Әріби-Әрібек Дауыл: "Өмір деген – өзгеден қақпай көру"

Әріби-Әрібек Дауыл: "Өмір деген – өзгеден қақпай көру"

Жас ақын Әрібирібек Дауылдың өлеңдер топтамасын жалғастырамыз.

Қадірі қалмаған бейбіт күн

Қаскүнемдер қоздатса борандыға от,

Сөлім қашып сорлаймын соған жүдеп.

От ішінен өжеттер тапқан тірлік,

Осылай өкси ме екен обалды боп?

 

Атымен жоқ, ақ жалын түтек деген,

Тып тыныштық, тың тыныс табылған жәй!

Үрейлер үрмек тұр ғой үп етпеген,

Бейбіт күнде барады қадыр қалмай.

 

Шабытты шым-шытырық шектеп елес,

Тыңдасаң табылады текке кеңес.

Сарымайдай сөзбен өрмей, көзбен көрмей,

Тәубе ойлап қадіріне жеткен емес…

 

Сыртқа шықсаң сабырын таппай көңіл,

Өмір деген – өзгеден қақпай көру.

Белі босқа бәрі бір жақпайды өмір,

Сұқ көздерден тұлпарды тығып ұстап,

Бәйгеге баптай беру.

 

Ой, шіркін өмір, өмір, өмір, өмір!

Сусын таппай сусадым шөліме бір.

Шыдасаң қыл бұрау сап шыңғыртады,

Шыдамасаң қорқыттың көріне кір.

Үйсіннің үні

Дүлей дауыл, дарқан дала, кәрі тау,

Бәрі-бәрі тұнып тұрған шабыт-ау.

Тау ұлымын таудың сырын білетін,

Бейнелеп тұр өңім менен іретім.

Өрт өлкенің оқ жыланын қамшы ғып,

Бесті асауын бұзау көріп мінетін.

 

Тау бұлағы тамырдағы таныс қан,

Ашынғанда ауыздықпен алысқам.

Айдалада ауызы күйген арыстан

Ол қайратым сүйегіме қарысқан.

 

Қалжың маған бұрқасының қасаты,

Мен – Қазақпын,

тас түлекпін – жас ақын.

Асқақтардың аптықтарын басатын,

Асықпай ақ асқарлардан асатын.

 

Жазамын деп жағымды жыр, епті өлең,

Тулап жүрек тақымы бір кеппеген.

Жыр асауын ауыздыққа көндірсем,

Қиялыма қыраның да жетпеген.

 

Қалқан қылсам қара таудың қапталын,

Түңілдіргем өз-өзінен жат жанын.

Шырын кешіп, құшып ұйықтап ат жалын,

Қара қоста қамсыз жарты патшамын.

 

Қасиеттім Үйсіндермен Сақтарым,

Ақтарамын тарихыңның қатпарын!

Түстерімде жиі-жиі көрем мен,

Ғұн, Үйсіннің ұрпағы екем бөрі емген.


Наурыз – жыл басы

Әз наурыз келгенде көктемді алып,

Қардың суы сылдырар бөктерде ағып.

Әр балаға бірден тал отырғызар,

«Мал емес тал қалсын», –

деп өскен халық.

 

Ақ түйенің қарыны жарылған күн,

Қандасының ақ төсін төспен қағып.

Жеті дәмді көже ішіп көңілденер,

Өлгені тірілгендей өшкен жанып.

 

Күн түнмен тең, сәуле бер ақ таң қылаң,

Көпіртіп көлдетейін дастан жыр-ән.

Көктемнің көмегімен көкке ұшайын,

Гүлім-ау, мезгіл барма асқан бұдан!?

Самарханның көк тасы жібіген күн,

Жанданар желтоқсанда қатқан жылан.

 

Наурызда жәйнап жастар сөнбей жалын,

Құлпырған қыздарменен жеңгей қалың.

Ұлт екенін ұмытқан жандар көп қой,

Кім барып тексіздердің тергейді арын?!

Өздерін ұлт сезініп қалсыншы бір,

Жалынайын тез келші төл мейрамым.

 

«Кел көктем!» деп коңілім тасыды мың,

Себебі көп, бұл күне асығудың.

Қыспен қатқан тіршілік қайта жібіп,

Жайнаған жаз келеді жасыл ырғын!

Сондықтан бұл науырыз басы жылдың.

«Алаш» 

Тектінің тұяғысың біле білсең,

Тарихқа құлағыңды түре жүрсең.

Жоңғардың жотасынан жүрегі үлкен,

Қайран жұрт, қайрат барда кім едің сен?

 

Құрықталып қалғаны-ай халқың жүдеп,

Ашынғанда ақының шарқ ұрды кеп.

«Елім» деп түріне бер балтыр, білек,

Қасық қаның қалғанша алқын жүрек!

 

Тарихтың тасқа басқан таңбасының,

Тіміскіп, тінтіп оқып сан ғасырын.

«Алаш, Алаш» аттанғын арқаң қозып,

Құрытпайық Қазағымның қан нәсілін.

 

Тамақ жұту, тояттап тойғанға азап,

Жалқаулықты жүйкеден жойған ғажап!

«Қараңғы көгіңе мен күн болайын»

«Масамын»

«Оян Қазақ», ойлан Қазақ!!!

 

«Ел ері» деп ырымдап ұл туғанда,

«Азаматпен қорға» деп жұртымды Алла.

