді күн ертең,
Көк мұз болып қатып қалған жасым бір…
Жасыл желек – сағынышым тамшыла,
Тәңірімнің әмірімен шашыл бір!
Ох, сонда мен көздің алды мұнартып,
Сүйем нұрды, бар ауаны құмартып!
Қыдырамын көшесінде шаһардың,
Жаурап қалған қос өкпемнен гүл аңқып!..

Ж. Жұмағұлов