Өзіңді сағынған жүрегім...

Өзіңді сағынған жүрегім...

Белгілі ақын Есенғали Раушанов Сағи Жиенбаев туралы жазған «Жұмсақ» атты естелік мақаласында «Мен оның Әже туралы шағын ғана өлеңдерiн басқалардың арыстандай ақырған, өлi аруақтарды шақырған «ұлтшыл» дастандарының ешқайсысына да бермес едiм. Ол қазақ поэзиясында Әже бейнесiн қайталанбастай қып сомдай бiлдi. Оның әжесi сенiң де, менiң де, оның да әжесi секiлдi әсер қалдырады. Ескi мақал «аспанда ай ортақ, көкте күн ортақ» дейдi. Жерде жақсы адамдар ортақ.

Әдебиетiмiзде дүниеге келер уа­қытын күтiп жатқан нешеме нышандар бар. Зерттелмей жатқан образдар қаншама, мына кезең өткен соң (бұл кезең ерте ме, кеш пе, өтерi анық) айтылатын сөздер қаншама?! Бiз сол кезде «тоқырау кезеңi ақындарына» қайта ораламыз. Неге жазды, не жазды, неге жазбай кеттi – бәрi қайтадан сараланатын болады. Сондай зерттелмей келе жатқан нысанның бiрi – қазақ жырындағы Әже образы», - деп жазған екен. 

Иә, қазақ поэзиясындағы әже бейнесі үлкен бір зерттеуді қажет етеді. Осы орайда, Мassaget.kz сайты ақындарымыздың «әже» тақырыбындағы жырларын топтастыруды жөн көрді. Бірге оқиық!

Жұмекен Нәжімеденов

ӘЖЕМЕ

Байғұс әжем, бір жыл болды, бір жол болды – көрмедім,

Көрмедім мен бурыл шашты кәрі қолдың өргенін.

Көрмедім мен сиыр айдап, отқа тезек салғанын,

Көлеңкеге құрып қойған ала жолақ өрмегін.

Еркелетсе – ермегі едім, жалғызы едім мен оның,

Әжем үшін жалғыз өзім – бір рулы ел едім,

Сағындым-ау сарғыш тартқан ертегісін, өлеңін.

Біздің жақтан жел ескенде желмен бірге келеді

«Қарашығым, тамағыңды іш, деміңді алшы!» – деген үн.

Дәл осы сәт отыр ма екен, отыр ма екен ине алып,

Жіңішке ине, жіңішке жіп – өткізе алмай қиналып,

Әлде, әлде бір шүйкесін көршідегі тентек ұл

Алып қашып бара ма екен көк шыбыққа «бұйда» ғып?!

Сондай кезде ойлайды ғой, ойлайды ғой мені ылғи,

Сондай кезде қандай екен кәрі әжемде көңіл күй,

Көңіл шіркін! Нұрлы сәуле, әлсін-әлсін тіріліп,

Әлсін-әлсін елес берер, елес берер бір үміт.

Әлсін-әлсін жүгірем деп, қуамын деп үмітін

Көйлегінің етегіне қалды ма екен сүрініп?..

Марат Отаралиев

ӘЖЕМЕ ХАТ

Сәтім бар шаттыққа бой ұрған,

Тағдырым кең жолға салды ұзын.

Жан әже, шықпай ма ойыңнан

Алыста жүрген бұл жалғызың.

 

Бала едім, ол күндер тентек ем,

Мойныңнан түсуді білдім бе?

Нан сұрап жылайтын ертемен

Құлының алыста бұл күнде.

 

Көңілге сенімді нәр қылып:

- Келер-ау, келер-ау, қалқам, - деп,

Бір жерде салқынға шалдығып, -

Дейсің бе, - ауырып қалды-ау, - деп.

 

Білемін, бәрін де білемін,

Өзіңе хат жазам әр апта.

Өзіңді сағынған жүрегім

Мұндайда құштар-ақ қанатқа.

Темірғали Көпбаев

КЕМПІРШУАҚ

Күз келді де күннің демі буланды,

Көк теректі сары уайым буған-ды.

Қауқары жоқ кемпіршуақ күлімдеп,

Еске салды өткен өмір – думанды.

 

– Күн қабағы ашылыпты бүгін, – деп

Әжем отыр кәлимасын күбірлеп.

Бой жылытар болмаса да шуағы,

Жарық сәуле.

Адам оған жүгінбек.

 

Көңіл бөлмей күн қызуы кеміне,

Қарт адамның қан жүгірді өңіне.

Томпақтардың иіскейді тұлымын,

Құлыншақтай қатарласқан желіде.

 

Жадыратар бала мінез, қыз қылық,

Кемпір шуақ,

қарағандай күз күліп.

Күннің нұры тайғанақтау.

Өмірді

әжем отыр мейіріммен қыздырып.

