Ырысбек Дәбей: "Сіз шырқаған әнді естіп жапырақтай дір қағам..."

Ырысбек Дәбей: "Сіз шырқаған әнді естіп жапырақтай дір қағам..."
Фото: жеке мұрағат, tahrirnews.com

Ақын Ырысбек Дәбейдің "Шық тұнған жолдар" атты алғашқы жыр жинағы шыққан кезде сүйіншілеп жазған едік. Одан кейін "Əкелеріміз айтатын əңгіме" атты эсселер жинағы жарық көрді. Екі кітап та өз оқырманын тауып, құнды кітаптарымыздың қатарын толықтырды. Ақынның нәтижелі жұмыстарының бірі - "Кебінсіз" поэмасы Массагет сайты арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Бүгін тағы бір жаңа өлеңдердің жарияланар сәті келіп тұр. Ақынның соңғы кезде жазылған "Кездесу жыры" мен ертеректе қағаз бетіне түскен "Қоштасу жырын" ұсынып отырмыз. Лайықты бағасы өздеріңізден.

Қоштасу жыры

I

Өзім – қапас, өзім – түрме, өзім – мұң,
Бүгін тағы сені ойлаумен көз ілдім.
Жүрегімнің, жүрегімнің жартысы ең,
Қасіреттің қасқырына жегіздің.

Нән ағысы теңселтеді толқынның,
Жерленгенін білдім мүлдем еркімнің.
Мен дамылсыз төккен моншақ ішінде,
Қасіреттің қайығы боп сен тұрдың.

Қалсын жүрек ақырғы рет қол жайып,
Көңілден ұш, көгершінім, бол ғайып.
Менің барлық шаттығымды тиеп ап,
Алыстауға асығады сол қайық.

Қадаламын қалай жүзер екенсің?
Жақын едің...
Енді сондай бөтенсің.
О, дәриғай! Түк сезбеген қалпыңмен,
Көк теңізде желкен жайып кетерсің.

Қоштасармыз... Қол беруге тартынба,
Бір қайғыдан құлап қалған нар тұлға.
Сенің түнек түндеріңді күзетер,
Ғаламат өрт лаулап жанған қалпында.

II

Өтер дәурен сағынышпен, құсамен,
Қанат болса қалмас едім, ұшар ем.
Мақпал түнде маңыратып жұлдызды,
Құшағыма қатты-қатты қысар ем.
Көрінбейсің бүгін.

Самал болсам бір аймалап өтер ем,
Көлеңкеңнен қалмай еріп кетер ем.
Қол бұлғасаң алты қабат аспаннан,
Ағаш атқа артынып-ақ жетер ем.
Көрінбейсің бүгін.

Аққу болсаң айдын болып тербер ем,
Көкжиектен күн ұсынып, қол берем.
Түннен сұрап тұншығамын ең керең,
Елесіңді, елесіңді ем көрем.
Көрінбейсің бүгін.

III

Сені іздеймін
Құба түзден, белдерден,
Сені іздеймін аққу ұшқан көлдерден.
Жүрек сорлы дәтке қуат тапса да,
Сен армансың сонау балғын бейнеңмен.

Сені іздеймін, қара түнге қадалам,
Сені күтем жаңбыр түткен даладан.
Сені іздеймін күзгі аспанның көркінен,
Сені іздеймін көктем сүйген жағадан.

Сені іздеймін тырауынан тырнаның,
Сені іздеймін бұлағынан жылғаның.
Сені мәңгі таба алмайтын шығармын,
Ғұмырымның таусып болып тұз-дәмін.

IV

Бүгінде егілдірді, жылатты іңір,
Сарқылып барасың ба, бұлақ – ғұмыр?
Көңілден өшпей оттың алаулары,
Құлақтан үзілмейді ұзақ күбір.

Жапырағы сыбырлап бала талдың,
Тағы да жүрегіме жара салды.
Жұлдыз болып жанымда жанып едің,
Қара түнде, қай жаққа аға салдың?

Белгісіз беталысқа сабыламын,
Көңілі пәс пендемін, жаны жарым.
Жүрегімнен мен сені ертіп шығып,
Қосып берсем жанымның қара лағын.

Сосын дамыл аларма ем, қайтер еді?
Көкке ұмтылып көңілдің бәйтерегі.
Қосып берем мойнына маржан тағып,
Тұтқында ұстап, тұқыртып қайтем оны?..

