Оқи отырыңыз

Өзі білмесе де елге ақыл айту – қазақтың қасиетті өнері.

Автор: Оралхан Бөкей

— Редактор бағаны —

Жұмысқа кел, жас маман!
Жұмысқа кел, жас маман!

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ

— Үздік әуендер —

Нұржан Тәжікенов - "Сағыныш"
Роза Рымбаева - Алтын сағым
"Тұран" тобы - Kara jorga - people's songм
"Тұран" тобы - The swan - N. Tilendiev
"Тұран" тобы - Kaiys's weeping - poems by S. Kudaiberdiev (the epic of 'Layla and Majnun')
"Тұран" тобы - Zharapazan - people's song - poems by S. Medeubek
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Поэзия / Ықылас Ожайұлы: "Боз жусан аңсаған Бейбарыс ғұмырым..."

Ықылас Ожайұлы: "Боз жусан аңсаған Бейбарыс ғұмырым..."

Ықылас Ожайұлы:

Ықылас Ожайұлы 1981 жылы дүниеге келген. 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының «Көгедай» орта мектебін бітірген. 2004 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Республикалық «Жас Алаш», «Нұр Астана» газеттерінде, «Астана», «Жаңа Сарыарқа» журналдарында қызмет еткен. 100-ге тарта танымдық, діни, ғылыми-сараптамалық мақалалардың, сондай-ақ «Адырна» жыр жинағының авторы. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы.

Сіздердің назарларыңызға Ықылас Ожайұлының бір топ өлеңдерін ұсынамыз:

Тарих

Бөкен жон, бөрте қыраттар астында

Шөптермен жабылған,

Ақсөңке сүйектер сөйлейді,

Не түйдік аруақтар зарынан?!

Менің тарихым – ап-ащы, күп-күрең,

Себебі ол, анамның жасымен,

Атамның қанымен жазылған.

Қария қыраттар сөйлейді күңіреніп,

Қобыздың тілімен,

Бір әуен талықсып жетеді құлаққа

Торғын жел үнімен.

Қан бөккен даламның қайғысын сеземін,

Жылқының жалы мен жусанның бүрінен.

Қайран, қабылан бабалар

Басының ішінде күн жанып,

Шуағы жүзінен байқалған.

Орхонның көк мәрмар тасына кертіліп,

Ерлігі айтылған.

Түз жүрек, тау мінез түркінің

Астында қара жер теңселіп,

Ауызында көк аспан шайқалған.

Ойхой, Орхонның жазуы,

Сен едің расы –

Бабамның жәдігер мұрасы.

Тамырымда күркіреп ағатын,

Қайда сол көк тастың көгілдір дұғасы?!

Көгілдір дұғамды

Кеудеме кісінетіп,

Боздадым зарлы үнмен,

Боздадым қазақы тағдырмен.

Сөйттім де,

Жылқының иісіндей бұрқырып,

Тұлпардың тостақтай көзінде

Тұңғиық шер болып қалдым мен.     

Ұшық

               Алаш атты орда құрып шалқыған,

               Бақ дәулеті туып өсіп балқыған.

               Әрбір істе қазақ исі аңқығанын,

               Тірлікте көзімізбен көреміз бе?..

                                        (Ғ. Қараш)

Шіркін-ай! 

Ойлай беру ойға да ауыр,

Ойлантпай ойсыздарды қойды-ау өмір,

Кеше менің ішіме торай түнеп,

Сол торай доңыз болып шықты бүгін.

Содан менің танауым тарс бітеліп,

Шырқырап шыбын жаным шықты білем,

Ұжданыма доңыздың демі тиіп,

Ұятынан ұшынған ұлттың бірі ем.

Әй, қайран, Қазақия-ай арды білген,

Аппақ ар  ащы суға жанды білем,

Күлінен күлімсі иіс ұрпақ өсіп,

Ғұрпыңды буындырған қолды көрем.

