Қаяулы көңілімдегі қарындасым ең...

Қаяулы көңілімдегі қарындасым ең...

Қымбатты танымы кең, талғамы биік оқырман! Әдебиет бөлімі ашылғалы бізге жіберілген туындылар легі толастар емес. Сөз қадірін біліп, әуенін сезінетін жаны сезім мен сырға толы оқырмандарымыздың көп екеніне көз жеткізудеміз. Бүгін назарларыңызға жас сатирик Бағашар Тұрсынбайұлының лирикалық өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Күнді өпкен аспанның,
Бұлтын барып сүйгенмін.
Жарқылдаған жасынның
Отыменен біргемін.

Сағыныштар — ғасырлар,
Шақырымдар қанша мың.
Мен де өзімше есерсоқ
Һәм қаһарлы патшамын.

Әміріме құлдық ұр,
Ей, адамдар, мыңдаған.
Мен емеспін сендерге
Патшалығын бұлдаған.

Қара болып сендердің
Қастарыңа түнегем.
Босағамда сығалап
Маған қарап тұр өлең.

Неге жазам, сені өлең,
Кім оқиды өзіңді?
Еске салып тұрасың
Менің ақын кезімді.

Жаралғанын не үшін
Ұмыт қылды бұл ғалам.
Қайран менің өлеңім —
Сағыныштар сыздаған.

Сені сүйдім, өлеңім,
Ғұмырымның басы деп.
Әміріңді жырлауға
Аллам, өзің нәсіп ет.

 

****

Аялы қарындасымның

Кірпігін суламасам екен

Аяулы қарлығашымның

Арманын былғамасам екен.

 

Алланың бұйрығыменен

Шалғайда бұйығып өстік.

Жалғанның шындығыменен

Шамданып, ширығып өстік.

 

Кешірші, қарақатым-ай,

Жүзіңнен айналдым нұрдай.

Жүректе жарақатым-ай,

Солқылдап аурады сыздай.

 

Көрсем ғой түсімде күнде,

Көзіңнен сезілмей мұңлық.

Оранып сағыныш жырға

Өмірде кезікпей жүрдік.

 

Сен менің жүрегімдегі

Өлмейтін үміт жүрексің.

Сен менің көңілімдегі

Өзгеден  сүйіктіресің.

 

Шырағым, шуағым менің,

Тәттімсің сезбейтін ешкім.

Жанарым, құрағым менің,

Қаттымсың төзбейтін ешкім.

 

 

Бойыма ғаламат күшпен

Қанымдай жігер беретін.

Мен саған сенемін, күнім,

Ханымдай сүйеу көретін.

 

Сапарлар күтіп тұр алда

Жүректің сеніміменен.

Ғұмырың сәулелі болсын

Алланың мейіріміменен.

 

Мен сені іздегем талай

Өмірден, жарығым, шыным.

Сағымы боп кетіп жүрме

Ағаңның сағынышының.

 

***

Анаңның жүрегіндегі,

Ағаңның тілегіндегі.

Қабырғам қайысатын,

Қаяулы көңілімдегі

Қарындасым ең.

 

Анаңның жігеріндегі,

Тәңірдің тірегіндегі.

Алланың рахымынан

Ағаңның тілеуіндегі

Қарындасым ең...

 сурет: to74.rosreestr.ru

М. Оңғарова