"Қайтқан құстың мұңдантып тiзбе легi..."

"Қайтқан құстың мұңдантып тiзбе легi..."

Ақын Бауыржан Әліқожаның сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін ұсынғалы отырмыз. Күзбен бірге өз махаббатын іздеген оқырманға...

Бауыржан Әліқожа - Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Айтұма» жыр жинағының авторы. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің магистранты.  

Қоштасу

Жайсаң ару, неліктен кесірлендің,
Қалдың жалғыз мұңымен жесір желдің.
Гүл егілген көңілің солған шығар,
Жүрегімнен бейнеңді өшірген күн.

Болмай жатып шаттықтың татып дәмін,
Неге ертерек үзілді бақытты әнің?!
Бал-бұл жанған бал күндер жоғалғандай,…
Енді орнына қоймайды уақыт бәрін.

Бұрынғы ыстық от сезім суынғандай,
Себебі бар демессің мұның қандай?!
Өмірімнен өзіңді артық көріп,
Кеудемдегі сүйіп ем шыбын жандай.

Кірпігіңе ілінді бір шық бүгін,
Өзегімде булыға тұншықты мұң.
Балта шапты сезімге қыңырлығың,-
Бәлкім менің бірбеткей қырсықтығым.

Өткен күнге өткінші, өкінбеспін,
Қалмас мәңгі ызғардың өтінде ешкім.
Көңіл-емен морт сынып құлазыдық,
Деміменен тыныстап жетім кештің...

Жалқы жүрек мақсатқа жете алар ма?!
Ұлы жолда кірмейді не табанға...
Жанды қосқан сол бақта қоштастық та,
Кете бардық айналып екі адамға...

Лайланбаған тұнықтық ең,
Сезім көлі шайқалғандай.
Қиялдаған қылықтым ең,
Саған теңеу айтам қандай?!

Өлеңімнің кейіпкері,
Биікте еді бағаң сенің...
Әрбір ісің сүйікті еді,
Жиып бердің ғалам шерін.

«Бәлкім өсту керек пе» - деп,
Қарамағын сынай маған.
Кетеді деп бөлек-бөлек,
Бізді, жаным, кім ойлаған?!

Жан жарасын таңамыз да,
Қайрылмаймыз арып, жүдей...
Не түсті екен арамызға,
Алшақтанды кәдімгідей.

«Қалған көңіл – сынған айна»,
Сағынады қалпын ол да.
Уақыт-жебе мұң қадай ма,
Қалғандарға жарты жолда.

Өмір кімді қаздаңдатты,
Ісі мығым бар жанда құт...
Тасмаңдайға жазған бақты,
Алмадық па арзандатып?!

Не болса да шүкір дейік,
Осы болмақ біткені ойдың.
Үмітіме үтір қойып,
Сезіміме нүкте қойдым.

Жоғалды сол бір бал күндер,
Тұр ма еді соған күз жылап...
Біреулер бәлкім тағдыр дер,
Жасадық қолдан біз бірақ.

Тағдырдан қашып тағдырға,
Жетектеді ме бір сенім...
Мұңайтқан мына жаңбыр ма,
Көз жасың ба әлде, бұл сенің...

Өтті ғой небір тәтті күн,
Тұратын аңсап, шіркін-ай...
Кетуші ек шалқып, шаттығым,
Ерінің татып құлпынай.

Ақыл да бүтін, дене сау,
Білмеймін неге, торықтым...
Өзгергеніңе емес-ау,
Жалғыздығыңнан қорықтым.

Азапталғаны жанымның,
Сүйгені шығар айыбы.
Келмеске кеткен шағымның,
Мұның да болар қайыры.

Күтуге мәңгі жетер ме ой,
Қорқынышты емес ол да аса.
Ұмыту оңай екен ғой,
Сағыну қиын болмаса...

  

Енді өтерсің бал шақты аңсап мәңгі,
Мен де өлердей сағындым сол шақтарды.
Бүкіл денең бөленіп сағынышқа,
Күтуменен жүрсің бе қарсы ап таңды?

Сыр ашса да төбеңде Ай мұңдаса,
Жеңілдетпес ол-дағы қайғыңды аса.
Қандай бақыт күтетін жан болуы,
Ең жаманы күткенің қайрылмаса...

