Қалау Сәлеметбайұлы: "Құям деп соқыр Сөздің көзіне нұр..."

Қалау Сәлеметбайұлы: "Құям деп соқыр Сөздің көзіне нұр..."

Қалау Сәлеметбайұлы 1983 жылы дүниеге келген. Ақын, аудармашы. Өлеңдері республикалық мерзімді БАҚ беттерінде жарияланып тұрады. Ағылшын тілінен Рабиндранат Тагор, Эмили Дикинсон сынды ақындарды аударған.


Соқыр сөз


Аңсарым алаңда жүр ақ боранды, 

Әй, Өмір!

Айыра алман ақ-қараңды. 

Соқыр сөз жолға шығып бара жатыр, 

Түрткілеп қалам ұшы ақ қағазды... 



Өмірде адам жоқтай менен өзге, 

Құбының құмы көшер кенеземе... 

Құмырада өскен гүл әлденені,

Ойлайды басын сүйеп терезеге... 



Ағаштар құйға батқан балалардай,

Аңсайды-ау,

Асыр салар дала қандай!

Дірілдеп тоңа берер электр шам,

Өзі шашқан шуаққа орана алмай...


Өмірде еркіндік бар, сірә, нендей,

Құс жолы кісендеулі білегімдей...

Артық зат сияқтанам,

Құлтемірге

Салынған адамзаттың жүрегіндей...

 

Ембестен үміт үрпін езіле бір,

Көңілім, көп көкімей «өзіңе» кір...

Түсімде жүрем ылғи құзғын аулап,

Құям деп соқыр Сөздің көзіне нұр...

 

***

(Жарым Жансаяға)

 


Не тілер айырбасқа келер бір бақ,

Сендей ерке тағдырға көнем, бірақ...

Қиналам кейде күрек ұстай алмай,

Байласа саусағымды өлең шырмап.

 

Жетер маған сенің бар сыйлағаның,

Үй суық болғанымен мида жалын...

Көкірегімде қалған бір бос әлемді,

Ұлымның үні тербеп қиналамын...

 

Қап-қара қар жауғызсам нала-мұңнан,

Қарғалдақты көремін қабағыңнан.

Етігім тесілгенде мәз боласың,

Жер – анам иіскеді деп табаныңнан.

 

Қара тұяқ кетіліп ақ шағылда,

Жүрсе де, айтшы, жырдан ақсадым ба?

Ақ жаулығын тосасың тұмсығыма,

Анам жайлы түс көріп жатқанымда.

 

Құйып ап қиялына қорғасынды,

Қосағың бұл қоғамға зорға сіңді.

Түсіме енген қыз десем,

Сен екенсің

Түндерде сүртіп жүрген көз жасымды...

***

 

Жырларымда мың жылқы дүркіреді,

Мезгіл де қамай алмас мүмкін оны

Шабдолдай жүрегімді үзу үшін,

Сұм өмір мені сан жыл сілкіледі!

 

Мен енді шалқып күліп үйренемін,

Көктемнің гүл – түймесін түймеледім.

Жүзік қып тағамын да алтын Айды,

Мәңгіліктің қызына үйленемін.

 

Бұлқынып жатыр сансыз бүршік іштен,

Өтеді ендігі өмір ұмтылыспен

Айналдырып алыппын қара түнге,

Толтырып күндерімді күрсініспен!

 

Жан жарам бір жазылып, бір асқынып,

Қинамас.

Болады енді тұрақтылық.

Ұрпақты ізгілікке бастау үшін,

Отырам әз ізіме шуақ құйып.

 

Еліттіріп бір ғажап күйге мені,

Өтеді күндерімнің күймелері.

Сұм өмір,

Сілкілесең сілкілегін,

Бәрібір қабылдаймын би деп оны!

***

 

Себебін іздеп несін жүз ойланам,

Күлуден жалыққанда жылайды адам.

Жайын – жырым қаппай жүр қармағымды,

Уақыттың өзенін ылайлаған...

 

Бала күнгі сыйлаған асығым жұт,

Құлата алмас тәлейдің тасын ұрып...

Қараңғылық қадайды қара көзін,

Ішіне мың сәуленің жасырынып...

 

Қандай сұлу жымиған жылым – қайғы,

Ертегі айтар бір бұлақ – бұрым жайлы...

Тұлпарлардың тағасы тасқа ұрылса,

Жалған тарих құлағы шуылдайды...

 

Көз жасында миллион жыл себелеген,

Жүзіп жүр Нұх әлі де кемеменен...

Рухым есеңгірер,

«Тас дәуірі»

Тас бинамен тұрмастай шегелеген...

 

Қалам ұшы қиялды қансыратып,

Жабығып жатыр тағы жан шұбартып...

Раушан гүлге тамса екен деймін,

Жанардағы ең соңғы тамшы – уақыт...

 

***

 

Өтіп жатыр, өтіп жатыр ұры күн,

Өріп келем жырдың ұзын бұрымын.

Жерге еңкейсе еңкейер тек Күн анау,

Шерлі ақынның тамызуға шылымын.

 

Жаңқа құрлы көрмес мені ой-ағын,

Тұншығамын,

Әрі бірден тоямын...

Қара түнге (белгі қалсын)

Әжімді

Маңдайымды басып-басып қоямын...

 

Әңгіменің арысын да, берісін,

Айтпашы, дос,

Бар еді онда не ісім?!

Белбеу қылып буынамын беліме,

Жол – жыланның сыпырып ап терісін...

 

Жыр – махаббат бітсе үмітті үтір қып,

Көп алдандық

Ұттық әрі ұтылдық...

Жастық шақтың көріп қалам жарқылын,

Шылымымнан шыққан кезде түтін – бұлт...

 

Құс  – жанымды айдаһарға арбатып,

Жүрмін...

Кетсем мәңгілікке жалғасып...

Қиял – жебе,

Кемпірқосақ садақпен

Ой аулаймын көк аспанға самғатып ...

Мақпал түн мастығы

 

Ұраны болған емес ұлылықтың,

Мен оны көп ойланып бүгін ұқтым.

Көшеде тұрдым ұзақ қыс түніне

Деміммен жырын жазып жылылықтың.

 

Мастанам маңдай терге қарап мен де,

Сол болар шаттық дейтін шарап кейде.

Жанымның жаңа жылын ұқтырғаны-ай,

Ән салып жүрек ұрған сағат – кеуде...

 

Түсінбес деп жауласып жанашырмен,

Былдырлап жүріппін ғой бала тілмен.

Көрдім мен Ай боп жүзген арманымды,

Жарымның жанарындай қара түннен.

 

Көп өтпей көктем келер осыны ойлап,

Жатыр ғой көңілімнің құсы тойлап.

Сұлу су кестелейді кең өлкемді

Тағылған саусағына көпір – оймақ...

 

Пәк дүние, сәбидей бастырылған

Жабықпа!

Басым кетпес жастығыңнан.

Жұлдыздың нұры сіңген ақ қарын жеп,

Айығам мақпал түннің мастығынан...

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: автордың жеке мұрағатынан, nipic.com

 

Оқи отырыңыз:

Жәркен Бөдешұлы. "Артта – тажал, Алда – Атажұрт, шегінбе..."

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы: "Сені сүю – әлемге маңдайдан нұр тарату"

Ерлан Нұрдыханұлы. "Мұзға орап қойсаң да, сөнбеймін, Көнбеймін рухымды жоюға!"

Ықылас Ожайұлы: "Боз жусан аңсаған Бейбарыс ғұмырым..."

Азамат Тасқара: "Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз..."