Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / "Бояулар жайқалатын бұл сұлу шақ..."

"Бояулар жайқалатын бұл сұлу шақ..."

Күз келгенде бәріміздің көңілімізді себепсіз мұң билейтіні бар. Әйтеуір жаныңыз жабырқап, тілсіз сұлу табиғатпен бірге мұңайып, сағыныш әлеміне сапар шегесіз. Жүдеу тартқан жетім бақтың жадау көрінісі сіздің жан дүниеңізге көшкендей әрі-сәрі күй кешесіз. Мұндай мезгілдегі адам баласының көңіл көрінісін ақыннан артық ешкім жеткізіп бере алмас. Ендеше, ақындарымыздың күз туралы өлеңдерін оқып, жан дүниеңіздегі сансыз сұраққа жауап іздеп көріңіз.

***
Әлдекім атымды атап шақырғандай,
Әлдекім қасыма кеп отырғандай,
Тұрамын жалт қарауға дауаламай,
Көзімді ашуға да дәтім бармай.

Білемін, сіз емессіз, бөтен де емес,
Бөтен жан басын бұрып «көкем» демес,
Жүректі сағынышпен дуалайды ол,
Сол сезім кетер емес, кетем демес.

Елегзіп, жоқ нәрседен тыз етер бой,
Күмәншіл дүниені күзетер ме ой?!
Іңірде елеңдеткен сіз бе десем,
Сіз емес, күз екен ғой, күз екен ғой...

Ерлан Жүніс

ЭТЮД

Күз.
Алтын шашты ұстаз-­абыз,
Сіз бізге айтыңызшы қысқаша аңыз.
Бәрі енді ап­-айқын, бәрі таныс,
Енді кіммен, не үшін ұстасамыз?

Күз.
Тоғызыншы ай шығатын кез.
Өмірге үнсіз қарап, ұғатын кез.
Кірпігінде жаңбыр емес, жаңбыр емес,
Ащылау бір тамшылар тұнатын кез.

Дегенмен күз!
Бақытты ғой бұл кезге жеткен деңіз,
Тағдыр, бізге ендігі кектенбеңіз!
Бояулар жайқалатын бұл сұлу шақ –
Көктемге егіз!

Ақберен Елгезек

 КҮЗГІ ХАНДРА... 

...Бір сұлу қыз, хат жазып сыр айтады, 
Шын айтады, жанымды мұңайтады. 
Күз келгенде мұңая берем неге, 
Күрсінумен өте ме бұл ай тағы?! 

Күрсінумен өте ме бұл ай тағы, 
Хаттар, хаттар, жүректі мұңайтады. 
Әп-әдемі, тәп-тәтті, жап-жас екен, 
«Бақытсыз» деп бұл қызды кім айтады?! 

Бұрын мен де бұл күйді кешкен едім, 
Байыбына бармағам ештеңенің. 
Жылы-жылы сөйлесем, басы айналып, 
Ғашық болып қалар деп сескенемін. 

Мына қызға мен қайтіп көмектесем, 
Ұят шығар «жаным» деп өбектесем?! 
Тілегіңді айтсаңшы, тілегіңді, 
Жүрегімді берер ем керек десең... 

Қыздың мұңы жанымды жылатуда, 
Менің мұңым секілді бұ да тура. 
Әдемі қыз жыласа қиын екен, 
Әдемі сөз таппайсың жұбатуға... 

Айта алмадым «босама, бекінші» деп, 
Жүрген шығар жүрегің жетімсіреп?! 
Жылап алшы, жыласаң, айналайын, 
Жыламашы, содан соң екінші рет! 

Не күтеді, білмеймін, мына менен, 
Неткен ауыр жүк едің кінә деген?! 
Бәріне мен... кінәлі сияқты боп, 
Түк айта алмай, күмілжіп тұра берем! 

Ағыл-тегіл хат жазып, сырласады, 
Кірпігімді түрткілеп, түн қашады. 
Біреулерді жын басып қинаушы еді-ай,
Неге мені күз келсе, мұң басады... 

