Тек әйтеуір жүрегің ауырмасын...

Тек әйтеуір жүрегің ауырмасын...

Құрметті жырсүйер оқырман, бүгін біз сіздерге ақын Айжан Табаракқызының шығармашылығынан мөлдір жырлар ұсынбақпыз. Сезімдерінің селімен көшіп, дауылдатып жыр жазатын ақын қыз өмірін де, өзін де өлеңсіз елестете алмайды. Сыр мен мұңын жырымен өрнектеген өлең иесі оқырманды саф таза өлең шумақтарымен-ақ шыр айналдырады. Ақын өлеңдерін шын беріліп оқыған оқырман ақын күйін кеше ғана өз басынан кешіргендей болады. Жыр жазуда осындай шеберлікті меңгерген автордың өлеңдеріне сұраныс күн санап артып келеді. Поэзия әлеміне жаңа леппен келетін ақын жырларын сүйіп оқитын жырсүйер оқырманның сұранысымен Айжан Табаракқызының қаламынан туған шығармаларға кезек береміз.

*****

Сенің жанарыңнан мөлт еткен өзімнің қайғымды көріп,
Жүрегіңнен мен қонар бос қалған айдынды көріп,
Қиялымның қанатын қақтырып,
Кірпігіме аңсардың мөлдір шығын тақтырып,
Ұмытқым келмеген.
Сенің айтқан естелігіңнен өзімнің өткенімді көріп,
Бұл күнге мен жайлы арманды қанат қып жеткеніңді көріп,
Батар күнді құз басынан асыра салып,
Жүдеу жүзіме Ай нұрын перде ғып жасыра салып,
Саған жеткім келген.
Сенің қуанышыңа өзімнің себеп болғанымды көріп,
Саған шыншыл болмысыммен керек болғанымды көріп,
Үзілмеген үміттің жетегіне еріп,
Үркер мұңның әйтеу сөніп кетеріне сеніп,
Саған жолыққым келген

  Жұбату

...Жүрегіңді жылаған жұбата алмай,
Жел өтінде жұтаған құба талдай.
Ештеңеге шарасыз тағы отырмын,
Тым болмаса қаліңді сұраса алмай.
Бір басыңа о неге үйір қайғы,
Бақытыңды уақыт жиі ұрлайды.
Сонда да үгілмеші бұ дүниенің,
Бұйырмайын дегені бұйырмайды.
Төзіміңмен болса егер Сабыр басым,
Қайыстырмас көңілдің қабырғасын.
Өлең оқы...шылым шек...
тағы не бар?!
...Тек әйтеуір жүрегің ауырмасын...
Бұ жалғанның бүлк етпес беті мүлдем,
Кеудеден қайғы ізін кетіру кем...
Енді ештеңе шықпасын түсінем ғой,
Өкінуден немесе өтінуден.
Келу үшін қинайтын шешімге бұл.
Бізге осы бұлдайды несін Өмір?!
...Жұбата алмай өзіңді қысылады,
Жұбату көрмей өскен жетім көңіл..

Сағындам, мама!

Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Ақберен Елгезек

Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі,
Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші.
Мейірімге шөлдедім,
сағындым.
Мама,
"құлыным"деші?..
Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада,
Сен де мені сағындың,
бiлемін,Мама?!
Түсіме енші! Тәңірден бүгінгі менің
тек осы тілеуім ғана!
Тыныштықты қай жақтан табады санам?
Жылылық аңсап Тағдырдың қабағын бағам.
Күтші, Мама, күп-күрең Күзді арқалап,
кешікпей барады балаң...
Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын.
Қайтейін мұңның өмірде өрімі басым.
Оңашада отырам өлеңмен сүртіп
Осылай көзімнің жасын.
Кешірші, Мама...

...Тағдыр шығар

Бәрі содан басталды...ұғамысыз?!
Содан бері жанымның тұрағы - Күз...
Сізді аңсаған саттерде қоңыр мұңым,
Мөлт-мөлт етіп көзімде жылар үнсіз...

Сол кешті ойға алмассыз бүгіндері,
Сізге батпас жанымның үгілгені...
Жалғыздықты мендегі түсінді ме,
Күрсінеді ойға алып Түнім нені?

Сезімнің мәні,бәлкім, сенімде ме,
Жүрегім ауырады менің неге?
Сізге мүмкін бәрібір шығар енді,
Маған бәрін ұмыту жеңіл деме !

Бізге де "хош" деп кетер бұла-Тамыз...
(Жә, несіне мұңаям, жұбатар Күз).
Осы күндер ештеңе болмағандай,
Ғаламторда қал-жайды сұрасамыз.

Мен үшін бұл Тамыздың соңы мұңды -
Сіз туған күн...күтпеп ем торығуды...
Екі рет құттықтауды жазған Алла,
Екі рет бұйыртпай ма жолығуды?!
...Тағдыр шығар.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер oboibesplatno.ru және ақынның жеке мұрағатынан алынды

Сағындам, мама!
Бұл өмірде қай ақын жарыған, мама?
Жүрген соң тағдырдың өтінде көп.
Бар болмысым өзіңнен дарыған, мама,
Сен ғарышты туғаныңа өкінбе тек.
Ақберен Елгезек


Көңілсіздеу бүгінгі іңірдің десі,
Төзімді бойға уақыттың сіңірді көші.
Мейірімге шөлдедім,
сағындым.
Мама,
"құлыным"деші?..
Жамандықтан бұл күнде жүрегім ада,
Сен де мені сағындың,
бiлемін,Мама?!
Түсіме енші! Тәңірден бүгінгі менің
тек осы тілеуім ғана!
Тыныштықты қай жақтан табады санам?
Жылылық аңсап Тағдырдың қабағын бағам.
Күтші, Мама, күп-күрең Күзді арқалап,
кешікпей барады балаң...
Жазғырма, Мама, қара деп көңілі босын.
Қайтейін мұңның өмірде өрімі басым.
Оңашада отырам өлеңмен сүртіп
Осылай көзімнің жасын.
Кешірші, Мама...
А. Әбілхан