Назерке Кенжебекқызы: “Қарашаға айналып барамын мен...”

Назерке Кенжебекқызы: “Қарашаға айналып барамын мен...”
Фото: wallpaperswa.com

Поэзия – тылсым күш. Ол — адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі. Әсіресе, арулар поэзиясынан әсем әлемнің нәзіктігі айқын байқалады. Себебі, нәзік жаратылыс иелерінің жүрегі де, жыры да нәзік келеді...

Бүгін назарларыңызға семейлік жас талант Назерке Кенжебекқызы Қабаеваның бір топ өлеңдерін ұсынамыз. Ол 1996 жылы 3 қаңтарда Ақсуат ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келген. Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің филология факультеті қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша 3 курс студенті.

Назеркенің өлеңдеріне қатысты көп ой айтуға болады. Соның бірін тілге тиек етсек артық болмас. Байқасаңыз, қазіргі қазақ поэзиясында тыныс белгілер жүйесінің мән-маңызы жекелеген сөздерден кем емес. Ақындар сөздердің орнына тыныс белгілер қою арқылы мәтіннің эмоционалдық мазмұнының тереңін танытуды мақсат етеді. Мұны семейлік арудың өлеңдерінен де байқадық. Сол арқылы ішкі сезімін жырына қосып, шебер жеткізе де білген. Бұл қыбылысты Назеркенің өлеңдерінен ғана емес, өзге ірі ақындардың поэзиясынан да байқауға болады.


Таңырқайтын тылсымға қыз еді көп,
Түн-арудай жанында сыз... емі жоқ...
Түн жамылса жұлдызды моншақтарын,

Таң атқанша бір-бірлеп үзеді кеп...

Тұнық аспан, тұмша ой, сынық көңіл,
Тағы бұлай боларын біліп пе едім?!.
Егіз мұңды қос ару бүгін де үзді,
Бірі - жұлдыз, ал бірі - үміттерін...

Көктен - жұлдыз, жанардан жас тамады, 
Арулардың қатулы қас-қабағы...
Таңсәріде қиял, ой бәрі ғайып,
Көңілімнің көгі де бос қалады...

Түннің шалқар мұңынан сыр ұққан ба,
Түнге қанша арманы сіңіп қалған...
Таң ауғанда күрсінді бір бойжеткен,
 
Армандарын жұлдыздай жұлып болған...

(ІІ)
Ай, көркемім, бүгін де жүзің сынық,
О, қараша, өтті ме күзің суық?
Мың жұлдызды қадапты-ау қара түннің,
 
Кеудесіне Әлдекім бізін сұғып.

Қарашам-ау, неліктен ызғарың бар,
Мұзға айналып барады-ау күзгі ағындар...
Аспанымды мұңайта көрмеші тек,
Мұң ортақ ғой түнменен бізде ауырлар.

Әлде "Жазмыш" дегенің осылай ма,
Жүзі сынып, толады сосын Ай да.
Ал адамдар, олар да дәл өзіңдей…
Уайым соңы, бақыттың басы қайда?

Түнге ғашық жан едім бала күннен,
Қара аспанда бұлт жылжып жанарыммен…
Аспан, сені түсіне алмаймын-ау,
Қарашаға айналып барамын мен…

Ертіспен сырласу

Ертісім, сырлас құрбым-ау,

Менің де жайым мұңдылау.

Құлдырап кетті армандар,

Жанымды қысты қылбұрау.


Бақыттың білмей түр-түсін,

Адасып қалды-ау жыр – құсым.

Мазақ ғып кеткен жанымды,

Қайғымның қайтем күлкісін?!

 

Сен ғана жалғыз түсінген,

«Еңсеңді, - дейсің - түсірме

Жаурамаушы ма ед пенделер

Жылынулары үшін де?!»

 

Бір саған шертіп мұң-сырды,

Уайымымды айтып ұмсындым.

Жанымды ұққан ба екенсің,

Күрсіндің, неге күрсіндің?

 

Іңірде кезген ойлардың,

Біріне солай байландым.

Дәл менің ойларым сынды,

Иіріміңе қайранмын. ..

 

Иіргін, иір, жеңілме,

Бақытым жақын менің де...

Деп едім үнсіз қалдың ғой,

Жоқ, әлде сенбегенің бе?

 

Мезгілсіз ерте мұң сынды,

Күрсіндің, тағы күрсіндің...

****

Айлы түн. Сiзсiз және Мен,
Жылы жүздесу тағы да.
Сәттер-ай неткен әдемi ең,
Қауышатұғын сағына.

Ағып түсуде жұлдыздар,
Арманымызды ұрлаған.
Тек Сiздi сүйген бiр қыз бар,
Тек ғашық жан бар бiр Маған.

Жүрегiм сүйген еркемсiз,
Көңiлдiң күйiн билейтiн.
Жаныммен калар көркемсiз,
Ешкiмдi Сiздей сүймейтiн.

Гүл етегiммен жел ойнап,
Сiз жаққа қарай жүгiрем...
Жүр ме екенсiз ау қарайлап,
Ұзақ жолдарға үңiле...

Үмiттi оймен үздіге,
Таңдарды талай атырам.
Келерсiз тағы Сiздi Мен,
Кездесуге ертең шақырам...

Келiңiз ендi сағына,
Қиялдың кезiп iшiнде.
Кездесейiкшi тағы да,
Күндегi жерде... Түсiмде...

***

Өз ойымның жұтынып уын, ана,

Бұл қаланың жақпай жүр шуы маған...

Айғыздалған көңілдің көк әйнегін,

Көз жасына бұлттардың жуып алам.

 

Тарқатылмай аспанда жыр көшеді,

Өлеңші отыр түйреп ап бір кесегін.

Естіші, ана, күбірлеп өлең оқып,

Аспан тағы менімен тілдеседі.

 

Анашым-ау, сезімшіл өлеңге обал,

Кеміруде көңілді Ой әлемде бар...

Өлеңші боп бір күні бара жатсам,

Ақ сүтіңмен, киелім, мені емдеп ал.

Ой кеміріп көңілді, мұң бес елі,

Сыздап жүр сол кеудемнің бір кесегі...

Құлазыған көңілге қарайлай ма,

Солқ-солқ етіп аспанда бұлт көшеді...

***

Шаттығым сен,

Жадырайды жаным да тәтті күлсең. 
Тек өзіңнің арқаңда сорлап жүрiп, 
бақты бiлсем...

Мұңым да сен, 
Тұйық ойға тұмшалып тығылмас ем.
Өзің барда жұлдыздар жымың қаққан, 
түнiм де әсем...

Асылымсың, 
Жанарыма жасын от жасырынсын. 
Сағыныштан мендегi мұң кiрпiгiн, 
асыға iлсiн...

Ғазалымсың, 
Жанымды сұлу жырың жаза бiлсiн.
Сен менiң ең сүйiктi, жиi айтатын, 
наз әнiмсiң...

Сеншi сөзім,
Бұйырған бұл тек бiзге еншi сезiм. 
Уақыт та дауа болмас, жанымның тек-
Емшiсi ӨЗІҢ!

О. Сансызбай