Күздің таңы, 
Ұйқымды бұздың тағы, 
Ерінімде тұрғандай тұздың дәмі. 
Неге маған үйірсек, бауырбасқыш 
Мұңның бәрі және де қыздың бәрі... 

Тауып берді ойымда жоқ әурені, 
Мамандығым «психолог» болар ма еді?! 
Мен бәрін де түсінем, қиналғанда, 
Түсіне ме, әй, бірақ, солар мені?! 

Неге сырын айтады-ай қыздар маған, 
Көңіліңді кенеттен бұзған жаман. 
Сенесіз бе, ешқандай қатысым жоқ, 
Ол қыз мені сүймеген, қызғанбаған... 

Екі жігіт өзіне ұнапты шын, 
Махаббаттың таппапты тұрақтысын. 
Болу керек ол үшін – шын сүйетін, 
Сағынатын өмірде бір-ақ кісің! 

Өміріне хақым жоқ кірісуге, 
Тіпті, бар ғой сол қызда жұмысым не?! 
Терезеге жаутаңдап қарай берем, 
Біреу іздеп жүргендей түн ішінде... 

Бұзылып тұр тағы да күннің райы, 
Бітер қашан мына бір күздің айы?! 
Күзді қойшы, ертең-ақ өте шығар, 
Не болады, әй, осы қыздың жайы... 

Ұйқы қашты-ау, иттей боп шаршап едім, 
О, бітпеген шаруам қанша менің?! 
...Жұлдыз ақты төбемнен, дұға тілеп,
«Сол бір қыздың жұлдызы жанса...» – дедім... 

Алмас Темірбай

Күзгі Идиллия

Аққанат құстар алысқа кетті асығып,
Дүние қоңыр күйін шертті ашылып.
Сазы қалды сол әннің көңілімде,
Жаныма қыз меңіндей шоқ басылып.

Құстардың жүрегінің дерті менде,
Сурет боп қалып қойды көркі көлде.
Ақ өлең тамып түсті аңсарымдай,
Қанаттарын бірауық желпігенде.

Кеудемнен көркем күйді жылап үздім,
Бұл – бақ та,
Сор да болған сірә, біздің.
Жұлдыздар еріп жатты жанарымда,
Бұрымынан тамшылап бұла күздің.

Менің жаным көктемге құштар әлі,
Тебірентеді аяулы құстар әні.
Айдынның ақ келбетін өрт шалғандай,
Қолыма қауырсынды ұстағалы.

Күз келеді момақан мұңды баптап,
Тағдырым тағы да оны тұр қуаттап.
Ұшып кеткен құстардың ақ сезімі –
Сіңіп қалған бойына гүлдің аппақ.

Сағынышын саз қылып атырап бар,
Күй шалқиды мұңдылау топырақта әр.
Өлең оқып жатады күзгі дала,
Естелік айтып сары жапырақтар.

Хамит Есаман

***
Жапырақ ем тағдырымнан үзілген,
Ұрламашы,
Ұрламашы күзімнен
Неге келіп мазалайсың түсіме,
Бірге бола алмаймыз ғой біз мүлдем.

Ақ шәлі едім,
Ақ бұлт жерге түсірген,
Аппақ қардай көз алдыңа тізілген
Қарайтпашы, қарайтпашы жанымды
Қабағыңда қатқан мұздың жүзімен
Жаңбыр ма едім жолдарыңа жауатын,

Талып кетті,
Талып кетті қанатым...
Мен қонатын биік енді белгісіз,
Мен киетін киім де енді қара тым.

Құс тартатын ноталарын қайғы - әнім
Жүрегіңде болған едім...
Қайдамын?..
Жылатпашы, 
Жылатпашы жанарды
Жанар отым сөнгеннен соң айтамын.

Самал ма едім бағыңда есіп тұратын,
Мен шығармын жауабы жоқ сұрағың
Ғайып болғам, өзім күзбен көшкенмін,
Өмір сүріп жүрген менің құр атым.

Жұлдыз Ілебаева

3
Рейтинг: +5

Фото: vk.com, wpapers.ru
Қосылған күні: 19 қыркүйек 2016, 13:38

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.