Аппақ қарда кездеспеймiз бiз ендi...

Аппақ қарда кездеспеймiз бiз ендi...
Фото: all-pix.com

Поэзия – пайымы кең, өміршең құбылыс. Оның тірегі – саналы халық. Поэзия – тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін бағзы заманнан-ақ ұлы Аристотель айтып кеткені мәлім. Ғабит Мүсірепов: «Біреудің бағы – тілінде, біреудің бағы – уысында» - демекші, бүгін назарларыңызға бағын жалынды жырдан іздеген талантты ақын Тұрсынбек Башардың бір топ өлеңін ұсынамыз.

***

Тағы да түн!
Қар жауып тұр...
Қараша...
Еске түстiң отырғанда оңаша.
Жұлым-жұлым болады екен бұл жаның,
Жапырағыңды есер жел кеп тонаса.

Көңiл-бақтың жапырағы тоналды,
Жүрек шiркiн сенi ойлайтын боп алды.
Қарашада!
Былтырғыдай тағы да,
Қар жауып тұр таң алды.

Былтырғы күй қайталанды тағы да,
Бiр тәттi мұң ұялады жаныма.
Жапырағын кеткеннен соң жел тонап,
Қар түстi кеп көңiл дейтiн бағыма.

Аппақ қарда кездеспеймiз бiз ендi,
Менде төзем,сенде жаным төз ендi.
Естелiктер ескiредi осылай,
Ескерткiш боп қалар бiзге күз ендi. 

Қар жауып тұр!
Көше кезiп барамын,
Алғаш жауған қардай едi жамалың.
Қарашада, Алматыда қар жауса,
Беееу, Жансая!
Сенi есiме аламын... 

*** 

Арамыз тым алыс һәм жақын, 
Көремін сыртыңнан күнде. 
Отырмын жолыңа шам жағып, 
Келер деп уыздай түнде. 

Уыздай түн... 
О, неткен киелі, 
Жалғыздық... 
Жалғыз-ақ досым... 
Бұл неткен қоңырқай күй еді, 
Ай керіп қарайды қасын. 

Тағы да барады түн ауып, 
Отырмын өзімді қамшылап. 
Ақ жаңбыр мұншама жылауық, 
Ал, сыртта шатыр тұр тамшылап. 

Сол бөлме, сол адам... 
Жүрек... 
Отырмын байланып қаламға, 
Бір сезім барады үдеп, 
Тыныштық жаңғырып санамда. 

Арамыз тым алыс һәм жақын, 
Болама ойламауға мүлде?!!! 
Отырмын себепсіз шам жағып, 
Тағы да өлең оқып гүлге. 

*** 

Көшеде Ару жылап барады, 
Бұлап барады неліктен?! 
Көкжиекке ұзақ қарады, 
Өмір ме оны жеріткен. 

Көз жасы жерге тамып барады, 
Жанып барады денесі. 
Көз ұшында ғайып болады, 
Ғайып болғаны... 
О, несі... 

Өткен өмірін ойлап барады, 
Бойлап барады ұйыққа. 
Бір іске өзін сайлап барады, 
Сайтаны түртіп иықтан. 

Көз жасы жерге тамып барады, 
Налып барады ісіне. 
Денесін от қарып барады, 
Ұяты кіріп түсіне. 

Көшеде Ару жылап барады, 
Құлап барады биіктен. 
...Батқан күнге ұзақ қарады, 
Өмірді сонша сүйіппе ең?! 

Левиафан

Ғұмырым – 
Әр жемістен ем іздеген,
Ұйықтап кетсем түсімде теңіз көрем.
Тағы да жалғыз өзім маңып барам,
Топырағы сарғайған өлі ізбенен.

Теңіз көрем,
Толқыны шумақ-шумақ,
Балығы бауырында тулап-тулап...
Жүреді,
Көкжиекте сағым ойнап,
Аспан көрем бұлттары будақ-будақ!

Күз көрем жапырағы жаңбырлаған,
(ұл көрем тілі шығып былдырлаған)
Уақытқа жыл өтсе де, ғасыр келіп,
Қыз көрем сұлулығын алдырмаған.

Ғарыш келіп миына құйылатын,
Ақын көрем жүрегі жымиятын.
Ұйықтап кетсем тау жақта өзім жүрем,
Ұлы ақынға қол жайып сыйынатын.

Ғұмырым – 
Әр жемістен ем іздеген,
Түнімен қою-қою теңіз көрем.
Тағы да жалғыз өзім маңып барам,
Топырағы сарғайған өлі ізбенен. 


***

Көңіліңе күдік келіп қонатын,
Ой, не деген үрейлі еді мына түн!
Аспан жақа қарап қойып...
Ойланар,
Сол баяғы...
Сол ақын...

Сол баяғы...
Сол ақын...
Қараңғыда өксіп-өксіп алатын.
Уақыт деген шындығында тым қатал,
Жүрек семіп қалатын!

Құлақ түрші сырымды айтам мен саған,
Мекен қайда біз баратын, аңсаған?!
Сезім - гүлім солып қапты сусырап,
Ал, рухым шаршаған.

Не бар өзі айтылмайтын ұрансыз,
Не қалды өзі сенетіндей күмәнсіз?!
Өмір деген шындығында көшірме,
Өлім деген өмір сүру алаңсыз.

Күте-күте кереметті келмеген,
Мына өмірден өтіп барам мен деген.
...Жанарыңа тұнып қалған бір тамшы,
Менің жаным мейіріміңе шөлдеген. 

Индиго
(Съезд Ақымбекке) 

Армаңыз аға!
Мына дүниені қайтеміз құбылған,
Замана желі көзіңе суырған!
Анда-санда сізді көрем...
Ізіңізден,
Дауысты дыбыстар шұбырған.

Нанотехнология...
Өркениет...
Ұлтымызды жұтып барады!
Дыбыстар...
Оны жоқтайтын тек, сіз ғана!
Қазақтың төл дыбыстары - төл бояулары,
Оны бірақ қайдан ұқсын тексіз бала!

"Көтерген жүк ауыр болмайды жұмылып",
Деп айтасыз...
Артынан түңіліп,
Төл дыбыстарды көрем дейсіз,
Шашылған,
Әр бұрыштан үңіліп!

Аға!
Бейне бір су сияқты ақпайтын,
Уақыт та болады екен тоқтайтын.
Бәлкім сондай кереметтер болар,
Қазақта ИНДИГОЛАР туылар,
Төл дыбыстарды жоқтайтын,
Артқан сеніміңізді ақтайтын!
Ассалаумағалейкум емес,
Армаңыз деп амандасып,
Ата-дәстүрін сақтайтын!
Және де,
Рухын, ділін сатпайтын!

Мен соған сенем! 

Парадокс 

Бақыттың көзі соқыр екен, 
Уақытта уақыт жоқ екен. 
Шындық ұйықтап жатыр екен, 
Жалғанның бүйірі тоқ екен. 

Айды көрдім сәуле шашқан, 
Күнді көрдім нұры жоқ. 
Батыраштар бәйге тосқан, 
Сөзді көрдім бүрі жоқ. 

Көпті көрдім адасқан, 
Топты көрдім қаңғырған. 
Епті көрдім таласқан, 
Айқай көрдім жаңғырған. 

Жолды көрдім жүрілмеген, 
Солды көрдім оң болар. 
Жылқы көрдім мінілмеген, 
Нөлді көрдім мың болар. 

Өлең көрдім жазылмаған, 
Қаған көрдім қаһарлы. 
Қабір көрдім қазылмаған, 
...Кезіп кеттім жаһанды. 

О. Сансызбай