Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Грант құтты болсын,
Грант құтты болсын, "балмұздақ"!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Жұлдызды блогтар —

20 жасқа дейін...
20 жасқа дейін...

Автор: Томирис Есқали

Статус: Контент-менеджер

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / "Менің жаным ашиды барлығына..."

"Менің жаным ашиды барлығына..."

Бүгін қаймана қазақ жұрты ақиық ақын, қазақ поэзиясының алатаудай алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күнін атап өтуде. Ендеше, сіз бен біз де осынау күні ақын ағамыздың жырларын оқи отырып, еске алайық! 

Өмір деген біреу бар

Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,

Жазықтымын дей алман, ақ көңілмін.

Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөліндім.

 

Желіктіріп, су бүркіп сайтан маған, 

Кезім болды, әділдік айта алмаған,

Батқан ерді арқама ауырсынып,

Жауыр болған құнандай қайқаңдаған.

 

Арыммен де оңаша қалып көрдім,

Жоғалғанын іздедім, тауып бердім.

Ар-ұят деп аталар нәрестені

Қызылшақа күйінде алып келдім.

 

Сайтанның да, күнәсіз періштенің

Бал мен уын талғамай неге ішкемін?

Періштенің қайғысын бөліспедім.

Сайтанменен болса да, келіспедім,

Не істермін, тәңір-ау, не істермін!?

 

Аңқылдаған не таптым ақ көңілден,

Несіне ердім сайтанға жат көрінген?

Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөлінем!

 

Біздер деген

Бай өлкенің ойынан, тау-тасынан

Біздер де арамыз ғой бал тасыған.

Шырын құйып жатамыз жүректерге,

Шымшып алып, гүлдердің арқасынан.

 

Біз деген гүл қуалап, нәр іздейміз,

Шөп қажап, шегірткедей дән үзбейміз.

Алты айшылық жол басып, арып-ашып,

Адам деген патшаға дәрі іздейміз.

 

Балға қоса, біздің де уымыз бар,

Ұғыңыздар,

Гүл алып шығыңыздар!

Жабыла кеп жармасқан маса ғұрлы

Жабыла кеп талайтын жынымыз бар.

 

Ұямыз бар біздің де – омартамыз.

Алмағайып бүлінсе сол ортамыз,

Басымызды бәйгеге тігеміз де,

Көзімізді бір жола жоғалтамыз.

 

Мықты болсаң, ақын болып жаралып көр,

Қолқасынан гүлдердің нәр алып бер.

Ғұмыр бойы жол басып, арып-ашып,

Адам деген патшаға дәрі алып кел!

Пай, пай, Өмір!

Пай, пай, Өмір!

Өтесің-ау бір күні.

Тиясың-ау қуанышты күлкіні.

Өмір деген — бір жарқ еткен найзағай,

Өмір деген – көк аспанның күркірі.

Пай, пай, Өмір,

Өтесің-ау бір күні!
 
 

Болмағандай, жүрмегендей сенде біз,  

Кетеміз-ау, әй, кетеміз... пендеміз.

Ұрпақтарға береміз де кезекті,

Біз кетеміз. Кету үшін келгеміз.
 
 

Өмір деген — бұйым емес қолдағы,  

Өмір дейтін – ұлы бекет жолдағы.

Қаның кеуіп қаталаған кезінде  

 Сусынынды қандырсаң бір болғаны.
 
 

Мына күн де, мына аспан да, дала анау,  

Бәрі бізден, бәрі бізден қалады-ау!  

Өмір дейтін — тағатсыз бір қозғалыс,  

Өмір дейтін – өлемін деп қарамау.

 Халқыма хат

Сыйың мен құрметіңе қарамай-ақ,

Ауылыңнан аттанып ем, жалаң аяқ.

Ақсақал, ақ емшегің болғанменен,

Өсіп ем, ақымақты итке баламай-ақ.

 

Мен сеннен әрқашан да алыс кетпен,

Таныс қыстау, таныс шал, таныс кетпен.

Айраныңды күбіңе жасырып қап, 

Сен маған "тағы іш" деп пе ең,

"тағы іш" деп пе ең,

 

Бөткелкеден күбің ғой артық маған,

Дәм татуға патша да ар тұтпаған.

Бір тостақ іркітіңді жібермесең,

Мен мына өмірімнен қорқып барам.

 

Тамұққа алып барады мына құрғыр,

Құлауға пәс-ақ қалып тұрағым тұр.

