Оқи отырыңыз

Бір қазақ ең кемі екі ақыл айтып кетеді. Өз қара бас сол екі ақылдың біреуін орындап жүрген болса, әлдеқашан адам болып кетер еді.

Автор: Ғабит Мүсірепов

— Редактор бағаны —

Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді
Массагетте пікір қалдыру мен блог жазу ережесі өзгерді

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Жұлдызды блогтар —

20 жасқа дейін...
20 жасқа дейін...

Автор: Томирис Есқали

Статус: Контент-менеджер

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Серік Сағынтай: "Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!"

Серік Сағынтай: "Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!"

Серік Сағынтай:

Серік Сағынтай (Құжат бойынша Айбат Сағынтайұлы Кептербаев) — 1976 жылы 11 желтоқсанда Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында дүниеге келген. 1992 жылы Қоңырат ауылында Қазыбек Нұржанов атындағы орта мектепті тәмәмдап, Жезқазғандағы О.Байқоңыров атындағы университеттің тарих-шет тілдер факультетіне түседі. 1997 жылы университетті бітірген соң, Ақоғай аудандық “Арқа еңбеккері” газетіне әдеби қызметкер болып орналасқан. 2000 жылдан Балқаш қалалық “Балқаш өңірі” газеті редакторының орынбасары, облыстық “Орталық Қазақстан” газетінің әдеби қызметкері, облыстық “Балқантау” газетінің Бас редакторы, республикалық «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. Қазір республикалық «Қасым» әдеби-қоғамдық журналының Бас редакторы.

2003 жылы “Шабыт” Халықаралық фестивалінде жүлделі 1-орынды иеленген (Әдебиет номинациясы, проза).

2005 жылы “Зерде” қоғамдық қоры ұйымдастырған “Поэзия, менімен егіз бе едің?” атты республикалық жыр мүшәйрасының бірінші жүлдегері.

2009 жылы Жаңаарқа ауданының 80 жылдығына, Жазушылар Одағының 75 жылдығына арнап өткізілген республикалық мүшәйрада 2-орын иеленген.

Бұдан өзге облыстық, республикалық жыр додаларының бірнеше дүркін жеңімпазы.

«Жазу», «Фәни-құс» атты өлеңдер жинағы, «Қарға» атты әңгімелер жинағы жарық көрген.

Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз.

Құс қайтару

Құстар қайтып барады Құс жолында,

Құштар көңіл дір қаққан қыс торында.

Көшпелі жұрт көшпейді енді ешқашан,

Мызғып жатар мыңжылдық қыстағында.

 

Ей, аққулар!

Көктегі көшпелі ме ең?!

Елші ме едің Дештінің ескі елінен.

Кеудемдегі теңіздің мұзын сындыр,

Гәккулеген көктемнің ескегімен.

 

Ей, сиқыршы құс!

Егесі ежелгі елдің,

Елесі ежелгі елдің!

Балбал болып беткейде безерген кім?

Соның аққан көз жасын көрем ылғи,

Арнасынан алқынған өзендердің.

 

Құс жолына бір көшім тіреледі,

(Сүрлеуіне орнапты  құм өзегі).

Балбал тастың жасынан бастау алып,

Тамырымда тулайды Ғұн өзені!

 

Жүрегімде тербелген Сақтың көлі –

Алтын адам шомылған аққу көлі!

Жанарыма көшірдім – таптым да оны:

Сарқылды ма...

Тілініп қаққа айналған –

Пешене боп басылып Һақтың мөрі.

 

Уа, аққулар!

Тәңірдің ерке құсы,

Біздік тағдыр – тарихтың ертегісі!

Өзенімді сарқылтқан шөл-сағыныш,

Өзегімді келеді өртегісі!

 

Өзенімді...

Мұз құрсап, қыс қамаған,

Қыс қамаған қытымыр қыстақ аман.

Жетім жартас – тарихтың ескерткіші,

Базар тарқап, қиқулы құс тараған.

 

Бастан талай заманның өтті ауыры,

Ішке түсіп кеткендей от-дәуірі.

...Аттан ауып қалған соң көшпелі жұрт,

Құстан ғана үмітті Көк Тәңірі!