Бодандықтың бұғауы шытынады ,

«Алаштың» Азаматы бұлқынғанда.

 

Бодандықтан бос таудың бетіне өрлеп,

Үш жүз күнде қыршының кесілер ме ед!?

Қазақта тұңғыш ұйым боп құрылған,

Айтсаң айт «Алаш» ұлын есіл ер деп!

Ұлтқа ұран

Басып кеткен екен-ау, халқымды лаң,

Енді түспес біз барда нарқың бұдан.

Тегіс атқа қонғызар тартымды ұран,

Саламыз, сонда қорғар салтыңды Хан!

Күн отының шапағы шомылдырған

Алашым, айналайын, Алтын қыран!

 

Бабам «біз» деп тер төксе күйттеп еңбек,

«Атаңның ақ сақалын үйт» деген жоқ.

Өзім жеуге қимайтын жал мен жая,

Енді кете бермейді итке жем боп.

 

Жегідей жау қаптап жүр қан қайнатып,

Ол – қорқау, сезбес қазақ нардай жатып.

Келімсектің кесірінен сақтан жастар,

Кетпесін зәрі бойға балдай батып.

Құдай берді Қазаққа дардай бақыт,

Сонда біздің ұрпаққа қалмай ма түк?!

Мейлі, өзім өшсем де жанбай жатып,

Сілекейге су қалмасын таңдай қатып,

Қозғалдым намыспенен арды ойнатып!

 

Сезбей ме сұмдықтарды мына адамдар,

Жылаған бар, себебін сұрамаңдар!

Қыналы аңғар, құлын тұр көлеңкелеп,

Олда сезбес, талайлар құлаған жар.

 

Үркіп құлын, жар жерді қалды басып,

Құлын өлсе қалушы ек қан жыласып.

Оян Қазақ!

Оянсаң таңнан оян!

Тәңірден деп айтады таңғы нәсіп!

 

Қысаңдарға төселіп тастан жолдар,

Қайратты қанға малып қосқан қолдар.

Кенесары, Исатай, Оспан болған,

Қазақтан «Желтоқсанда» басталған бар.

Қайқы бас Қыпшақ қылыш, көн садағым,

Нар найза, қынсыз сапы, Қашқар қанжар.

Жаппар құдай боп тұршы аспаннан жар...

 

Көп-көп елдің арманы ұлы ақынның,

Ізін басар тай болып тұратын кім?

Жүрісін жеті орайтын құратыңның,

Көкжал бөрі Түркімін, мұратым мың.

«Дауылдың ұлымын» дер Қасым емес,

Бұрқасынның бабасы Сұрапылмын!

 

Кек қуып жүз атамның өшін қостар,

Рухым мен нәпсі – жылан кесіл бастар.

Ешкі бағып еңіреген Қазақтардың,

Есіркеп енгізейік есін жастар!

Белді бусаң тоса алмас бетіңді асқар,

Менмін осы күрестің көшін бастар.

Ерліксіз ештеңе емес есіл жоспар!

Нұрлансын жаның жаңа есіл жастар!

Тымырсық түнде

Боз ала таң бұдырап атып кепті,

Бірді сорлы, біреуді бақытты етті.

Аңсатып бір аруды жақұт бетті

Әне, тағы бір күнім батып кетті.

 

Құлқыныма қымызбен мастық кіріп,

Бесті асауын болдыртып, бастықтырып.

Жұлдызына мұң шағып жабырқаумен,

Жаз жәйлауды жатырмын жастық қылып.

 

Талқан болып тарқайма қайғым бүгін,

Мекіреніп иіскесем сайдың гүлін.

Қырмандай қанатыңды жәйғын жырым,

Тайбурылым тепкілеп айдың нұрын.

 

Бақытыңның бөліп бер бір кесегін,

Тұлымың боп толқысын гүл де сенің.

Сенсіз гүлдің көркін мен білмес едім,

Міне, енді сенімен тілдесемін.

 

Тыңда мені тау қыран, тауыс қайың,

Мұңымды айтып мен саған дауыстайын,

Ренжісең де амал жоқ сүйгенімді,

Күміс манат айыңа ауыспайым.

 

Арамдықтан аулақтап ада қаным,

Сұлулыққа сендегі бағаладым.

Қарғалдақ па деп қалам ғашығымды,

Жалауындай жан шошыр жаламаның.

 

Табиғат,

Үндемесең үндеме, тыңда тосып,

Төзімім түгемейді таудан бұрын,

Ауытқымай тиеді талған жырым,

Сендегі жастай қиған қыршын гүлдер

Ондағы шорт кесіліп қалған бұрым.

Ау, менің арман мұңым, арман мұңым!

 

Өмір солай өкірген Ноян ағын,

Көрген соң көкжиекті бояғанын,

Күлімдеген күнмен бір оянамын,

Шуақ емес татқандай той «арағын».

 

Тәулік бойы тоғысар табиғатпен,

О, махаббат осындай ғанибет пе ең?!

Ұқсас жазбалар: 

Әріби-Әрібек Дауыл: "Қара шаңыраққа бізден сәлем айт..."

Әріби-Әрібек Дауылдың екі өлеңі

Жас ақындар жыр оқыды жалындап

"Жез қоңырау" жайында бірер сөз

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет:  Өмірбек Сансызбайfishki.net, favim.ru

Н. Айдархан