Қазақ поэзиясындағы қос қуаныш

Қазақ поэзиясындағы қос қуаныш

Қазақ поэзиясында екі бірдей қуанышты жаңалық. Ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың Фейсбук парақшасынан Польшадан сүйінші хабар жеткенін оқыдық. Келер жылдың басында, 20-22 наурызда Гданск қаласында поэзия фестиваліне шықырту алыпты. "Түн парақтары" атты жыр жинағы қазақ және поляк тілінде аудармасымен бірге оқырманға жол тартпақшы. Тоқтарәлі Таңжарықтың кітабынан бөлек, Швеция, Эстония, Франция секілді елдерден 7 ақынның жыр жинағы да жарық көретін болады. "Бостандық" атты Еуропа ақындарының жыр мүшәйрасы сол кезде өтеді екен. Осыдан біраз уақыт бұрын ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың жыр жинағы «Еуропа ақындарының конкурсы» аясында Еуропада жарық көретінін айтып, оқырман қауымнан сүйінші сұраған болатынбыз. Одан кейін нақты хабары бүгін келіп отыр. Жақсы жаңалыққа көңіліміз жадырап отырған да ақын, прозаик, сыншы Ардақ Нұрғазы Аустралиядағы беделді сыйлықтардың бірі – Питер Портер (Peter Porter) атындағы поэзия сыйлығына ұсынылғанын естіп тағы бір қуандық. Ақын өлеңдері бұл байқауға үш тілге аударылып ұсынылған екен. Бұл жаңалықтың растығын Ардақ Нұрғазының өзіне хабарласып анықтадық. Қазақ поэзиясының осындай жетістігі – күллі қазақ жұртының қуанышы. Қуанышыңмен, қазақ поэзиясы!

Ардақ Нұрғазының үш тілге аударылған 5 өлеңін сіздердің назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік:

ГҮЛ

Бір сабақ гүл үзіп алып

ұсындым күнге

Өрт болып жанған,

Шұғыласын шашып

Жалғыздыққа мәңгі айрылмас

серік болған,

Тастай қатқан түннен безіп.

 

Шалқыған алауын сездім

Жұмыр жүрегіммен

Ол да соғады

Бір ашылып — бір жұмылып

Алауын жақпай

Бұлқынады

Жағаға ұрылған толқындай

Көбігін шашқан,

Тебіренісімен.

 

Күн шуағын сыйлады гүлге

Өзіндей қызарған

Мәңгі солмайтын.

Жүрегім де толқиды гүл болып

Тасыған бетінің қаны сабағында.

 

ҮНСІЗДІК

Түннің пердесін түсірген қол...

Жымиып

Жарыққа қарады,

Құмырада тынысы тарылған

Бір шөкім бұлт –

Жарық.

 

Түннің жанарын түйреген жебеден

Ағарып

Із қалды.

Терезенің сыртында,

Түнді тіліп ақты – жұлдыз.

 

ҚҰС

Мен оянғанда ағаш бесігім

Баяу ырғалып,

Желде тербеліп тұрған-ды.

Жүрегімнің соққанын естимін –

Сонау жердің түбінен келген үн

Бойымды кезген.

Шырақ алып түнекте қолын бұлғаған жанның

Соңынан ергенмін.

Жарыққа –

Қара аспанның теңгедей ашылған аузына бет алып

Жебедей ақты

Қанатын қақпастан аққу.

Құлағыма келеді –

Алыс сапардан

Желмен еріп жеткен саз –

Ботаның боздағаны.

Жүрегімде — көлде жүзген

Аққу мен қаздың сұңқылы.

 

Мен көзімді аштым –

Кішкентай бір құс иығыма қонды.

Ол маған сыбырлады:

”Анаң — Ағаш

Атың сенің — Қыпшақ”, – деді.

 

ЕЛЕС

Тарихтың қан сасыған ауласында,

балталарын сүйеп қойып,

Екi жендет шахмат ойнап отыр.

Тұсауы кесiлген сәби тәлтiректеп,

Күйген қанатымен көтерiлiп ұша алмаған

көбелектi қуып жүр.

Қоршаудың сыртында бiреулер

таласқан әтешке үймелеп,

Қалпақтарын аспанға атып жатыр.

Мешiттiң төбесiнде көлеңкесi жоқ ай бұлдырайды.

Таңғы азанға оянғандар қатарға тұруда.

Шырақшысы кешiккен тас табыттың түбiнде

Құлағы мен құйрығы шұнтитып кесiлген ит

байлаулы тұр,

Ол ит үрмейдi, ұлиды.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: өңделген

Ш. Талап