Қырқыншы жылдар. Арқаның қысы

Ай туды шалқалап,

Сәулесі өлімнің елесін билетіп.

Тағы да қыс келді Арқаға,

Кебінін сүйретіп.

 

Ақырғы ақырет түніндей,

Азаптай кеудені тырнаған:

КарЛагта өксіген сәбидің үніндей,

Уілдеп тұр боран.

 

Қар басқан томпайған қабірлер,

Белгісіз молалар толған кең аңыз-ды -

Жендеттер зорлаған зәбірлеп,

Жесірдің құрсағы тәрізді.

 

Белгілі, белгісіз... тоңғаны

Қара жер қарс айрыла қақырап.

Үсіген сәбидің қолдары –

Бұтада ілінген жапырақ.

 

Таниды-ау анасы, таныса,

Жылайды-ау жамырап, қауышып.

Ұлып тұр боранмен жарыса,

Жетімдер дауысы.

 

Тәніне тастай боп тоң қатқан,

Дөй дала дөңбекшіп түс көрген не түрлі:

Түрмеде түршігіп толғатқан,

«Халық жауының» жесірі секілді...

Қазақ

Қайдасың, мырза көңіл, мәрт күндерім?!

Серт қылып ат құйрығын шарт түйгенім.

Егесіп екі кештің арасында,

Сүргінге сүрең салып тарттым дедім.

 

Кіреуке кірбің кілкіп кірпігімде,

Қосып бір құмай Күнді түлкі іңірге.

Түтігіп тебінгімді тер шірітіп,

Күңіреніп күнде жорттым Күн түбінде.

 

Жыра-жар, тұма бастау, құба қырдан,

Сағым боп сарнай көштім сылаң ұрған.

Қонақтап Қорқыт-тағдыр тар маңдайға,

Жын қуып жылыстадым жұмағымнан.

 

Қырқып бір қос қанатын қарға түннің,

Тайпалмай, тайғақ кешіп таңды атырдым.

Сере де сере мұзбен шөл қандырып,

Қар қарпып, құсаланып қан қақырдым.

 

Күрсінді ол осыны айтып ақырғы рет,

Содан соң соқпай қалды батыр жүрек.

Түрткілеп ердің тәнін арғымақ тұр,

Жапанға ымырт-тарих жатыр түнеп.

 

Тартпа бос, тебінгі сау, терлік аман,

Тек енді тіл қатпайды шерлі бабам.

Күңіреніп Күн түбінде мен де қалдым,

Ей, жалған, не істе дейсің енді маған?!

Соқыр аккордеоншы

Шығыстың жырланатын ғазалында –

Ерекше нұр шалқыған ажарында,

Тұрады соқыр жігіт сырнай тартып,

Қарағандының орталық базарында.

 

Тұрады соқыр жігіт сырнай керіп,

Жатқандай жанарында гүл-қайғы өніп.

Лықсиды базар-толқын жағаны ұрып,

Жабысып балағынан былғай беріп.

 

Өзінше өкінген боп тағдырына,

Ортақ қып базар бөлген қалдығына,

Өтеді жүргінші жұрт тиын тастап,

Бұтына қысып алар қалбырына.

 

Дидары түлей түздің өртеңіндей,

Ырғағы өксік құшқан келте өмірдей,

Теңселіп тұрар сонда соқыр жігіт,

Қайықтың жел жұлқыған желкеніндей.

 

Жылайды аккордеон таңнан кешке,

(Есебі – соқыр тайлақ талған көште).

Концертін тыңдап тұрам жақын барып,

Көз ашпаған кезімді алғанда еске.

 

Көңіл мас, көз жұмулы - жас дәуренің,

Сазға елтіп, бәсін білмей басқа әуренің.

Жүректің жырын ғана тыңдай  алар,

Ей, бауыр, есіңде ме мастау кезің?!

 

Ей, бауыр!

Тәлкек туса тағдырыңда,

Түйткіл боп Тәңіріңнің жарлығында:

Шашуы бар тойыңның сылдырлайды-ау,

Тағдырдың итаяқтай қалбырында!

 

Сыңсиды соқыр, сырнай – егіз әуен,

Лықсиды көбік көзді теңіз әлем!