Ұшындым  не себептен ұшық шығып,

Ұшығым ұлтсыздықтан болды білем.

Салайын сал десеңіз ащы әніме,

Біздің де қариядан қашты әңгіме.

Құдай-ау,  уәлі ауыз сақал қайда?

Қайғысы түннен қара, күннен ыстық

Бұл да өзі басты әңгіме,

Бұған жұрт «нұрсәулені» кінәлайды,

Ол өзі...

Өз алдына басқа әңгіме.

Маңайым қызыл танау тердің  иісі,

Айналған  асқазанға көздің іші.

Обал да оралады от боп анық,

Көз жастың дөңгеленіп ағары хақ,

Иә, әлгі... дүние кезек

Бәріне әмір етер жоғарғы Хақ.

Адамдық айуанатқа ғапылданса,

Қайырылып қара жұртты табары хақ.

Санам-ай,  Сақтан қалып сансыраған,

Ғұрпым-ай,  Ғұннан қалып қансыраған.

Құдайым, құлдық  ұрдым бір өзіңе

Құтылар құдірет бер бұл «тажалдан».

Қанымды қаламсапқа сертке байлап,

Арыңды ақ қағазбен ұшықтайын.

Не істейін

бұдан өзге енді саған,

Қазақия...?                                                        

Бес күндік сәуле едім...

                                     Келген жағым жер еді,

                            Кетер тұсым көк еді...

                                         (Автор)

Бес күндік сәуле едім,

Бес күндік күлкі едім,

Содан соң...

Төртуыс топырақ бүркендім.

Аспаннан алыстап

Кеткен бұл пәнидің

Күнәлі көз жасын

Қағазға сіміріп,

Қаламға сүртемін,

Жүрегім налаға боялып.

 

Ниетім сөйлесе,

Маңдайым жазады.

Білсем де мен мұны

Аспанға ашпадым

Ақиқат сананы.

Әлемнің әр шөбі –

Құдайдың кітабы,

Құранның парағы,

Тек...

Оқылмай тұрғаны болмаса.

 

Қоғамға бәрі бір

Сілекей ширатып,

Асылып өлсек те.

Парасат күмбезін талқандап,

Ақшаға көмсек те.

Ойнайды сол әуен

Баяғы сарынмен

Атақ пен мансапқа,

Темір мен терсекке,

Пендесін билеткен.

 

Көне саз күйіне елітіп,

Киік – күн қайда айғып барады,

Рухы тым ауыр жаралы?!

Пенделік пердесін сиырып,

Менмендік дертінен тиылып,

Бұл әлем

Жүректің есігін

Қай күні қағады,

Ғарыштық танымға бастаған.

Жусан

Қобыздың қылына қайғымды тұндырып,

Тағы да мұң шалдым.

Асандай азалы, Қорқыттай қазалы

Сарқыты ем бір шалдың.

Қазақы болмысым,

Қайдасың, ұжданым?

Құс тілін саз етіп,

су тілін сөз етіп,

Исімен сөйлеген жусанның.

Бұл дала -

Боздақтар денесі,

Топырақ иленген қанына.

Даламның әр тасы -

Анамның көз жасы

шері бар зарында.

Боз дала, боз дала  -

денемнің бөлшегі,

Мен сенен жаралдым басында

Мен саған сіңемін соңында.

Бір уыс топырақ,

Омырауын оқ тескен

оғылан бір ұлың.

Сол үшін...

Тастың да тәу етем әр түйір сынығын.

Қайдасың тектілік,

қайдасың өр рух!

Боз жусан аңсаған

Бейбарыс ғұмырым.

Жусан жоқ...

киемнің ырысы,

Құрттаған ұрандар,

Ұртталған тілектер тоғысы,

Халықты ту еткен қарынның дыбысы,

Алапат асқазан соғысы...

Санамның сырқаты,

Құлдықты шындық деп сорлайды,

Көзі жоқ  көп надан

Қоңызша боқ қуып, доңызша ойлайды.

