Жәркен Бөдешұлы: “Мен тудым сонау Шығыс Түркістанда”

Жәркен Бөдешұлы: “Мен тудым сонау Шығыс Түркістанда”
Фото: azattyq.org

Бүгін қазақтың белгілі ақыны Жәркен Бөдешұлының туған күні. Ақынның туған күніне орай баспасөз беттерінде көп жарық көрмеген бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда Шығыс Түркістанның Тарбағатай аймағы, Толы ауданына қарасты Жайыр жайлауында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. «Көкшетау правдасы» газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік кітап палатасында бас маман болып істеген. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында Қазақстан Жазушылар одағында Жауапты қызмет атқарған. 1982 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1993 жылы Алматыда өткізілген Түркі дүниесі поэзиясы II фестивалінің жеңімпазы. Академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев туғанына 100 жыл толуы құрметіне халықаралық Сәтбаев қоры мен Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесіп өткізген республикалық ақындар мүшайрасының бас жүлдегері. Сонымен бірге Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезов, Аманжолов, Түркістан-1500, Махамбет Өтемісұлының мерейтойларына, Дүниежүзі қазақтарының II Құрылтайына арналған жыр сайысында жүлделі орындарды жеңіп алған. «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.

Арғы бетте

Отырған ар жағында қара жалдың,

Жол түсіп ауылыма бара қалдым.

Жол түсіп ауылыма бара қалсам,

Шуылы естілмейді балалардың…

 

Жоқ мұнда бала түгіл үрген күшік,

Қонатын торғай да жоқ бүргенге ұшып.

Алжыған кәрі төбетті шалды көзім,

Бұтына өз құйрығын жүрген қысып…

 

Немедей көріп жүрген күнде мені,

Үрмеді кәрі төбет үндемеді.

Көңілсіз мен де үндемей үйге кірдім,

Жоғалған адамдай боп бір керегі.


Үй іші құлазып тұр,

Аңырап тұр.

Мәңгіріп үнсіздіктен дамыл ап бір.

Қаймақ пен сүтке тойған қыли мысық,

Ол дағы үндемейді тәңір атқыр.

 

Ұқсайды үй дегенім тас обаға,

Ой кешкен тас обада бас оңа ма?

Құлағы бұралмаған көне сағат,

Торсықтай салбырап тұр босағада .

 

Тек қана жел еседі сайда гулеп,

Сайда да сайран салған сайғағым жоқ.

Сұрадым қалжыраған қарт әжемнен,

Ауылдың балалары қайда жүр деп.

 

Күрсініп әжем сонда былай деді:

«Кешірсін жаратушы құдай мені.

Бұл елдің еркегі-әтек, әйелі-тұл,

Қиылып тұрғанымен қынай белі…

 

Әйелдің бала жатпай жатырына,

Таядық біз заманың ақырына.

Үркітіп қорқытпай-ақ бұтарлаған,

Қайранмын патшамыздың ақылына.

 

Жоқ менің немерем де, шөберем де,

Бойымда бұтағым жоқ көгерерге…

Майсасы әлде қашан қурап қалған,

Ұқсаймын тулақ болған көне жерге».

 

Осынау халін көріп бұл ауылдың,

Жүрегім қатты сыздап, шын ауырдым.

Бұтақсыз қалыпты-ау деп бәйтерегім,

Санымды өкінішпен бір-ақ ұрдым.

 

Паш етіп бір шындығын әйгілі елдің,

Тұр белін қайыстырып қайғы жердің.

Кешқұрым босағадан сығалаған,

Келіндей қысыр қалған айды көрдім.

Атамекен

Қылыпты он бойымда қыртыс, таңба,

Ұқсаймын тағдырмен көп жұлқысқанға.

Ата менің туған жұртым – Қазақстан,

Мен тудым сонау Шығыс Түркістанда.


Шыққандай қызыл-жасыл тасқа қына,

Оралар алуан ойлар басқа мына.