Бауыржан Жақып

ӘЖЕМНІҢ ҰРШЫҒЫ

Бір сәтке әже тыншып па ең –

Шүйкеге мол жіп жиылып,

Отырушы едің ұршықпен

Уақытты қоса иіріп.

 

Қолыңнан шыққан сыйлықтар

Қонатын үйге құт болып.

Секундтар және минуттар

Иірілетін жіп болып.

 

Сен жоқта көңіл серги ме,

Сағындық аңсап – бұл шыным.

Иесіз қалды төргі үйде

Киелі сенің ұршығың.

 

Кетсең де алыс Күнге ұшып,

Кетпейсің естен, ендеше,

Өзің боп мені жүр құшып

Сен тоқып берген кеудеше.

 

Өзімді сонда жұбатып,

Өмірге іштей күйінгем.

...Ұршық қой мына Уақыт

Жіп қылып бәрін иірген.

Бауыржан Жақып

ҚОЛТАҢБА

Күн нұры көзде ойнайтын,

Тұрғанда біздер азанда.

Бұрқыл да бұрқыл қайнайтын,

Аппақ құрт қара қазанда.

 

Құшағын әжем ашып кең,

Құшады бізді керім үн.

Жайраңдап ағаш қасықпен,

Жалаймыз құрттың көбігін.

 

Ойынға бөліп назарды,

Жүретін ол бір кез еді.

Жағалап қара қазанды,

Жағалап асыл әжені.

 

Жылытар балғын денені,

Қос шуақ барын сеземіз.

Көктен күн сәуле себеді,

Нұр төгіп жерден әжеміз.

 

Ертеңгі күні ертемен,

Құрт жаяды әжем сықпалап.

Жас құрттан жейміз еркелер,

Сол дәмнен бойға құт тарап.

 

...Келешек бізді күтті алдан,

Келмеске сәби күн кетті.

Сол кезде сықпа құрттарда,

Қолтаңбаң барын білмеппін.

 

Құртыңды аңсап жаныммен,

Қолтаңбасын мен сағындым

– Аялы алақаның мен,

Салалы саусақтарыңның.

 

Мен –  тірі, ал сен – аруақ,

Қолтаңбаң барын білесің.

Түсімде менің әр уақ,

Құрт жайып, әже, жүресің.

Ербол Бейілхан

ӘЖЕ

Автобуста келе жатып кеше мен,

Кимешекті әже көрдім көшеден.

Өткен күннің сағынышы кернеді,

Менің әжем құрт беруші ед кесемен.

 

Ақ шылауыш, ақ әжемнен аумаған,

Немереге әжелерден қайда адам.

Бақилыққа аттанған ақ әжемді,

Сағынышпен осы күнде ойға алам.

 

Еркелеуші ем, кимешекке кіріп ап,

Жарма құртын бөлісуші ем жұлып ап.

Батырсынып боқтайтынмын барлығын,

Ақ әжемнің қасына кеп тұрып ап.

 

Қандай еді сен айтатын ертегің,

Бұл өмірге әжем барда ерке едім.

Меніменен жаны бірге әжемді,

Алып кеткен өмір неткен келте едің?!

Талғат Мықи

СУЫҚ ТҮН

Қараңғылық Түнді әкелді қуып кеп,

Жапалақ қар көңілімді жуып кет.

Әжем менің түсіме енді тағы да:

- Күн де суық, үй де бүгін суық, - деп.

 

Кешір, әже, өткенге өксіп тарықтық,

Саған жылу бере алмаппыз қарық қып.

"Күн де суық, үйде бүгін суық" - деп,

Жөтел қысып жатушы еді, жарықтық.

 

- Сен кеткелі көп жаңалық жоқ менде,

Жылыңды атап өткермекпіз көктемде.

Сезімімді алдым, әже, суытып,

Сүйген қызым тастап кетіп өткенде.

 

Жүрген жоқпын атақ қуып, қуып бақ,

Не боларын кім біледі жуықта?!

өлім жайлы көп түс көре беремін,

өмірім де бара жатыр суықтап.

 

Суық бәрі. Күн де суық. Қыс бүгін.

Салқын ойдан сарсаң күйге түсті ұлың.

Әже, келіп, алшы мені жылытып,

Жетіспейді құшағыңның ыстығы.

 

Ұйқым қашып жаттым үнсіз тесіліп,

Сен де ештеңе айтпай кеттің шешіліп.

Суық көзбен қарамас ем өмірге,

Соның бәрі "жоқтығыңның" кесірі...

 

Тынымсыз ой. Төсегімде бөктеле,

Түнді ұйқысыз өткіземін көп неге?

...Салқын жерге жатып қапсың, тұршы, әже,

Салқын тиіп қалады ғой өкпеңе...

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: shapagat-atyrau.kz, akjunis.kz, writers.kz, Әйгерім Бегімбет, vk.com, baq.kz 

Ш. Талап