Теңіз туралы өлеңдер

Теңіз туралы өлеңдер
Фото: Макс Коваленко

Теңіз десе тебіренбес кісі болмас. Ал кейбіреулерге оны көзбен көрудің өзі арман. Каспий теңізін жағалай қонған xалыққа теңіз сырлас та, мұңдас та, адал дос та бола алады.  

Теңізге мынау қарашы,
Жетпейді көздің шарасы.
Кеткендей боп тұр астасып,
Аспан мен жердің арасы.

Мұнда жоқ кінә-кек деген,
Мұнда жоқ шет пен шек деген.
Сан бақыт мұнда бүршіктеп,
Сан мұрат мұнда көктеген.

Оған жат қайғы-қасірет,
Айтары ерлік өсиет.
Теңіздің теңіз екенін
Тану да үлкен қасиет.

Төлеген Айбергенов

Жағасында  теңіздің  жылап  тұрмын,
Қиылмаған  некесі  қалыңдықтай.
Көзден  шаттық  бұл  күнде  жырақ  сырғып,
Би  билеп  жүр  толқындар  халімді  ұқпай.

Сұқтанады  сыртымнан  серілер  мың,
Сырын  оның  уақыт  сараптасын.
Сені  сүйіп  сезімге  берілемін,
Алла  баста  адам  ғып  жаратқасын.

Сені  қалай  ұмытам  құшып-болып,
Ынтық  сәттер  көлбеңдеп  сұр  елестей.
Жем  іздейді  шағала  ұшып-қонып,
Менің  мұңым  ол  үшін  дым  еместей.

Сол  жағаға  тағы  да  келіп  тұрмын,
Бір  сапарға  шыға  алмай  кемелермен.
Шабытымды  сағымдар  еліктірді,
Жыр  оқиын  деп  едім  сенер  елге.

Сағынышым   жанарда  бұлақтар  боп,
Балбыраған   бақыттан  күй  есімде...
Сені  аңсаған  көңілде  сұрақтар  көп,
Қайда  жүрсің?
Сен  мені  сүйесің бе?

Анар Шамшадинова

Шардара теңізі

Мына теңіз астында қорым қалған,
Шағалалар кетпейді со бір маңнан.
Маған таныс секілді бала күннен
Мен көрмеген айқұлақ қоңыр қорған.

Жиекке кеп үзілген жолдар ана,
Толқиды су – әруақтар қорлана ма!
Менің де бір қимасым жатқан сынды
Мен өмірде көрмейтін сол молада.

Құлағыма солардың үні келіп,
He бітірдім деймін мен тірі болып.
Тұсап тастап есегін Қоңырат шал,
Теңізге аят оқиды күңіреніп.

Жер де басқа секілді, аспан өңге,
Елегізем келгендей басқа әлемге.
Жартыкеш Ай тереңнен қалқып шығып,
Тұрады да қояды тас төбемде.

Айламен, оймен басқарып
Алапат асау жылдарды,
Теңізбен шандып тастадық
Тентіреп көшкен құмдарды.

Жан-жақты ұлы тұмшалап,
Шулайды толқын тоғанда.
Даланың қысы жыл санап
Барады суып,
Содан ба?

– Ол, рас, – дейді ғалымдар,
Ғалымдар айтса - нанасыз.
Кешегі мақпал шағылдар
Ызғырық ескен қара сыз.

Тәйірі, не тұр көк мұзда,
Қорқатын кезден жырақпыз.
Қатал боп кеткен жоқпыз ба
Ауамен бірге бірақ біз?

Есенғали Раушанов

Теңіз және сен

Әдемі ең теңіз, сен бүгін,
(Ақмаңдай, бәлки, ормандай...)
Көгілдір көздің мөлдірін
Кесеге құйып алғандай.

Ызғырық есіп оқпаннан,
Ақпандар қауырсын жонғанда...
Жылымық іздеп ақ қарлар,
Аққулар болып қонғанда...

Ауғанда бесін, ілбіп күн,
Әніндей қудың қарлыққан.
Аққудай әппақ тірліктің –
Баянсыздығын сонда ұққам!

Теңізде – жатқан «жын ұрып»,
Бар еді ару жылылық.
Сен-дағы тұрды жылынып,
Мен-дағы тұрдым жылынып.

Көзімнің сұғы – жебедей,
Қадалды барып қай жаққа?
Бет алды көңіл кемедей,
Жылылық ескен айлаққа.

Мамығын төгіп күн өтті,
Айдында қатып тұр қырау.
Жылына келіп,
Жүректі
Жылытып кеткен құрбым-ау!..

Сұлтанбек Құдайберген

Каспийге сыр

Біледі тіршіліктің бағасын кім?
Көтердің қуанышын, қазасын мың.
Бұлқынады өзіңдей шалқар шабыт,
Ей, теңіз, нені біліп аласұрдың?

Мұңымды айтсам қалайша ұтылмақпын?
Қамқор болып, біреудің құтын бақтың.
Салғырттау боп қарадың кейбіреуге,
Сөйтіп оның өмірін жұтып жаттың...

Ойлар мүжіп, бір толқып, бір басылдым,
Сенен басқа сырымды тыңдасын кім?!
О, Каспий, саған ғана ақтарылам,
Сен менің жанымды ұғар мұңдасымсың!

Шынар Түйешиева

Каспийдемін!

Толқындары топырақта тоқтаған
Мен әйтеуір көк теңізге көп барам.
Көп барам да аққуларын көрмесем,
Күні-түні жоқтанам!

Каспийімнен жүрем күнде жинап ән,
Әні қандай кемеріне сыймаған?
Мен қуансам толқып жүрем толқындай
Ал қиналсам буырқанып қиналам!

Көк теңіздің жарасамын асылы,
Қызығамын сырларына жасырын.
Жазып алып жыр етемін дегем де
Айтпай қойды, айтпай қойды ғашығын.

Көк теңіздің қанып жұтып самалын,
Бір жаңарып бір жеңілдеп қаламын.
Сөлім құрып сағынамын аңсаймын,
Аққанатты аққулардың жанарын.

Толқындары бас ұратын жағаға,
Аққулары сыланатын тарана,
Айналшықтап көк теңізге көп барам,
Көп барам да көп отырам жағада!

Басым ауып келем тағы теңізге,
Мені іздесең теңіз жақта деп ізде.
Мен әйтеуір сол теңізге ғашықпын,
Әлде менің анашым да теңіз бе?
Мен отырмын теңізде!

Айгүл Талысова

@. @assel_assanova