Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / «Көктем бүрлері» мүшәйрасында жүлде алған жырлар

«Көктем бүрлері» мүшәйрасында жүлде алған жырлар

«Көктем бүрлері» мүшәйрасында жүлде алған жырлар

Алматыда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Көктем бүрлері» атты республикалық жыр мүшәйрасы өткені туралы хабарлаған едік. Бүгін сол жыр додасында жүлде алған ақындардың туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жыр додасына биыл 29 жасқа дейінгі 100-ден астам жас ақындар қатысты. Мүшәйраның әділқазылар алқасының төрағасы Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Исраил Сапарбай болды. Ал жыр бәйгесін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасы және М. Сералин атындағы әдеби бірлестік ұйымдастырды. 

1-орын

Олжас ҚАСЫМ

Қар еріген

Кездескен шақ. Нұрлы сәт. Қар еріген, 
Қар еріген қарсы алған әлемімен. 
Қойнымда құшақ-құшақ шаттық тұрды, 
Мойныңда ойнап тұрды әдемі мең...

Бір шуақ тарағанда жүз өңінен. 
Тоң жібіген, жүректе мұз еріген. 
Таңғы ауадай тап-таза аңсарым мен, 
Ықыласымнан ып-ыстық қыз еріген.

Аппақ қыздың алғаусыз тілегінен, 
Қолымдағы нарт қызыл гүл еріген. 
Аңдап қалғам мен сонда сезім жасы. 
Сырғып бара жатқанын жүрегінен.

Қос жүректің ынтызар сәлемінен. 
Ебіл-дебіл егіліп, жан еріген. 
Мекенінен сезімнің көштік қалай? 
Өштік қалай мезгілдің бәденінен?!

Шуақ қайда сондағы сызды еріткен. 
Қуат қайда бойдағы қызды еліткен, 
Қар ерісе қағамыз неге дірдек? 
Қар ерісе тоңамыз біз неліктен?

Қоштасқан шақ. Мұңды сәт. Қар еріген, 
Көңіл қайтқан, жаңылған әуенінен. 
Ерудей-ақ, еріппіз ол да, мен де. 
Ештеңе жоқ, ешкім жоқ, бәрі еріген...

2-орын 
Айдын БАЙЫС

ЕШКІМГЕ ҚАТЫСЫ ЖОҚ БІР ӨЛЕҢ 

Қарлығашты көрдің бе, анау ұшқан?.. 
Жақын тартып тұрады жан алыстан. 
Ең алғашқы досым – сол, ерке құсым, 
Мақпал қара қанаты дала құшқан.

Мейірімі мамырлап ізгі күйдің, 
Бұрышына ұя сап біздің үйдің, 
Тату-тәтті тұрғанбыз, айырғанша 
Жылан қабық мұз қатқан күз, қыли күн.

(Осы сөзге, білмеймін, сенесің бе?) 
Құсым қайтып келмеді Дересінге. 
Қармақтың қалтқысындай көлге салған, 
Дір-дір еткен дем кетті-ау денесінде.

Бәлкім, еске салатын болар кей үн? 
Санамда сағынышқа көп ән бейім. 
Оған дейін бір досым болмап еді, 
Болмайтын да шығар-ау одан кейін.

3-орын 
Мөлдір АЙТБАЙ

Мезгілдер және мен

Қара жердің қатпарында небір зар, 
Ауыр болып құлайды оған жеңіл қар.
Жаңа үзілген жапырақта тарих бар,
Қаусап тұрған қара ағашта өмір бар.
Қасірет пен өткізуге мың айды,
Сабыры алтын тек қара жер шыдайды.
Күннің сəл-пəл сәулесі мол демесең,
Аспан абыз көктемде де жылайды.
Жасыл-желек айналаның бəрі көк,
Тамыз кейде тамызады жаныма от.
Маусымыңды орнатпасаң кеудеңе, 
Мезгілдердің жұбатарлық хəлі жоқ.
Қарашада қалтырайды тіршілік,
Өктем, қара бұлттан бетер күрсініп.
Жүрегіммен күтіп жүрем күзде де,
Бүршік атып қала ма деп, бір шыбық.
Жасамасаң табиғатқа бейімін, 
Қардан аздап қара болса пейілің,
Арайлы таң төге алмайды шуағын. 
Аяздан да іздеу керек мейірім.
Жалаң қалған бұтақтары сырыйып, 
Анау ағаш маған басын тұр иіп. 
Тағдыр нендей тезіне алсын, төзем де,
Мен əлемді жеңе салам жымиып!!!

3-орын 
Айбол ИСЛАМҒАЛИЕВ

Көктем симфониясы

Жылады тағы аспаным бүгін, 
Аспаным өлең оқыды... 
...Мен ол тамшыларды баспадым, гүлім, 
Жаңбырдай өлең - жоқ ұлы!..

Мен ол тамшылардың сүйіп ем жанын, 
Күйіп ем сосын қайғыдан. 
Кеудеме сөйтіп құйып ем жалын, 
Селт етпей қойды Ай бұған...

