"Балмұздақ қыз, бүгін сенің пәк күйің..."

"Балмұздақ қыз, бүгін сенің пәк күйің..."

Балмұздақ қыздарға базарлық. Асыға күткен оқу жылы да басталды. Алып шаһарға арман қуып келген аруларды алда қандай өмір күтіп тұрғаны беймәлім. Әйтсе де, қызыққа толы студенттік шақ өз сыбағасын дайындары анық. Осы орайда жоғарғы оқу орнына түсіп, үлкен өмірге қадам басқан қыздарға арналған өлең-жырларды топтастыруды жөн көрдік. Ендеше, өлеңдер сөйлесін...

Балмұздақ қыз

Балмұздақ қыз, бүгін сенің пәк күйің,

Жатақхана жанға жайлы сәтті үйің.

Құшағыңда мамық, үрпек ойыншық -

Дәл өзіңдей сүп-сүйкімді ақ тиін.

 

Сағындырса ауыл-аймақ, белес, көк,

Мынау қала мен күткендей емес деп,

Отырасың альбомыңмен сырласып

Өткен күннен естеліктер елестеп.

 

Саған таңсық түнгі қала, би кеші.

Сауық құрып қайтқың келед кейде осы.

Бірақ бөгет ұстаз берген тапсырма,

Одан қалса кәріс, түрік киносы.

 

Үйден қоңырау шалса жылап аласың,

Не етсең де саған бәрі жарасым.

Әрбір көзден, әрбір сөзден сабақ ап,

Күннен күнге сен бойжетіп барасың!

 

Саған кейде осы өмірің бал-дағы.

Ал бұдан да тәтті күндер алда әлі.

Құрбылармен қыдыртады бір үміт,

Қалашықтың жағылғанда шамдары.

 

Тәкаппарлау өте шықсаң паң күліп,

Елеңдейді сері жігіт, сал жігіт.

Бұл шағыңның әр сәтінде сыйлық бар,

Оны кештеу бағаларың заңдылық.

 

Мұны саған айтқандағы мазмұн не?

Оны өзің-ақ сезінесің аз күнде.

Сені құлай сүйетұғын бір жан бар,

Әл-Фараби атындағы КазГУ-де!

Асхат Қылышбек

*** *** ***

Ауылдан Алматыға кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

...Еркіндіктің есігін ерте ашыпсың,

Сүрінеді екенсің неше жерден?

Аңқылдаған көңіліңнен айналайын,

Бүлінеді екенсің неше жерден?

 

Кешір, қалқам, мен емес сұр мергенің.

Ашуланба, бұлданба, сыр бермегін.

Өрмек тоқып отырған мыстан-қала

Баяғыда-ақ сап қойған сүрлеулерін,

Дайындап суық қолды сұр мергенін.

Сонда да жұмақ болсын жүрген жерің.

 

Әп-әдемі, аяулы, арлы көзің

Жасырмай тұрады екен бар мінезін.

Бұл қаланың толқыны кейде, тіпті,

Жарға итере салады нардың өзін...

 

Алматыға ауылдан кеше келген,

Ізетті қыз екенсің шеше көрген.

Сүрінбеймін десең де неше жерден,

Бүлінбеймін десең де неше жерден,

Қала деген сондай ғой,

                                   жетегіне ап,

Жолмен емес, жүргізер көшелермен.

Мен бір жүрген ағаңмын ақ жол тілер

Ал, қалғанын көрерсің пешенеңнен!..

Бақыт Беделхан

Перваш қызға

Бөлмеңде отырсың ба, жалғыз-жарым,

Ешқашан көңіліңе қонғызба мұң.

Сен қазір ерігішсің, суықтаусың,

Бірақ та, тәп-тәттісің балмұздағым.

 

Бір ұстаздың жүзінен шуақ алдың,

Көзіне түстің, бәлкім, бір адамның.

Аулақтағы анаңды сағындың да,

Әкеңді ойлап тағы да жылап алдың.

 

Осылай арманыңнан әрі асасың,

Сабаққа таңмен тұрып таласасың.

Дәрісің болатын жер таппай қалып,

Алматыда сен талай адасасың.

 

Балмұздақ көңіліңнің сиқы қашты-ау,

Бойыңды бір ай болды күйкі басты-ау.

Курс сайын боларсың еріншіктеу,

Курс сайын боларсың ұйқыбастау.

 

Сөйтіп сен курсқа өтіп, жай табарсың,

Жел тербеген теректей шайқаларсың.

Өзіңе біреу айтқан осы сөзді,

Өзіңнен кейінгіге қайтарарсың.

Олжас Қасым

Күзетші

                          Жатақханада өмір түнде басталады-ау…

                                                                            Сенің сөзіңнен

Шырайыңда алаулап гүлдегі арай,

Оқу залын ду қылдық бірге талай…

Күн жарықта мүлгитін жатақхана,

Оянатын сілкіне түнге қарай.

 

Дала ұйқыда, у-шуы тынышталған,

Жатақта – өмір құралған дыбыстардан.

Қозғалысқа әуен боп үндеседі,

Тәтті сыбыс естіліп бұрыштардан.

 

Көздеріңнен бір кемел ойды аңғарып,

Қайта-қайта қараймын қайран қалып.

«Балмұздақтар» оңаша қалдыратын,

Бізді көріп отырған жайраң қағып.

 

Бара-бара айрылып күдік күштен,

Желік бітіп қылғанда үмітті үстем.

Сезімдерді үркітіп кетуші еді,

Текпішектен адамдар мініп, түскен.

 

Шоғын үрлеп ғашықтың Алматы нық,

Арбалумен түн өтті жанға тұнық.

Кеудемізге бақ құсы ұя салып,

Бөлмемізге қайтамыз таңды атырып.

 

Тағдырымыз түйісіп торғын белде,

Жүзіңдегі шомылғам мөлдір көлге.

Бұлдыраған даланың сағымындай,

Елес болып барады-ау сол күндер де.

 

Еһ, төртінші қабатта тұратын қыз,

Өзің барда болмайтын мұратым күз.

…Сол екеуміз сыр шертіп, арманды айтып,

Қала ұйқысын күзетіп шығатынбыз.

Бауыржан Әліқожа

Топтастырған: Шерхан Талапұлы

Суреттер: Досжан Балабекұлы

Н. Айдархан