Құдайым шырылдаттың аямай-ақ,

Екі оттың ортасына тастадың да.

 

Ашынып әлдекімге ұрсамын да,

Дал болып ойланамын бұл шағымда.

Шекара жүрегімді бөлді екіге,

Анамның жатқан шақта-ақ құрсағында .

 

Жаз жайлау, қыс қыстауда тойға барып,

Ел едік егін салған, қой да бағып.

Дүниенің жалғандығын ойласақ та,

Бөлініп қаламыз деп ойламадық.

 

Ел едік көкірегі толы сезім,

Бір таудың екі беті қоныс едің.

Шынында ойламадық, ойламадық,

Ақ патша, Ежен хан боп бөлісерін…

 

Бөліктің туған жұртым арғы жағы,

Секілді шекарасы - қарғы бауы.

Бөліктің бергі жағы – Атажұртым,

Шұлғыған белдеуінде арғымағы.

 

Жалғанда жаман бар ма бөлінгеннен,

Бөлінген емес екен өлімнен кем.

«Жансыз» - деп,

«Қос жүрек» - деп,

«Ауған ел» - деп,

Естіген сөзім аз ба көрінгеннен.

 

Мен келсем, келдім туыс, бауырым деп,

Алатау, Арқа, Алтай, Сауырым деп.

Келгем жоқ жату үшін аузымды ашып,

-Қазы мен қартаның ең тәуірін жеп.

 

Жақсылар, айтпасам да түсінесің,

Болмай ма түсінбеген кісіге сын.

Алматым, айттым саған рахмет,

Біреулер мейлі күндеп кісінесін…

 

Рахмет, бауырмал, байыпты жұрт,

Дертімнен алдың мені айықтырып.

Рахмет, Алатауым, Қаратауым,

Қарсы алдың құшағыңды жайып тұрып.

 

Сенімім саған деген аса бекем,

Арыммен, жаныммен де қасам етем.

Талап жеп қояр еді қасқыр-тағдыр,

Егер де сен болмасаң Атамекен.

Бір түп шеңгел

Еске түсіп баяғым,

Айналған құр елеске.

Қия беттен аяғым,

Тайып кетті емес пе…

 

Қозы баққан баламын,

Тілім-тілім табаны.

Төмен сырғып барамын,

Көл еді сай тағаны…

 

Жем болам-ай балыққа ,

Шөгіп кетсем көлге мен.

Мынау жалған жарыққа,

Кеше ғана келген ем.

 

Денемді үрей жеңген-ді,

Соңғы күшін сарқыды.

Қолым бір түп шеңгелді,

Жанталасып қарпыды.

 

Оралғандай мазардан,

Келдім үйге бұлттанып.

Бір түп бұта ажалдан,

Қалды мені құтқарып.

 

Қабырғаммен кеңесем,

Дегеніме жетердей.

Өмір деген не десем,

Бір түп шеңгел екен ғой.

Бөрінің өлеңі

Далада өстім, тауда туып,

Тағдырыма аспан айғақ.

Алаң-елең таңда тұрып,

Азуымды тасқа қайрап.

 

Күн астында жатұан қайнап,

Өзен-көлдер сорпа, суым.

Екі көзім шоқтай жайнап,

Бар түн қатып жортатыным.

 

Қайтара алар бетімді кім,

Жауду мені досым деді.

Көк иірім секілдімін,

Көк мұхиттың төсіндегі.

 

Ұлып көкке белгі берем,

Шағылады айға мұңым.

Сахарада желбіреген,

Қазақтың көк байрағымын.

Менің өмірім жоғалтудан тұрады

Пысықтай жан емеспін,

Жоғалтпаған сабақ, жібін, инесін,

Жоғалтпаған пар ат жеккен күймесін.

Жоғалтпаған оқалы тон, түймесін.

 

Мен бір құнтсыз адаммын,

Қолдағысын жоғалтқыш.

