Қолыңды бер, әке!

Қолыңды бер, әке!
Фото: voxpopuli.kz

2 қыркүйек күні үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов ғарыш көгіне көтерілді. 12 қыркүйекке дейін шексіз әлемде «қонақта» болатын отандасымызды қалың жұрт тілеуін тілеп, шығарып салды. Олардың қатарында Айдынның отбасы да болды.

Кеше белгілі ақын, спорт комментаторы Есей Жеңісұлы «facebook» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында ғарышкердің қызымен қоштасқан сәтте түсірілген суретін жариялап, өлең арнады. Ғарышкердің қызы Диананың ішкі сезімі өрнектелген өлең кімнің болса да көңілін тебірентері анық. Ендеше оқи отырыңыздар.

 Қолыңды бер, әке!

(Ғарышқа сапар алдында Айдын Айымбетовті қызы Диананың шығарып салуы)

Шақырып қиырсыз шартарап,
Алдыңнан ұсынды төте сын.
Ел-жұртың тұр, әне, алқалап,
Құрметке лайықсың, әкешім!

Шын ерлік қалмайды өлшенбей,
Жігерді намысқа жалғадың.
Жоқ шығар ешкім де дәл сендей,
Аялай білетін арманын.

Жасыңнан көз тіккен заңғарға,
Әке, сен қайтпайтын қажырсың.
Арманмен ғарышқа самғауға,
Міне, енді тастүйін әзірсің.

Мендегі қиялды алып ұш,
Санаңды сергітсін ән-күй боп.
Қазір-ақ өзіңе сағыныш,
Жанымды барады әлдилеп.

Әкешім, аман-сау барып қайт,
Жұлдызды алып қайт қалаған.
Жат ғаламшарлыққа сәлем айт,
Сәлем айт осы Ұлы даладан.

Тәнті боп, таң қалсын бай ғалам,
Сен оған ерекше ой салшы.
«Жер бетін ізгілік жайлаған,
Мейірім аста-төк...» дей салшы...

«Ешкім жоқ жүрегі ауырған,
Жер мынау – тау аман, ел аман.
Қыратын, жоятын қарудан,
Бәріміз бас тарттық» де оған.

Әкешім, көз таста алыстан,
Естігем,
осы сөз қанша нық:
Жер-Ана, қарасаң ғарыштан,
Қорғансыз, дәрменсіз соншалық...

Ал енді қол бұлға еліңе,
Қазағың самғатсын баласын.
Жазира қазақтың жеріне,
Сенемін, сен күліп қонасың!

Сапарға тілеймін береке,
«Ақ жол» дер батагөй ұлы елің.
Қолыңды қолыма бер, әке,
Өзіңмен бірге ұшсын жүрегім...

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
(автордың фейзбук парақшасынан алынды)  

Ө. Сансызбай