Жылашы, аяулым, 
Өп, тіптен, 
егіл.. 
Жалғыздық жырын төк мұңлы... 
Сезімді солай көп күткен едім, 
Жоқ, 
біткен енді... 
Жоқ құрбы...

Жоқ құрбы, қайтем, түсінер бәрін, 
Жаңылған жолдан жынды екем. 
"Ақындар" - дейді, ісінен мәлім... 
"Ақындар" - дейді, тым бөтен...

Құстардың сұлу тыңдасам үнін, 
Бұлттардан өлең көшірсем... 
(Бақытыңды егер бұлдасаң өмір, 
Бақытсыздығымды кешір, сен...)

Көргеннің солай ұмыттыр бәрін, 
Ұмыта алмайтын біреу..мен... 
Тағы ұқтым неге үміттің барын, 
Жалықтым неге тілеуден?!.

Сөйлесе жаңбыр тілінде көктің, 
Естісе сосын күлкімді... 
Мен ғасырлардың бірінде жоқпын, 
үнінде жоқпын... 
біртүрлі...

Ғаламға мынау жайды анық қылдым, 
Айналып, құрбым, қашты арман. 
Елеске енді айналып бір күн, 
Тамшы боп түссем аспаннан...

3-орын 
Нұрбек НҰРЖАН

Қайыршы шал

Тар көшелер... 
Құшағымда қыңыр мұң, 
Жер қойнына күн шапағын сіңірді. 
Ақшам нұрдың жағалауын кешемін, 
Иығыма жамылып-ап іңірді...

Мен білмеймін, сағат қазір нешеде? 
Дәл осындай ымырт түскен кеше де. 
Баян тартып баянсыз бұл тірлікке, 
Шал отырды қайыр тілеп көшеде...

Неге, неге өз-өзіне өш пенде? 
Сұрақ қалды көшеден де, кештен де... 
Төңкерілген алдындағы тақия, 
Іші толған екі теңге, бес теңге...

Бәрін, бәрін бөтен көрер, тең көрер, 
Төсі баян, өлең сыйған кең келер. 
Төңкерілген тақияға мөлдіреп, 
Кірпігінен құлап жатты теңгелер...

Исін аңсап жусан, шалғын, гүлдердің, 
Жатады ол құшағында түн көрдің... 
Жанарынан сәулесіндей ақшамның, 
Қазақ көрдім, дала көрдім, мұң көрдім...

Сағынған-ау мейірімін шешенің, 
Жүрегінде неше нота, неше мұң? 
Тербеледі әуезіне баянның, 
Сәби қоғам бесігінде көшенің...

Қарап тұрды тас шаһарға, қалаға, 
Қос жанары толы ойға, налаға. 
Жетім шалдың жанарынан жетім жас, 
Күртесінен домалады далаға...

Неге жүрек, неге қала тас бүгін?.. 
Отырды шал сағынып бал жастығын. 
Тіленші шал бақыр емес, бақ емес, 
Сұрап отыр діні менен дәстүрін...

Кезіп келед көшелерді аза мұң, 
Ғайып ғазал жұлдызбенен жаза түн... 
Қайыршы шал ақша емес, пұл емес... 
Сұрап отыр, іздеп отыр қазағын...

Тоңған бізден көңілі сең, жаны мұз, 
Баян тартып қала берді кәрі күз... 
Өзімізді өзімізден сұраған, 
Көшедегі қайыршымыз бәріміз...

Ынталандыру сыйлығы

Жұлдыз МОЛДАҒАЛИЕВА

**** 

Тұйықтау ем. Айтпаушы едім көпке сыр, 
Достарымнан тиді (ұқтым) көп кесір. 
Мен ренжітпеуге тырысатын адамдар, 
Неге маған өкпешіл...

Арайлы атпай тірлігімнің ақ таңы, 
Жоқ мейірім... Жаныма сол батқаны... 
Мен ылғи да мақтап жүрген адамдар, 
Неге мені даттады...

Ескермей – ақ күн кешемін сынақты. 
Сенгендерім биігімнен құлатты... 
Мен қуантсам деп жүретін адамдар, 
Неге мені жылатты...

Өмір сүрсем деп ем ерек екпінмен, 
Адам үшін көңілде жоқ кек мүлдем. 
Танысыма алыс болып содан соң, 
Бейтанысқа жақын болып кеттім мен.

Сүрінбейін! Сүрінсем кім демейді?! 
Жалғыз өлең өмір құнын төлейді. 
Бағынуға тұрмайтұғын тағдырда, 
Сағынуға тұрмайтындар көбейді.

Кетер ме едім қия жақты мекендеп, 
Ар алдында қарыз қалай өтелмек?! 
Ештеңені көп ойлайтын боп алдым, 
Ешкім мені сұрамаса екен деп...

Қиялыммен санамды кеп алдаймын, 
Күн кешпедім көңіліме алмай мұң. 
Бәрі шындық іздеп жүрген заманда, 
Мен біреуге шындық айта алмаймын.