Қатал, мосқал тағдырдан,

Таба алмаған үйлесім.

Секірсе де таудан-тасқа,

Секірсе де ойдан-қырға,

Аттамаған ала жіп.

Жоғалтпасам,

Қайда?

Кәні?

Аңқау, албырт балалық.

 

Жоғалпасам,

Қайда?

Кәні?

Қайран әкем, әз анам,

Жарық дүние көріп ем ғой

Мен солардан жаралып.

Жоғалтпасам,

Қайда?

Қыздар құшақтасып гүл кешкен.

Жоғалтпасам,

Достар қайда?

Жаны құрбы, бірге өскен.

Жоғалтпасам,

Қайда, қайда?

Тырдай арық жорға тай,

Ертелі кеш екі бала алма-кезек мінгескен.

 

Жоғалтпасам,

Бұлақ қайда, құрақ қайда кешегі,

Қурай болып

Қурап қалған қырдың қызыл шешегі.

Самал да жоқ,

Сая да жоқ,

Ызғырық жел еседі.

Былайғы жұрт мінез-құлқын өзгеріпті деседі.

 

Жоғалтпасам,

Басы қайда Хан ием, батыр Кенемнің,

Мағжан қайда?

Ілияс қайда?

Генералы өлеңнің.

Жоғалтпасам қайда?

Қайран Алтынбек,

Еңіреген көз жасы еді-ау ол елдің.

 

Қолда бардың бәрін,  бәрін жоғалттым,

Мен не деген дүниеден үміт үзген олақпын.

Оңалтамын деп жүргенде олпы-солпы қалпымды,

Өзімді де жоғалтармын…

…Мен де өмірге қонақпын.

 

Жоғалтқаным таптырмай өкіндім көп, өкіндім,

Заман қатал,

Адам қу сынағынан өту мұң.

Солай, солай десем де,

Өлмес өмір кешерге,

Туған ана тілімді,

Өскен елім-жұртымды,

Иманымды ырқымды,

Қапияда жоғалтпауға бекіндім.

 

Жоғалтып ап қан құсып қайғырмауға бекіндім,

Айрылмауға бекіндім.

Бұл бекініс алаяққа алдырмас,

Бұл бекініс жауыма мені қалдырмас.

Салмақ туралы жыр

(Бұл еңбегімді жерлесіміз екі дүркін Олимпиада чемпионы

                                                         Илья Ильинге арнаймын)            

Бұлқынысын көргенде бұла күштің,

Рухым шиыршық атып құрақ ұштым.

Түн ұйқымды төрт бөліп, тік түрегеп,

Хабарын күттім болар қуаныштың.

 

Кірпік ілмей қала мен ауыл күтті,

Қара ормандай қаулаған қауым күтті.

Алакөл,

Балқаш күтті,

Іле күтті,

Қаратау, Алатаудай тауым күтті.

 

Алаңдап сағат сайын ел жүрегі,

Қош хабар келеріне сендіреді.

Әлемдік ауырлықты тік көтеріп,

Көк жалау шырқау көкте желбіреді.

 

Алақай, желбіреді, желбіреді,

Алаштың бұл ғажайып ерлігі еді.

Кешеулеп есін жиған біреу ғой деп,

Ешкім де басына алмас енді мені.

 

Дос-жаран шын бақыттың гүлін кешті,

Қауышты сүйіншілеп, күлімдесті.

Алаштың елүраны шырқалғанда,

Төрт мұхит,

Алты құрлық үнін қосты.

 

Қазекең көрген емес тойдан қашып,

Тойларына жатады той жалғасып.

Ақ ордасы дауылдан шайқалмасқа,

Іргесін ауыр таспен қойған басып…

 

Ауыр салмақ ұлтымның өз салмағы,

Атақ-даңқы жер-жүзін тез шарлады.

Ауыр басып, нық басып келеді әне,

Анау-мынау жеңілге көз салмады.

