Азамат Тасқара: "Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз..."

Азамат Тасқара: "Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз..."

Азамат Тасқараұлы – 1990 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Жоғарғы Тайынты ауылында туған. Қазақстан Американ Еркін Университетін «Менеджмент: сауда саласы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-при иегері. ҚР Үкіметінің «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар Одағының мүшесі.

Ақынның бір топ жаңа өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

ӘКЕ

Құлын жастан еру болып көшке мен,
Құтпан айғыр үйірінде өскен ем.
Ұшып бара жатқандағы тырнаға,
Әкем анау, ат үстінен «Қош!» деген.

Бұзау тісін қорғасынмен жалатқан,
Қабағынан қырма боран жаратқан.
Тазқарадан тайлақ жүнді айырып,
Бие сауым шешетайға сабатқан.

Ақ шетеннен жасатпаған құрығын,
Ат пен қамшы құдай оған,
Бір ұғым!
Жануардың жалын үнсіз құшады ол,
Баппен ғана шешіп өмілдірігін.

(Қамшыгерім,
Сөзін ұққан көргеннің,
Қадіріне жете алам ба кермеңнің?..)
Бір қағытып қоятыны бар және
Қалжын айтып уытындай ерменнің.

Жүрек түріп қоңыр желге – күбірге,
Аңсағаны дөң асқан бір дүбір де...
Ақтаңдақтай жұлдыздарға, ағатын,
Ұзақ қарап отырады іңірде.

Делебесі – жарбай таулар, жасыл дүз,
Жасыл дүзге жаба-салма көшіргіз!
Көп айтпайтын оның нәзік сөздері –
Мама бие, саба желін, сосын...
Күз!

Мар теке жел қамыс басын ырғамай,
Күз келді, әке!
Мүлгіп-қалғып тұрған ай.
...Сенің күзің өлеңіме айналды,
Ұшып бара жатқандағы тырнадай.

ЖЫЛАН

Орма тісті ор жылан,
Оң иықта шек айбат.
Сұлу көшкен сұр жылан,
Сол иықта шек айбат.

Жау ағаштың түбіне
Ұя салған мен едім.
Талайлардың өмірін
Қия салған мен едім.

Тура жолды білгенмен,
Бір адасу - тілегім.
Иір-иір жүргенмен,
Інге түзу кіремін.

"Жылансын!" деп қоймаған,
Ағаларға не дейін?!
Алқызыл гүл жайлаған,
Алқабымды өбейін.

Түн арада адассам,
Аяқтан шал, ақ жылан.
Ай арада адассам,
Аямастан шақ жылан!

Тіліме у толады,
Тораңғы ассам талай күн.
Жарым жылан болады,
Аяны өтсе Абайдың.

Біз – жыланның тұқымы,
Сарыбауыр бітімі.
Сары желін емгені,
Сағана там көргені.

Тік атылам жорыққа,
Түннің сетінеп жүрісі.
Бізді көрсең қорықпа,
Айналып өт, дұрысы!

САҒЫНЫШ

Сағынамын...
Нені сағынамын осы мен?
Кімді сағынамын?
Таңға жиналамын, содан соң түнге шағыламын.
Гүлді сағынамын ба,-
Ерініме алқоңыр таңдайын тигізген?
Ымыртты сағынамын ба,-
Шайтанға салқын маңдайын сүйгізген?
Жұмыр басымды сүйрелеп қайта тууды сағынамын ба,
Жоқ, әлде,
«Мама!..» деп, еркелеп күлуді сағынамын ба?..
Әй, әй, еркем...
Жылауды сағынамын-ау осы мен:
Үкінің киесін тамызамын сонда әрбір ғашықтың есіне;
Олар ұғады сонда,-
Қайғы терең болғанда, Құдай жақын болатынын,
Жан нұрлы болғанда, Бақыт өзі қонатынын...
Олар ұғар еді сонда,
Құлақсыз естуді, көзсіз көруді,
Дінге сенуді, яғни, өзіне сенуді!..
Әділдік болмайтынын – әділетсіздік болмаса,
Арман алдайтынын – сенуші дұрыс боламаса.
Сағынамын...
Кімді сағынамын?
Жалпы, сағынып не етемін?
Мендегі ақылға бөтен бұл қазақ, бөтен үн...
Тордағы құс ұшарын ұмытады ғой,
Адамдар да әсте ойламайды екен кетерін.
Әпкемді сағынамын-ау, сол ғана түсінеді,
Биік әніне тартатын құсым еді...
Нені сағынамын осы мен?
Жазуды сағынамын-ау:
Аз сөйлеуді үйрендім, салмақ салмаймын өңешке...
Маңдайым тиеді солай азуға.
Ой, барлық ақын бір-ақ кітапты жазуда емес пе?
Ой, барлық ақын бір ғана көрді қазуда...
Сағынамын...
Басқа амалым бар ма ендігі?
(Бұзушылық сарыным жаны тазаға бола алмайды үлгілі)
Бір ортаға сыймай жүрген қайран басым,
Бір табытқа сыймайтының белгілі.
Кімді сағынамын осы мен?
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын!
Алғашқы іңкәрлікті сағынамын – балалығымды сағынамын,
Жапырақ иісінен тарқатылған қара бұрымды сағынамын...
Сезімді сағынамын,
Арзан сүйістің дәмінен тоналып болғам;
Ең бастысы Өзімді сағынамын,
Қара түнге шыққан да, жоғалып қалған...