Көңілдің көзін ашып өмір сүйген,

Соқырды көзәйнекпен мен ұғар ем!

 

Cырнайлы сырын жырдың ұққымыз кеп,

Сезімге сергелдеңшіл тұтқын іздеп,

Келеміз күйкі өмірден мезі болып,

Жанарды жұмып өте шыққымыз кеп!

 

Түнектей - өксікке өмір өзі ұласса,

Саз болып сыңсыр жырдан сезім асса.

Былғанған жұртын көріп жиіркенеді-ау,

Бір күні соқыр жігіт көзін ашса!

Бір күні соқыр жігіт көзін ашса...

Фәни-құс

(Феникс)

Мен бе...

Сен бе...

ОЛ ма әлде кінәлі –

Неге оттан түтін иісі шығады?

Жан өртіне су себетін жан таппай,

Сарқылғанда дүниенің бұлағы –

Қап-қара боп тұтылған күн тәрізді,

Өртенем де кетем ылғи...

Аңызды

есіме алам фәни-құсты, фәниді,

Өзегімді өрт-өкініш қариды.

О, отты жыр, өзегімді қари түс,

Менің атым – Фәни-құс!

Елдің бәрі ақын ғой деп ұғатын,

Қос қанатым өрт жалын боп шығатын...

Жарымы күл, жартысы от денемнің,

Бірақ, оған сенер кім?!

Бақи жаққа күнде барып қайтатын,

Өле алмайтын өзегі өрт өлеңмін!

Лап еткенмін шайтан шашқан шараптан,

Өзін өртеп, өзімді өртеп...

Сан оттан

түтін иісті күл жұғыпты жаныма,

Шайтан шәрі тозақтан

«...Оттан туған»

Өн-бойымды құрсар күш,

Басым кейде күлсалғыш.

Жанып-сөніп, шерді өртеген жүрегім,

Жартысы - күл, жарымы – нұр...

Жыр. Өлім

Екеуінің ортасында сенделген,

Жыр тірілтіп, шер көмген.

Бір бұлаққа келем әлі шөлдеумен...

Жүз өртеніп, тоқсан тоғыз сөнгенмен.

Күлге толып баратқандай өр кеудем.

Лап еткізіп жер-жаһанды жарығым

Мен тұтанған күні неге налыдың,

Мен сөнетін күнді неге жорыдың,

От пен бірге күл жаратқан Тәңірім?!..

* * *

Маң далада арқар тұр маңыраған,

Маңыраған тым жақын әні маған.

Жадылаған сананы сағымға еріп,

Өтіп барам адамдай танымаған.

 

Маң, далалық арқардың мүсіні бұл,

Тас тұғырдың толассыз тұсы дүбір.

Мен арқар боп маңырап жыр төгер ем,

Маңдайыма жазбаса кісі ғұмыр!

 

Жапырақтан өрнек сап қошқар мүйіз,

Аңыраған араны – басталды күз.

Ақ боз үйдің туралған туырлығы –

Жазылмайтын жарама басқан киіз.

 

Жазылмайтын жараға киіз басқан,

Ем дарымай, қан саулар тыйылмастан.

Кісікиік боп кеттік қалаға еніп,

Тағы тағдыр маңдайға бұйырмастан.

 

Жаңылдық па сыңар жол соқпақтардан,

Қақтан қашып көнеге көп қақталған,

Қайран менің, Сарыарқам, арқарлары

Тас мүсін боп – жүрегі тоқтап қалған.

 

Арман асқақ, болғанмен мақсат биік,

Өз сорымыз – тағдырдан татсақ күйік.

Күңіреніп күй болып кетер ме екен,

Арқадағы ақырғы ақсақ киік...

 

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: жеке мұрағат, olpictures.ru, stihi.ru, total.kz 

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 27 қаңтар 2014, 15:00
Пікірлер
+0
27 қаңтар 2014, 16:46

Мықты!!!!

+0
28 қаңтар 2014, 09:23

Керемет!

+0
28 қаңтар 2014, 13:34

Қалай тауып айтқан «Фәни құс» деп. Бәрі де сондай жақсы өлеңдер екен!

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.