 

Қашанғы тағдыры елдің ауыр болған,

Арқасы ауыр жүктен жауыр болған.

Қара атанға артып ап зілдей жүгін,

Жаммырап көк жайлауға ауыл қонған.

 

Құлағыңа күмбірлі тұр ма күй кеп,

Жырла, билеп, ел-жұртым, жырла билеп.

Шаңырағын Ақорданың көтергендей,

Зіл темірді көтеру бір ғанибет.

 

Бойына біткен кезде бала балғын,

Құрсағы шарға айналған аналардың.

Салмағы Абай жазған өлең-жырдың,

Тоқ белін қайыстырған қара нардың.

 

Ауыр салмақ қазақтың құт салмағы,

Бұлқынғанға майырылды жұт қармағы.

Шойын жүйке Қажымұқан белдескенде,

Менменсіген дәулердің жыққан бәрін.

 

Ата-бабам қиналып қысылмастан,

Ауырлыққа баулыған күшін жастан.

Зілдей сөзбен Сафуан, Жұбан ақын,

Желтоқсанда Колбиннің мысын басқан.

 

Арқа тосып жел, дауыл жар жағына,

Қорған болып төр түлік мал, жанына.

Тәуелсіздік, еркіндік, бостандық кеп,

Салмақ қосты қазақтың салмағына…

 

Хан Абылай ақ жолын жалғады да,

Құлдық бұғау, тұмшалау қалды әдіра.

Ауыр басып, нық басып Алты алашым,

Жетеді сағындырған арманына.

 

Жеткен күні тағы бір қуанамын,

Желбіретіп қолыма ту аламын.

Шөлдеген адамзаттың басын қосып,

Көлдей тұнық жырыммен суарамын.

 

Ойымның түп-төркінін пайымдашы,

Әнімнің осы болар қайырмасы.

Кең байтақ менің Қазақстанымды,

Тәңірім, қуаныштан айырмашы.

Туған таудың бөлшегі

Тас бар деп бүйрегіңде дәрігерім,

Жарымның ұялады әріне мұң.

Достарым, балаларым бәйек болып,

Бағады қабағымды бәрі менің.

 

Шаң жұтқан қазанаттай жорықтағы,

Бқл дерттен көмпіс жүрек қорықпады.

Сіңірген бал мен зәрді қайран бүйрек,

Қайтейін, түйір тасты қорытпады.

 

Амал не, қорытпаса, қорытпасын,

Шыдармын өз сорыма жолыққасын.

Дәрігер бір амалын табар, білем,

Әйтеуір, байғұс көңіл торықпасын.

 

…Қалай да тас барлығын мойындағам,

Басқа еді бірақ менің ойымдағы ән.

Секілді күдікті жан мазам кетті,

Біреудің қорасынан қой ұрлаған.

 

Қай таудың тасы екен деп ойланамын,

Тасиды ойлансам-ақ бойда қаным.

Ат жалын тартып мініп, ес білгелі,

Жолына қай тараптың бойламадым…

 

Сыр бардым, Арқа бардым, Алтай бардым…

Бір емес, Алатауды алты айналдым.

Жерінде Көкшетаудың есім жиып,

Өрінде Тарбағатай марқайғанмын.

 

Қашан да тас ыстық қой тау ұлына,

Аттанам тауды аңсасам ауылыма.

Қай таудың тасы екен деп сол бүйректегі,

Тәнті еткен жауынына, дауылына.

 

Сол үшін көлшік-көңіл тасып әлек,

Оралып ой қиялдар басыма көп.

Торғайдай сарайыма ұялаған,

Сезіндім туған жердің тасын ерек.

 

Мен де бір өнерқуып жүрген сері,

Жаныма асқақ ән мен жыр көрші еді.

Алыстап тауларымнан кеткенімде,

Денемде жүрсін солай бір бөлшегі.

Ө. Сансызбай