Мен өмірді өзгертем деп талпындым

Мен өмірді өзгертем деп талпындым

Аяулы массагеттіктерге қазақтың дарынды ақыны Ақберен Елгезектің өлеңдерін ұсынамыз.

Ақберен Елгезек 1980 жылы, Алматы қаласында дүниеге келген. Семей облысы Шұбартау ауданы, Мәдениет ауылының Е.Рахмадиев атындағы орта мектепті бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ тарих факультетінің түлегі. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына ие ақын “Көлеңкелер күбірі” атты өлеңдер жинағын басып шығарды.

Бағым 

Мен өмірді өзгертем деп талпындым.

Өмір мені өзгертті.

Сен де бірге меніменен, алтын Күн, 

Ғарыш жақтан сез дертті...

 

Мен тағдырды басқа арнаға бұрам деп,

жаңғырыққа жолықтым.

Өлең – маған, мен Өлеңге сыңар боп,

қалған екем, соны ұқтым.

 

Мен адамды іздеп едім сыртымнан,

жасырынды ол ішке.

Көк сеңгірден бұлдырады бір тұлға,

Ақ қанатты періштем?...

 

Мынау әлем – жаратылған сезімнен

және сұлу өрістен.

Өз-өзімді көріп тұрмын көзімнен,

аппақ нұрлы пейіштен...

 

Мен әлемді сүйемін деп жар салдым,

ғашық болып өмірге.

Бақытымды жүрегіммен қарсы алдым – 

апаратын Тәңірге!

 

***

 

Сансыз ғаламнан тұратын

шексіз Ғарыш – бір атом.

Мейірбан менің Тәңірім:

Өзі – Ғалым, Өзі – Ақын.

 

Сыбызғы тартса иесі,

өмірдің тәтті күйі осы.

Отбасы сынды тіршілік –

ортақ ғалам жүйесі.

 

Жапырағындай еменнің,

әріптеріндей Өлеңнің...

Ұлы Нұрдың

сұп-сұлу

ұшқынымын!

Өренмін!

 

Жаратқан үшін маңызды – 

өрнектеп салу әр ізді.

Гүл-Ғалам Ұлы Тәңірдің

портреті тәрізді... 

 

Жұмбақ

 

Сол үшін шығады жолға бәрі,

Сол үшін құрбандық – қолда бары.

Сол үшін күз назданады,

Сол үшін көктем бұлданады!

Сол үшін сұлу жандар ән салады,

Ажалды да Сол үшін қарсы алады.

Сол үшін бәрінен безінеді,

Сол туралы бәріне жар салады!

Сол үшін ертеледі аттың бәрі,

Сол туралы сөйлейді заттың бәрі.

Сол үшін жүрек біткен ақталады,

Сол үшін жүрек біткен сотталады!   

Сол айтса, бәрі-бәрі құп болады,

Сол үшін көкорайға бұлт қонады,

Сол үшін дәру іздеп жер шалады... 

Удың өзі Сол үшін ұрталады...

 

Сол үшін өмір өзі түзіледі,

Құдыреті содан ғана сезіледі.

Сол арқылы кезікпестер кезігеді,

Соны ғана қимастан көз іледі...

 

 Өкпе

 

Әр көше – жыр жолы, түп-түзу. 

Көліктер – қозғалған әріптер.  

Қоштасу. Жете алмау. Күткізу.

Бір-бірін сүймейтін ғаріптер.

 

Күтпеші адамды, келмейтін.

Тағдырдың тым қатал пәрмені.

Көшелер – өлеңдер өлмейтін,

жадыңа оралтар әрнені.

 

Қозғалма, ойланба, түсінбе...

Өзіңнің жаныңнан кім ыстық?

Жыласын ішіңде,

дыбыстан қалғыған тыныштық.

 

Ойлама, күтпе де зарықпа.

Ешқандай әуенге бөленбе. 

Өзіңді құрметте, құрметте:

жалғызсың әлемде.

 

Жалғыз

 

Шексіз ғарыш шетінде

жетімсірер Жер-жұлдыз. 

Сол жұлдыздың бетінде

Сен жалғыз да, мен жалғыз.

 

Жалғыздардың әлемі?...

Сен көпшіл де, мен көпшіл?

Тор тоқыссақ әдемі, 

өрмекшіге, өрмекшіл!..

 

Құрай – жалғыз, мыс – жалғыз,

Жалғыз – барлық атомдар.

Құс – жалғыз

және

барлық Ақындар.

 

Жүрек – жалғыз, мый – жалғыз.

Шылым жалғыз шоқтанып... 

Аярланған жүзіңе

Ай қарайды сұқтанып.

 

Бәрі – жалғыз.

Тәңір де. 

Ажал – бөлек, Ар – бөлек.

Өмір мәні, тегінде: 

өрмекші мен көбелек...

сурет ақынның жеке мұрағатынан алынды