V

Мен сені соңғы рет сағынайын,
Беймаза сағыныштан арылайын.
Сен мені жарылқама жарық айым,
Сен мені мазалама жалынайын.

Аспанда айым да аман, күнім де аман,
Бұрын қалай барлығын ұғынбағам.
Тілсіз түн түнегіңе тарта бермей,
Барлығында ұмыттыршы бүгін маған.

Ұмытайын қаперсіз шақтарымды,
Тұңғиық сырларымды ашқанымды.
Ауаға айтып мәңгі жіберейін,
Алғашқы және соңғы хаттарыңды.

Мен сені ең соңғы рет елестетем,
Несіне сартап болып елес кешем.
Дәриға, ғұмырымда ғайып болған,
Ең соңғы махаббатым емес пе екен?..

VI

Жұбатшы ана! Жығылдым,
Арасында қалдым қапас іңірдің.
Құлын дауысым құлағыңа жетер ме,
Бұла мұңның бұрымына буындым.

Сезесіз бе?..
Жанарыңмен аймалап,
Аласарған аспаныма ай қадап.
Жылы-жылы сөздеріңнен жылындым,
Қатты-қатты жығылып ем тайғанап.

Солай, солай...
Ессіз ғашық едім мен,
Сол сезімнен оңбай таяқ жедім мен.
Быт-шыт болған жүрегімді құшақтап,
Шып-шып жасты сезесің-ау көзімнен.

Ұйықтатыңыз.
Мазалайды түн тағы,
Жез тырнағы жүрегімді жыртады.
Пыр-пыр етіп ұшқан үміт құсымның,
Қанаттарын қырқады.

 

Кездесу жыры 

Жас жүрегім
Жанды менің,
Жай таба алмай, япырым!
Өзің оңда
Жақсы жолға
Ақырын.
– Абай

I

Кімге ұқсаттым мен сені?..
Ұқсамашы өтінем,
Солбір жанды жоғалтып...
Жолға шығып кетіп ем.
Жолықтыңыз жолшыбай жолдың қиыр тұсында,
Көз ала алмай қадалып, қарап қалдым бетіңе.

Қандай таныс бұрылып үнсіз кірпік қаққаның,
Сәл жымиып артынша нәзік мұңға батқаның...
Мен осы бір ғажайып картинаны күзетіп,
Сонша ұзақ жыл кеудемнің тереңінде сақтадым.

Жүрегімде сақтағам...
Талып жеттің ән болып,
Менде ешқандай ерік жоқ,
Ол – жүректің пәрмені...
Жылы қарап жүзіңе есен-саулық сұрадым,
Кешіктірдім жолыңнан әңгіме қып әрнені.

Тым бейтаныс адамның «хикясын» тыңдаған,
Дедің мүмкін «бұл өзі қайдан келген жынды адам?»...
Көне жолдың бойында сізді ұқсатып біреуге,
Сіз шырқаған әнді естіп жапырақтай дір қағам...

II

Естіп кенет ерке, нәзік үніңді, 
Көңіл шіркін сең соққандай бұзылды. 
Бейтаныссың... және жақын жандайсың, 
Еске салып менің он сегізімді. 

Сәлем бердім жолай саған бұрылып,
Естілcін деп ғазиз жүрек күбірі...
«Мынау менің басып өткен жолдарым,
Мынау менің адастырған құлыным...». 

Мәжнүн болған жанды көріп тіксініп, 
Тіл қаттың сен...
Қандай әуен тұп-тұнық. 
«Біздің жақта гүлдер бүрлеп тұр әлі, 
Сіздің жақта қапты шөпке шық тұнып...».

- Сау болыңыз!.. 
- Есен болғын ерке қыз, 
Аттанарда бір ән салып берсеңіз... 
Айхай, мұңы арылмайтын ескі жол, 
Айхай, дәурен! Айхай, қонақ – он сегіз...

III 

Қара жолдың шұбалған иір-иір жолағы,
Мен ғаламның бір түйір қалқып жүрген тозаңы...
Сен ұшырған әуеннен тамған нәзік ноталар, 
Менің бейбақ басыма ақ қырау боп қонады. 

Қашан еді қоштасып, жолға шығып кеткенім?
Қақ төбеден сорғалап мазамды алған неткен үн...
Жүрек сыздар жарадан басқасы жоқ бүгінім, 
Бүгін болып жолыққан ұмытылмайтын өткенім.

Ш. Талап