Өлең – дәрі жан дертімді жүр емдеп, 
Өзім жайлы мен мынаны білем тек: 
Ойламаппын бес - ақ күнгі жалғанды, 
Жалған күліп сүрем деп...

Байғұс дейді. Бәлкім, босқа түнерем. 
Өледі өмір... Өлмейтін тек бір ӨЛЕҢ! 
Бір білерім: бар ғаламды жылатып, 
Мен әйтеуір өлең өлген күні өлем!

Ақымақпын жоқ ойларды бағамдар. 
(Азды пенде, азды сосын заман дәл!) 
Мені босқа жылатпаңдар, жақсылар, 
Мені босқа мұңайтпаңдар, адамдар! 
Бәрі жақсы...

Марғұлан АҚАН

«Сүйем» деші, Алматы... бақыттымын!

Үйсіз - күйсіз мен осы шаһардамын,
Тағдыр жолда желемін, сапардамын. 
Тамсанамын үйі бар күйі барға, 
Қоспай қойды мені осы қатарға кім?!

Жаңбыр жауса шалшығын басатын мен,
Ұлтын сүйген ұлтшыл деп тас атып ең!.
Рух әнін әуелетіп алып келсем, 
"У" шаһарым, есігіңді ашатын ба ең?!

Құлап қалсаң мен едім сүйенішің,
Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің...??? 
Құлап қалса қабырғаң алшы міне, 
Қабырғамды берейін, киелісің.
Шыныңды айтшы, сен мені сүйемісің?!

Керегі жоқ күйіңнің, үйіңнің де, 
Бермей жатсың даланың сыйын кімге....! 
«Сүйем» деші, Алматы... бақыттымын,
Өлгенше өмір сүрсем де үйіндіңде!

Адам бар ма сезінер азабымды, 
Мәрмәрлатып тастапсың мазарыңды.
Кеңсай жаққа Алматы құлақ түрші: 
«Сүйе алмадың неге сен қазағыңды?!»

Жүріп келем ой сүзіп көшеде мен, 
(Осы жолмен жүріп ем кеше де мен.)
Саған деген сезімім сезілгенше, 
Бұлттарыңмен айналып көше берем.

Жалаң аяқ лайыңды кеше берем.
Сезім үшін сұрай ма адам ақы...? 
Ол Құдайдың мәңгілік шапағаты.
Түзде туып көшеңде өліп жатыр... 
Саған деген қазақтың махаббаты...

Данагүл Берекет

КҮЙДЕН ҒАНА ЖАРАЛДЫ-АУ ӨЗІ МЫНАУ ЖҮРЕКТІҢ?!

Тартты көкем тебіреніп дүрліктіре бір күйді, 
Перне бойлап он саусақ биге баса сырғиды... 
Мөлдір моншақ лезде терезе алды шашылды – 
Шашылғанын сүйгім кеп көзім содан ашылды.

Барады, әне, жап-жасыл сәби үні ніл болып, 
Шөп басында сөйлейді – былдыр-былдыр гүл болып. 
Сұлу бола алар ма, шайыр жазған жыр өстіп, 
(Жырдың тілін, әй, бірақ, түсінбеуге тырыстық...)

Көңілімді мен сөйтіп күллі ырғаққа созғасын – 
Көк аспанның бүрлеген көрдім ептеп көз жасын. 
(Бір бақытым – даңғырлап тұрған үнге өзеуреп, 
Тамсанатын тағы әлгі музыкант та болмадым).

Тоқтады күй нұр көрдім – көкірек содан жылынып, 
«Сүю керек» деп қалдым оқыс сонда бұрылып... 
Келді сосын дүниені күймен ғана гүл еткім, 
Күйден ғана жаралды-ау өзі мынау жүректің?!

Ерзат АСЫЛ

Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді

Бірде «Шетелдегі Қазақ балалар» бағдарламасында мұхит асып кеткен Қазақ баласы журналистпен болған қызу әңгімеде түсімде ылғи тауларды көремін дегені есімде.

Көздерімде көкжиектің тереңі, 
Жүрегімде жұлдыздардың өлеңі. 
Жан ағатай мен ғажайып түс көрдім, 
Көк теңізде таулар жүзіп келеді.

Қарсы жүзсе дауыл соғар демінен, 
Ақша бұлттар әрең асар белінен. 
Мұндай алып тауды сірә кім көрген, 
Матшасы ұлкен нән кемелер көріп ем.

Бірақ таулар тоқтамады жағаға, 
Үрейленіп шулады ұзақ шағала. 
Алыс шеттен ақ орамал бұлғады, 
Әппақ қайың айналды да анама.

Таулар сірә қайда кетті кенеттен? 
Дауыл тұрды, нөсер төкті шелектеп. 
Тауларымды келеме деп көп күттім, 
Келмеді олар көк теңізге көп өкпем.

Ақ қайыңдар сағынамын мен оны, 
Көз алдымда көк теңіздің тереңі. 
Толқындармен қуып келем жармасып, 
Түсімде ылғи таулар жүзіп келеді 

Фото: getbg.net, facebook.com
Қосылған күні: 21 сәуір 2016, 11:59

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.