Қуанып өтем бе деп келіп едім,

Түн сайын оңашада жыладым кіл.

 

Жұртым-ау, жылаудың да себебі бар,

Неге сонша алдымнан келеді жар?

Сен келіп селбеспесең, қайран жұртым,

Сенделіп екі ортада өледі жан.

 

Ажыратсам деп едім, ақ, қараны,

Ылғи көрем езу мен таптағанды.

Күйзеліп таң атқанша таңды күтсем,

Ойпырмай, таңның өзі қап-қараңғы!

He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан...

He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,

Су тартылған теңізден, жылғалардан.

Нелер ұрпақ аттанған қуған арман,

He бар дейсің, өмірге тұлға болған,

He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.

 

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?

Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.

Менің жаным ашиды мына өмірді,

Өтпейтіндей көретін адамдарға!

 

Өтеді ғой...

Өтеді барлығы да,

Күн арқалап кетеді таңды мына

Менің жаным ашиды барлығына:

Таң нұрына, адамның тағдырына.

 

Менің жаным ашиды өткендерге,

Жаңа ғана өмірге жеткендерге.

Ұран жазып аспанға қойсам ба екен:

"Енді сендер өмірден өтпендер!" – деп?!

 

Бәрі өтуде

Күн батып, кеш кіруде.

Жаңаруда дүние, ескіруде.

Болашақтан бейтаныс ұрпағымыз,

Босат деп тұр орнымды,

Естідің бе?!

 

Пенделік

Арылайын десем де пенделіктен,

Арылатын болмадым - ол неліктен?  

Жүгіріп те көрдім ғой, жығылып та,

Ұрынып та жүрмін ғой, бұғынып та.  

Жаныма өгей жасанды қылығымен  

Жағынып та көрдім ғой, жұғынып та...
 

Жауыма да жатсың деп айта алмадым,

Бала қаздай алдында байпандадым.  

Талай-талай сөзімнің әкесі өліп,

Талай сөздің кезегін қайтармадым.
 

Жақсылық та етпедім адамға көп,   

Жамандығын айтпадым жаманға кеп.  

Пенделіктің іргесін қалай бердім,  

Қапелімде құлатып алам ба деп.
 

Ашу да айтып көрмедім, басу да айтып,  

Ақиқатын, шындығын жасырмайтын.

Ақыл сұрар адамды таба алмадым  

Пенделіктің алдында бас ұрмайтын.

Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен...

Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен,

Не пайда дәтке қуат бекінгеннен,  

Алайда, емханада көз жұмғаннан,  

Жақсы еді ғой майданның өтінде өлген.

Құрбан ғып жастығымды, жас ғұмырды,  

Жауымнан жасыра алмай қастығымды.  

Жанымды аямаған жауларымнан,

Ала жатар едім ғой жастығымды.

Өкінбен, мұңайман да, өксімеймін,  

Өмірім, осылай-ақ өтші мейлің.

Алайда, аласапыран тіршіліктің,  

Алдында күресе алмай тек сілейдім!

Күнін көріп жүргем жоқ жетім құлдың,  

Бірақ та не бітірдім, не тындырдым.

Шөп жинаған ініне суырдайын,

Әйтеуір тіршілікке бетім бұрдым.

Қара саз, қара шалғын өленде өстім,  

Қырға шығып ырысқа кенелмеспін...  

Өлсе өлер Мұкағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

 

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: anatili.kz

Видео: youtube.com

Дайындаған: Кәусар Мұң
Қосылған күні: 09 ақпан 2014, 16:53
Пікірлер
+0
09 ақпан 2014, 18:33

Өлсе өлер Мұкағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!

+0
09 ақпан 2014, 18:44

Мәңгі жүрегімізде, мәңгі тілімізде!

+0
10 ақпан 2014, 10:43

сусында қазақ сусында, ақ
айдын жырдың суына!!!

+0
10 ақпан 2014, 20:51

Мен бейсенбі күні "Есіңе мені алғайсың" атты әдеби кеш өтемін сыныбыммен! "Пай,Пай,Өмір! "өлеңін алдым. Рақмет,Айгерім әпке!

+0
10 ақпан 2014, 20:59

"қаймана қазақ" дегеннен гөрі күллі қазақ я барша қазақ дегенде жақсы болар ма еді,-деп ойлаймын. Қаймана қазақ жақсы ойда айтылмайды ғой көбіне 8-)

+0
11 ақпан 2014, 16:54

Мұқағалидай ақиық ақын қайта келмес өмірге

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.