Жаңа жыл туралы жырлар

Жаңа жыл туралы жырлар
Фото: bygaga.com.ua

Бүгін 2016-ның соңғы күні. Алдымыздан тауық жылы тосады. Жылдан күтер жақсылығымыз көп. Жылдағы дәстүріміз бойынша назарларыңызға ақындар қауымының жаңа жыл жайлы жырларын назарларыңызға ұсынамыз.

Жаңа жыл 

Уақыт мұнарасының жанынан өтіп бара жатып, Жаңа жыл 
Ғұмырымның көктем, жаз, күз, қыс маусымын – 
Жылжыған жыл деп білгем. 
Қабағыма тұрса да мейірімсіз мезгілдің тырнағы батып, 
Маған жат ғадет қаныма сіңген. 

Бір күн өтсе жылайтын бабамның уайымы ұмытылған, 
Ертең базарды кезіп бағалы сыйлық іздеймін, 
Тер саулаған маңдайымды сүртіп. 
Тамағымды кенеп салатыным да былтырғы ән, 
Кесілген шыршаны көтеріп келе жатып біртүп. 

Мая мәдениетін жерге көмгенімде тепкілеп, 
Өмір сүргім келетін өзге өркениет жасап… 
Күнтізбенің соңғы бетіндегі нүкте. 
Ертең үрей толы 2012-ге де қош айтамыз, 
Уақыт үшін үйренбегеміз бармақ тістеп… 

Ырысбек Дәбей

Әдемі әйел

Жаңа жылды жалғыз өзі қарсы алды,
Келмей қойып көптен күткен аңсары.
Көңілдегі көзайымын көрсетпей,
Алдағы жыл алдар екен қанша әлі…

Қашан, қашан қымбаттысы келеді?..
Үш жыл күткен үміті еді ол, себебі.
Қырсыққандай құр кетті ме, «жаңа жыл
Жаңа бақыт сыйласа ғой…» – дегені.

Өзіне-өзі өткен жылы әперген,
Патефонның үні естіліп пәтерден.
Ескі үстелдің үстіндегі үш тал гүл
Жатты солып… ((кеше өзі әкелген)).

Көне сурет күлім қаққан төрдегі,
Көре тұра, оған көңіл бөлмеді.
Кенет, үш тал гүлді жұлды бір-бірлеп,
«Сүйеді, жоқ, сүймейді – деп – ол мені…»

Жаңа жылды тағы жалғыз қарсы алды,
Биыл дағы былтырғыдай… шаршады!!!
…Бір мас еркек көше кезіп түнімен
Сол әдемі әйел жайлы ән салды...

Алмас Темірбай

***

Жаңа жыл, жаңа бақыт, жаңа ғұмыр, 
Аспаннан ақша қар боп тарады нұр. 
Тiлегiм.. Тiлегiм бе?.. 
Жанымның ақ, - 
Орындалса болғаны қалауы бiр. 
Ақ қармен жағаласып жүрегiмнен, 
Жабырқай жоқты тiлеп, тамады жыр. 
Бiлемiн, түсiнемiн, бұл жылы да, 
Сор жаным еншiсiнен қалады құр. 

Жаңа жыл, дала салют, толы шуға, 
Бокалдар шампан құйган соғысуда. 
Балконнан бақылаумен тұрмын жұртты, 
Батқандай от кеудемнiң шоғы суға. 
Iсiм жоқ ешкiмменен, 
ешкiмнiң де, 
Iсi жоқ, жайымды олар жорысын ба? 
Қиялдап, сол баяғы - бала ғашық, 
Аңсадым, көрiнсе деп жол ұшында. 

Жаңа жыл, бәрi-бәрi жаңаруда, 
Пердесiн ашып қалды таң ару да. 
Жаңара алмай тағы да, тағы қалдым, 
Сол қалпымда, көлшiк мұң жанарымда.

Дәурен Айманбетов

***

Жыл келгенін мəлімдегей жатыр үн
Көлеңкем де түк білмейтін мақұлық
...Жыным қозар - қар бораған секілді,
Саусақтарын жүрегіме батырып

Таршылыққа қалдырумен бар жақты,
Сұп - сұр болып дəл төбеңнен таң да атты
Ойдан азап шеккен миды көресіз,
Дəл ортадан бөліп алсаң жаңғақты!

Қол сермеумен түк өзгермей түсіңде,
Өлеңменен кеңістікті мүсіндеп
Келе жатсаң қайғы жатар алдыңда,
Перғауындық пішінде!

Іңір сөйлеп Желтоқсанның төсінен,
Өткен күннің елестерін өшірем...
Мешін жылы қораз болып шақырды,
Тауық жылын адастырып есінен!

Жыл біткенін мəлімдей ме өмірім?,
Келер жылдың,əй, білемін - тегі мұң.
...Қала шамы өшкен кезде
Жарығын 
жағып тұрды -
Кемпірқосақ көңілім!

Әділет Шопен

Ж. Жұмағұлов