Болғың келді сезімнен асқағырақ,
Тұрған шығар оныңа тас та жылап.
Жанарыңмен жанымды өртесең де,
Табаныңмен жүректі баспа, бірақ.

Ғұмырымда өзіңді кінәламан,
Тұрғансың да бұйырмай сірә, маған...
Ешкімге де көрсетпе көз-жасыңды,
Ештеңені шешпейді жылап адам.

«Қош!» - десе бақ есікті қаққан күліп,
Кеш болады шырағын жаққанда үміт.
Тілегіңе беймәлім жетерің де,
Жүрегінде жігіттің дақ қалдырып.

Есентай  өзені

Өмір, сенің өзгерген бе ережең,
Неге, бұл маң көкірегіме жаяды «у»?!
Бәрі орнында,
Сол қалашық...
Сол өзен...
Алшақтанған тек жанымнан Ай ару...

Тұсады ақыл ол жайлы ойды желдірген,
Енді ешқашан іздемеуге көндірді.
Беу, «Есентай», саған жалғыз келдім мен,
Табылмастан сырласатын тең құрбы.

Жылы жүзбен жырға орап әр уақытты,
Өтті күндер аққайыңды саялап.
Біз осында тастап кеткен бақытты,
Мына екі жас ұстап отыр аялап...

Ерке өзенім, есіп аққан кешегі,
Саған сонша не көрінді, ей, күрсініп?
Әлі айдардан керім самал еседі,
Баққа орайды...
Тоқтамайды тіршілік...

Қайда кеткен күміс күлкің сыңғырлы,
Жолыңды ізде!
Қоңыр күзге кінә артпай.
Баурайыңда күн түгілі, түн нұрлы,
Мөлдіреп ақ ғашықтарды жылатпай!

Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,
Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.
«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,
Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?

Өлең–өзім екендігін кеш ұқтың,
Түйсік сезім бірін-бірі жеңе алмай...
Енді алдында тұрғаның не есіктің,
Баяғыдай ішіме еркін ене алмай.

Түніменен маза бермей елесім,
Таңды ұйқысыз қарсы алдың ба тағы да...
Бақыт құстың қонарына сенесің,
Жоғалмас-деп- жаралған жан бағыма.

Елегізіп, көше жаққа елеңдеп,
Махаббаттың оңаша айтып қилы әнін,-
Зарықтың ба «жаным қашан келер»-деп,
Бар мұңыңнан құтқарардай дидарым.

Көңіліңнің мені аңсайды айдыны,
Кездесуге тапқысы кеп бір амал...
Жанарыңа жасырынған қайғыны,
Жасың жусын ағыл-тегіл жылап ал...

Өмір–сынақ абайсызда сүрініп,
Шыны–ғұмыр кетпесе екен бүлініп...
Қауышатын кезге сеніп,
Бір үміт...
Тұрды үзілмей кірпігіңде ілініп.

Жазың да өтер, ертең-ақ күз келедi,
Қайтқан құстың мұңдантып тiзбе легi.
Кең өмiрдiң iшiнен таппағанда,
Өлеңiмнiң iшiнен iзде менi.

Сонда көңлiң толады қайта нұрға,
Онда небiр сезiмдер шайқалуда.
Ыждаhатпен түсе алсаң әрбiр жолы,…
Жүрегiме бастайды байқадың ба?

Екеумiздi ынтызар ете бiлген,
Тағдырыма мың шүкiр етемiн мен.
Бiр кездерi ол жерде сен бар едiң,
Алыс кеттiң қалайша мекенiңнен?!

Үзiлсе үмiт бiлмеймiн жалғана ма,
Иек артып келемiн таңға дара.
Қалды онда сатпайтын жалғыз досым,
Менi жақсы көретiн Алла ғана!

Бұтақтары көңiлдiң жайқалып әр,
Салтанатын кез келдi қайта құрар.
Жүрегiмнiң алшаң бас көшесiнде,
Жақсы көрген жандарға жай табылар.

Қонысыңа жайғасқын құтты, мiне,
Терең бойлап барғайсың нық түбiне.
Ендi бүгiн бос қойма тұрағыңды,
Кел, құлыным, ене ғой түкпiрiне!

Дайындаған: Фараби Арыстанбек

Сурет: budemdobree.ru; taymi.beon.ru; skyscrapercity.com; gorod.tomsk.ru 

Л. Лига