Есенқұл Жақыпбек: "Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп..."

Есенқұл Жақыпбек: "Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп..."

Қазақстан Жа­зушылар одағының мү­шесі, Президент стипендия­сының, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Мә­дениет саласының үздігі, белгілі айтыскер ақын Есенқұл Жақыпбек ағамыз ортамыздан кеткелі де бірнеше айдың жүзі болды. Ақын ағамыздың аяулы бейнесі ұрпақ жадынан ұмытылмақ емес. 10 ақпан күні сағат 16:00-де, Жазушылар одағында Есенқұл Жақыпбектің 60 жылдығына орай «Менен де өтті осы өмір...» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтеді. Еске алу кеші ҚР Жазушылар Одағы және Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен қолға алынып отыр. Кеш қарсаңында Есенқұл ағамыздың інісі, "Атамекен" газетінің тілшісі Елдар Жақыпбек ақын ағамыздың еш жерде жарияланбаған, өмірінің соңғы жылдарында жазған бір топ өлеңдерін сайтымызға ұсынған еді. Бұл өлеңдер ақын жүрегінің соңғы соғысы, ақырғы демі секілді. Қабыл алыңыздар...

Үйрене алмай…

Мен де алпысқа келіппін-ау, о, сұмдық,

Бұл өмірде енді кімге қосылдық

Шал да болмай, жас та болмай тосылдық.

Үйрене алмай үйреншікті сөздерге,

Төрде отырып төрдің сәнін кетірдік.

 

Күздің жылы күндеріндей күлімдеп,

Алпыс жас тұр жапырағы дірілдеп.

Уақыттың босқа өткені болмаса

Бұл өмірде жоғалтатын түгім жоқ.

Елге де өкпе айта алмаймын мен де аса

Өз жанымды өзім өттім жұлып жеп.

 

Амалым не, алпыс міне кеп қалды,

Алпыс деген абырой ғой ақ қарлы.

Бір қиыны жаңалықтың барлығы

Маған неге көрінеді жаттанды.

 

Шыныменен бұл өмірді сүрдік пе?

Шыныменен алпыс жасқа кірдік пе?

Өмір бақи өткендеймін мен осы,

Үйрене алмай үйреншікті тірлікке.

 

Көрдік талай қоғамдар мен заманды,

Сол кездерден көңілімде не қалды?

Бар заманның жазылмаған заңдары,

Өмір бақи ауыздықтау адамды.

 

Албырттарды шақыратын елдікке,

Шыныменен біз де алпысқа келдік пе?

Ішім кеуіп кетті ме екен іш пысып,

Қарным сыймай бара жатыр белдікке.

Жылы сайда қыста да ұшар көбелек

Өмір, өмір

Жоққа да арман, барға арман

Қайран күндер әр нәрсеге қор болған.

Құтыла алмай джунгли орманнан

Құтыла алмай ормандағы аңдардан,

Аңдар сол бір ойлап тапқан заңдардан

Өте шығар болдық ақыр жалғаннан.

 

Қайран өмір, біртін-біртін кетілген,

Біртін-біртін қасиетіңді кетірген.

Жақсы келін, жақсы әйелдер алдында

Жасқанамын ешкім қақпай бетімнен.

 

Жасқанамын, сұрай көрме негелеп,

Одан гөрі нұрың төкші себелеп

Жылы-жылы сөйлеші тек сен маған,

Жылылықтан басқа бізге не керек.

Біздің жақта, Суықтөбе тауында

Жылысайда қыста да ұшар көбелек.

 

Ей, өмір-ай, барға да арман, жоққа арман,

Күн жылыса көктем екен деп қалған.

Бір ақ көбелек көрдім кеше ақ қардан

Сен де менің сезімімді кешірші.

Дүр сілкініп, содан кейін жоқ болған,

Кешірші Сен, жан жүрегі әппақ жан.

Келер күнге қалдырдым...

Көрмегенді жүре-жүре көз көрді,

Сөлі шығып, айта-айта сөз де өлді.

Қара бастың күйін күйттей бергенше,

Күй табақты ауыстырар кез келді.

 

Тіршілігін істей бермей әркімнің,

Қажетіне жарасамшы халқымның.

Батыс жаққа батқан сайын алтын күн

Суға батып баратқандай алқындым.

Көп тобырға кеттім ұқсап неге осы,

Өз тағдыры болад деуші ед әркімнің.

Мен бір ерлік жасардай ем,

Келесі,

Келер күнге оны тағы қалдырдым...

Қылует

Кезім қазір сәл-пәл ғана қартайған,

Айдын көлім сәл-пәл ғана ортайған.

Қайран жастық, шалқайғанға шалқайған,

Қайран жастық, талтайғанға талтайған.

 

Шықтым міне алпыс деген жасыңа,

Шыққанша осы алпыс деген тасыңа.

Кімдер келіп, кім кетпеді қасыма.

Жау мен дауға жұрттан бұрын кіруші ем,

Сауға тілеп енді отырмын басыма.

 

Сауыр етім тұр ғой міне жалбырап,

Күлімсіреп күн көремін мен бірақ.

Сауыр етін қан-қан қылған қасқырлар

Астымда бір жер тарпиды арғымақ.

Шұрқырайды, сол арғымақ кісінеп

Оны бірақ түсінетін кісі жоқ.

Неткен батыр!

Қылуетке түскендер

Мына жалған дүниемен ісі жоқ

 

Қылуетке адам бекер енбейді,

Ол шешімге оңай адам келмейді.

Бәрін, бәрін істеймін деп алданба,

Бәрін істеп жатқаныңмен жалғанда

Байқап тұрсаң түк ештеме өнбейді.

Ала күз

Ала күзге терезеден үңіліп,

Үйде отырмын, үйдің іші жылымық.

Ауыр-ауыр сөз айтардай асқар тау

Қара бұлт  тұр өз жанынан түңіліп.

Қара бұлт тұр тау басына жиылып,

Әне-міне кететіндей құйылып.

Мәңгі ашқарақ сезімменен көзімнің

Әдетінен мен де отырмын тиылып.

Жан алысып, жан беріскен жастық та,

Құдайдай бір сенуші едік достыққа.

Ақырында бәрі кетті сұйылып.

Жаным құмар майлы ет пенен сорпаға,

Қуанбаймын басқасына оншама.

Өз көкірек айдынымда толқимын,

Өз үйімнің ауласында солпидым.

Барғым келмей ешқандай бір ортаға.

Үйге де осы кіргім келмей елеңдеп,

Сосын көше кезе бердім көлеңдеп.

Қыз емшектей шөмелелер қырдағы,

Солып бара жатыр күнде төмендеп.

Шөп маядай болсам деп ем самарқау,

Бұрқ-сарқ қайнап жатыр іште жанар тау.

Ала жаздай адам болып күн кешіп,

Ала күзде құс боп ұшып жоғалса-ау...

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Елдар Жақыпбек, anyzadam.kz, yvision.kz

Н. Айдархан