ҚҰЗҒЫН

Түн ғана мұңға мұңды қоса алады,
Сүзек жел соқыр тамды тасалады.
Қарайып құзғын отыр там үстінде,
Көзінен қан ағады,
Жас ағады.

Бұл сөзге әуре болма сеніп, құрбым,
Киесін алмағасын теріп қырдың.
Қазірдің өзінде де,
Мен дәруіш,
Құзғынның қызыл көзін көріп тұрмын.

Сарсылам,
Сабыр күтем,
Қасым қағам,
Құзғын кеп таратады шашын маған.
Сұлуға бірте-бірте айналады ол,
Бір гүлі он екіде ашылмаған.

Жалбақтар жалғыз едім барын күндеп,
Ұяты, иманы мен арын білмек.
Сол сұлу мазалап жүр несін мені?
«Мен сенің құлыңмын...» деп,
«Жарыңмын!» деп.

Сен мейлің,
Сенбе мейлің, айтқаныма,
Тәңірдің мына сыйы байытқаны ма?
Неге мен сүйем осы қарағанды,
Құстардың топ-топ болып қайтқанына.

Белгілі сол құзғыннан қашпағаным,
Ішімнен таусыламын,
Бос қаламын.
Әйел боп келеді әлі ол,
Қара да тұр,
Ұсынып у құйылған тостағанын.

***

Өскеменнің түндерінде мұң бар-ды,
Өзен бойы өркеш-өркеш құм қалды.
Жыл да ардақты,
Жылға да ақты тоқтамай,
Көз етімен көсегендей ылғалды.

Жайпау шағыл, жарбақ тастар, жасыл маң,
Жендет-тозаң көлеңкемді қашырған.
Көкжиектен жаңбыр иісі бұрқырап,
Алай-дүлей жапырақтар шашылған.

(Өскеменім – менің өміргүлім ең,
Әр дертіңе таба алсамшы бүгін ем)
...Андыздарын аялаған Ертіс-шал,
Аңыз айтып жатады ылғи түнімен.

Мейлі, ойымды өлең деңіз, сөз деңіз,
Өзен кешіп өскесін бе, өзгеміз...
Шалдан екеу – ақ шағала және мен,
Екеуміз де жоқ іздеген кезбеміз.

Жалмап-жұтып кетпесе егер мені сұм,
Аян саған жеңілісім, жеңісім.
Бақ шаба ма, бап шаба ма, білмеймін,
Ақ шағала, сен аман бол сол үшін!

Жоқ қуаныш, қайғы да жоқ, жоқ күмән,
Білетінім, бұл ән емес ақтық ән.
Білетінім, бір сапарға аттандым,
Көзім алды – көшпелі бу, көк тұман.

Ара-тұра есінейді ауыш қыр,
Жүрегімде толқын атқан дауыс тұр.
Ақ шағала, мүлде адасып кетсем мен,
Жол сілте де, Ертісіммен қауыштыр.

ЖОЛАУШЫ

Мені әкеткен жол ғой десіп,
Келдім тағы бөктерге.
Көкмойнақ бұлт гөй-гөй көшіп,
Гөй-гөй көшіп өткенде.

Таңның көзі қызарғанда
Шашын жайған күз қайда?
Селеу басы ұзарғанда
Ұзатылған қыз қайда?

Шоғыр күндер өте берер,
Жұмырланып бір керім.
Бурыл тартқан бетегелер,
Түсіме еніп жүр менің.

Шоғыр күндей өтеді елес,
Өрт боп қалып сол бір түн.
Бурыл тартқан бетеге емес,
Бала ғашық ол мүмкін.

Жусан уытын бөлісерміз,
Бөле ішерміз, құла дүз.
Сол баламен көрісерміз,
Көріспеспіз, сірә, біз.

Сол күзді әнге бөлеп өтем,
Көк түске орап алам да.
Бір сағыныш керек екен,
Керек екен адамға.

Бағымды өмір тонаса да,
Үрлесе де тұманын.
Жиі айтатын оңашада,
Бір әнім бар,
Бір әнім...

***

...және

Түн екеуміз қалдық, білем, ұшынып,
Жоқ қараймын, көзім асты ісініп.
Бейбақ жұлдыз көшеді кеп көкшілтім,
өткенді еске түсіріп.

Қайта оралғым келгені ме өткенге,
Өткен күннен өткен бақыт жоқ менде.
Жүрегімді жұлып берсем көктемге,
Көктем маған найзағайын төккенде.

Ақындардың көретіні күз бе, әлде,
Ақындардың кешетіні мұз ба, әлде?!
Тағдыр бізді сүйсе деп ек маңдайға,
Тағдыр мұңлы тарта берді бізді әнге.

Қарсы алдымнан шыққан кезде кекеп түн,
Ақ қанжардың жүзінен де көп өттім.
Әлі талай көреріміз бар, тегі,
Арасында өмір-өлім екі оттың.

Мендік үн де емес, білем, ақырғы үн,
Қайран басты – ұрдым, жұлдым, батырдым.
Қалпағымды қисайта сап бір шетке,
Нағыз ақын құсап келе жатырмын.

Беу, жиырмам, таңғы шалғын тектес ең,
Жерге де өсем, көрге де өсем, көкке өсем.
Мен, әйтеуір, күліп жүріп шоқ басам,
Мен, әйтеуір, ойнап жүріп от кешем.

Жалған деген кіріп-шығар бір есік,
Қарсы беттен тұрады ылғи мұң есіп.
Кетем өзім шаршағанда бәрінен,
Көңілі жарым Күз-Досыма ілесіп.

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: Азамат Тасқараның әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан алынды

Ш. Талап