«Біздің ел осындай»,

Айнала аппақ нұр, жер үсті гүлстан

Өзгеше,

өзгеше...

ойлауға болмайды. 

Өзгеше ойлатпас осы дерт,

Жанымның жартысын кетті үгіп.

Аһ, қайран, дүние-ай!

Түбіме сен жеттің тексіздік...

Маздасын Махамбет мінезім,

Оянсын рухым от бүркіп,

Сен жаса, боз жусан болмысым,

Сен жаса, бекзада тектілік.

Хат

Кеудеңдегі мамырлаған дүрсілден,

Менің тайқы маңдайыма нұр сіңген.

Жан дүнием жап-жасыл боп бүрлеген,

Жанарыңның исінен.

 

Қаңтарымның қара шашын тарқатып,

Сені сүйдім сәуіріңнен от алып,

Сүйдім сосын, он сегіз мың ғаламды,

Омырауыма қотарып.

 

Жанарымнан жасыл бояу ағылып,

Құлын мүше, құс үніңді сағынып.

Бозамық таң бозарғанда көз ілем,

Кірпігіңді жамылып.

 

Алыстасың... арамызда күн өткен,

Сағыныстық сары түсті жүрекпен,

Сенің хатың – тағдырымның пейіші,

Періштесін дүреткен.

 

Сенің хатың талып жеткен қанатын,

Салқындатып қарашығыма малатын.

Жан дүнием жазуыңдағы жұпарға,

Сыбызғысын шалатын.

 

Хатың келді...

Дәтім шыдап айталман,

Өзегіне өкініштен  зар толған,

Жазуынан жан әлемі қорланып,

Жанарынан қан тамған.

 

Боз жусаны бүрлегенде жанымның,

Қалқам, неге қанатымды қайырдың?

Қасіретімді кертіп жаздым сол түні

Қабығына қайыңның.

 

Қаңбақ шалдай қаңғытқан соң сынақ күн,

Өн бойымды өлең етіп жылаттым.

Көңілімдегі қыл қобыздың бір талын,

Көз жасыма тұтаттым.

 

Солай жаным, сол қабырғам тұсында,

Мен қысылдым, сол қызыл ет қысылса.

Кісенделіп, беу, періштем,  сен тұрдың,

Кірпігімнің ұшында.

 

Тайқы маңдай ғаріп басты сенделтіп,

Жастығыма жазықсыз жас жерлетіп.

Кетсең-дағы есіміңді келемін,

Ерінімде тербетіп.   

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: kazakhistory.ru, baiolke.com

7755 5
Рейтинг: +6

Дайындаған: Шерхан Талап
Қосылған күні: 11 желтоқсан 2013, 16:06
Пікірлер
+0
11 желтоқсан 2013, 16:09

Қоңызша боқ қуып, доңызша ойлайды.

«Біздің ел осындай»

+0
11 желтоқсан 2013, 16:14

Қатты кетпе, Әлиханның күткен аққу ұрпағы біз болуымыз керек. Басқа жол жоқ бізге.

+0
13 желтоқсан 2013, 01:18

"Тұлпардың тостақтай көзінде
Тұңғиық шер болып қалдым мен"...

+0
13 желтоқсан 2013, 01:19

Санам-ай, Сақтан қалып сансыраған,
Ғұрпым-ай, Ғұннан қалып қансыраған.

+0
24 желтоқсан 2013, 20:25

Ықылас Ожайды мектеп кезден іздеп оқимын. Алғаш Алтынбек деген бала өлеңін оқып бергенде ұнатқам.

Пікір білдіру:

Пікір қалдыру үшін тіркеліңіз немесе сайтқа кіріңіз.

Әлеуметтік желі арқылы кіру:

Соңғы аудармалар

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл, 13 маусым

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз. 

Қайсар До Бон Сун #1
Қайсар До Бон Сун #1

До Бон Сун – ерекше қыз.Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық...